Жұма, 10 мамыр, 07:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Құт қонған шаңырақ

31.07.2023

222 0

 «Отбасы бақытының сыры неде?» деген сауал кім-кімді де алаңдататыны шындық. Үйде тыныштық, түсіністік, береке, сыйластық болса, ол шаңыраққа бақ пен ырыс қонақтап, береке бірлік орнайды. Бұл тәлім кез келген адамға ой салады.

«Ертеде бір жас жігіт отбасы ішінде қалай бақыт пен тыныштық орнатуға болатынын іздейді. Адамдар оған «Пәлен ауылда бір шал мен кемпір бар, білсе солар біледі бақытты тұрмыстың сырын, өйткені олардың ұрысқанын, бір-біріне дауыс көтергенін әлі ешкім көрген емес» дейді.

Жас жігіт оларды іздеп барып, амандасып, хал-жағдай сұрасқаннан кейін үй иесіне келген себебін айтады. Қарт кісі қонақты дастархан басына шақырады. Кемпірі дастарханға бір қауын әкеледі. Қарт кісі қауынға бір қарайды да, кемпіріне «Бұл қауын онша піспегенге ұқсайды, ауыстырып әкелесің бе?» дейді. Әйелі «жарайды деп қауынды кері әкетіп, тағы бір қауын әкеледі. Күйеуі «Бұл да болмады, тағы басқасын көрші» дейді. Әйелі тағы алып кетеді. Қарт кісі келген қонаққа «Әйелім онша таңдай алмаса керек, кеттік бірге барып таңдап келейік» деп екеуі асүйге кіреді. Әлгі жігіт асүйге кіргенінде бір ғана қауын тұрғанын көреді. Қарт кісі қонаққа қарап «Отбасы бақытының сырын түсіндің бе?» деп сұрайды. Жас жігіт «түсінбедім» деп жауап береді. «Балам, үйде бір ғана қауын бар еді. Мен оны білемін, менің білетінімді әйелім де біледі. Мен қауынды алып кетіп басқасын әкел дегенімде, «жарайды» деп әкетіп, соны қайта әкелді. «Ей, шал, сен алжығанбысың, үйде бір ғана қауын бар, не айтып тұрсың?»  демеді. Мен бір нәрсе айтқанымда әйелім қарсы шықпай, дереу айтқанымды орындайды. Ол да бір нәрсе айтса мен де оның көңілін қалдырмаймын. Сол себепті ұрыс-керіс  болмайды. Отбасы бақытының сыры осы» деген екен.

Қызылөзектік Сапаржановтар отбасындағы  тәлім-тәрбиені көргенде әлгі қария айтқан өнегелі мысал ойыма оралды. Өнегелі шаңы­рақта тәрбиеленген келінінен, қызынан, неме­релерінен де биязылық пен сыпайылық лебі еседі. Тонның ішкі бауындай үйлесім тапқан ұядан тәрбие алған немерелері де адал еңбектің қадірін ұғып өскені сезіледі.

Отағасы Айдарбек Сапаржанұлы 1952 жылы қазіргі Сырдария ауданында дүниеге келген. Әскери борышын өтеген соң Қызылорда қаласында «Автобаза» ме­кемесінде жүргі­зуші болып жұмыс істейді. 1973 жылы жұбайы Жақсыгүл Сейітназарқызымен отау құрып, Қараөзек совхозына қоныстанады. Екеуі 7 бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде  ұл-қыздарынан 19 не­мере сүйіп отырған ардақты ата мен әже.

Балаларының  барлы­ғын жоғарғы оқу орын­дарында оқытып, со­ларды ел  қата­рына қосуда еңбек етуден жалықпаған өне­гелі шаңырақ ие­лерінің отау құр­ғандарына биыл 50 жыл толып отыр.

Отанасы Жақсыгүл апа мектепте матема­тика пәнінің мұғалімі, балабақшада тәрбиеші қыз­метін абыроймен атқарып, бейнетінің зейнетін көріп отырған алтын құрсақты ана. Осы уақытқа дейін Сапаржановтар отбасы ауылдағы өнегелі әулет қатарында танылып, көптеген марапат мен алғысқа бөленіп, құрмет төрінен көрініп келеді. 

Олардың тұңғыш перзенті Жадыра Сапаржанова  №39 Қызылөзек орта мектебінде орыс тілі пәнінің мұғалімі. Отбасылы, 5 бала тәрбиелеп отыр. Балалары оқу озаты, мектеп белсендісі. Екінші қызы Лаура Сапаржанова  №39 Қызылөзек орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Отбасылы, 2 бала тәрбиелеп отыр. Үлкен қызы алтын белгі иегері. Үшінші қызы Жазира Сапаржанова №39 Қызылөзек орта мектебінде әлеуметтік педагог. Отбасылы, 4 бала тәрбиелеп отыр. Ұстаздық жолында облыс, қала әкімдерінің алғыс хат­тарымен, «Үздік педагог» номинациясымен, бірнеше диплом, алғыс хатпен марапатталған. Төртінші қызы Жанат Сапаржанова ағылшын тілі пәні мұғалімі мамандығы бойынша жоғарғы оқу орнын үздік бітірген. Отбасылы, 3 бала тәрбиелеп отыр.    

Ұлы Сейфулла Сапаржанов уни­вер­ситетті инженер-механик ма­мандығы бойынша бітірген. Қазіргі уақытта жеке кәсіпкер. Жұбайы Лаура №39 мек­тепте информатика пәнінің мұғалімі. Екеуі 3 бала тәрбиелеп отыр.

Кіші ұлдары Амангелді Сапар­жанов мұнай және газды қайта өң­деу ма­ман­дығы бойын­ша Қорқыт ата кол­леджін бі­тірген. Өкінішке қарай, 2010 жылы дү­ниеден озып, артында 2 баласы қалды. Жұбайы Меруерт №39 мектепте дене шынықтыру пәні мұғалімі. Қазіргі уа­қытта қара шаңырақта ата-енесіне қарап, шаңырағының отын өшірмей отырған әулеттің аяулы келіні.  

Бұл әулетті анасының жолын қуған ұстаздар династиясын жалғастырушылар деп атауға да негіз бар. Өнегелі отбасы­ның отағасы Айдарбек ағамыз зейнетке шықтым деп қарап отырмай, бау-бақша егіп, үйдің айналасын гүлдендіріп отыр. Қазір үлгілі отбасының бақшасында грек жаңғағы өсіп, айва жемісі  түйнек салып тұр. Үйдегі қазыналы қарт қаз, үйрек, тауық, бөденеге дейін өсіріп, тіршілікке нәр беріп отыр. Немерелеріне бейнетсіз рахат болмайтынын үнемі айтып, оларды адал еңбекке  баулуда. Атасының өнегесін үйренген немерелері әртүрлі темір бөлшектерінен мотоцикл, машина құрастырып жүр.

«Байлықтың атасы – еңбек, анасы – жер» демей ме, дана қазақ. Бұл әулет ерен еңбегімен ауылдастарына үнемі үлгі көрсетіп келеді. Сапаржановтар биылғы  «Ме­рейлі отбасы» байқауы­ның ІІІ дәреже­лі дип­ломымен марапат­талып, құрметке бөленді.  Өмірлері өне­­­гемен өрілген от­­­басына табыс ті­лейміз.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: