Қызылорда қаласындағы №101 Әли Мүсілімов атындағы мектеп-лицейінде жастар арасында нашақорлық пен құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шара «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында Қызылорда облысы Полиция департаменті қызметкерлерінің қатысуымен өтті. ZOOM платформасы арқылы кездесуге облыс көлеміндегі барлық мектеп оқушылары бір мезетте қосылды.
Кездесу барысында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, Киберқылмысқа қарсы күрес және Қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының өкілдері дәріс оқыды.
Шара барысында оқушыларға есірткінің зияны, буллинг пен кибербуллингтің салдары, интернет қауіпсіздігі ережелері, лудомания мәселесі және зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдары жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар есірткі айналымына қатысқаны үшін қарастырылған қылмыстық жауапкершілік туралы кеңінен ақпарат берілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, жауапкершілікті мінез-құлықты қалыптастыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді.

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!