Қызылорда қаласында жастар мен тұрғындар арасында есірткінің таралуының алдын алуға бағытталған кең көлемді акция ұйымдастырылды. Іс-шараны Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері бірлесіп өткізді.
Акцияның негізгі мақсаты – қоғамда есірткіге қарсы көзқарасты қалыптастыру, заңсыз есірткі жарнамаларының таралуына тосқауыл қою және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Шара барысында қала көшелеріндегі ғимарат қабырғаларына, қоршауларға және қоғамдық орындарға жазылған есірткі сататын интернет-дүкендердің мекенжайлары бар граффити жазулары анықталып, арнайы бояулардың көмегімен өшірілді. Мамандардың айтуынша, мұндай жазбалар жастарды есірткі бизнесіне тартудың және тыйым салынған заттарды интернет арқылы таратудың кең таралған тәсілдерінің бірі болып саналады.
Сонымен қатар акция аясында тұрғындарға ақпараттық буклеттер мен жадынамалар таратылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Полиция қызметкерлері мен еріктілер есірткінің адам денсаулығына тигізетін зияны, есірткі қылмыстары үшін көзделген жауапкершілік және күмәнді жарнамаларды байқаса, құқық қорғау органдарына хабарлау қажеттігі туралы мәлімет берді.
Ұйымдастырушылар мұндай профилактикалық шаралардың қоғамда есірткіге қарсы тұрақты ұстаным қалыптастыруға, тұрғындардың белсенділігін арттыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал ететінін атап өтті.
Есірткіге қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Осыған орай қала аумағындағы заңсыз есірткі жарнамаларын анықтау және жою жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.
А.АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
