Сенбі, 04 мамыр, 17:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Республика күні – ұлттық мереке

24.10.2022

1379 0

Биылдан бастап елімізде 25 қазан – Республика күні ұлттық мерекеге айналды. Тәуелсіздіктің алғашқы баспалдағы, егемендіктің бастауы болған бұл мерекені қайта енгізудің маңыздылығы қандай? Осы жөнінде сауалнама жүргізген болатынбыз.

1. «Республика күні» жайлы не білесіз?

2. 25 қазан – Ұлттық мереке. Сіз үшін бұл күннің маңыздылығы неде?

3. Жастардың бойында патриоттық сезімді қалай нығайтамыз?

Ұлбосын Жұмабекова, Ә.Құдабаев атындағы №197 мектептің  көркем еңбек пәнінің мұғалімі:

1.1990 жылдың 25 қазаны күні Қазақ Кеңестік Социалистік республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданған болатын. Декларацияда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Содан бері алғаш рет «Республика күні» мемлекеттік мереке болып 1995 жылы жарияланды. Студент кезімізде 25 қазан – Республика күні ретінде жоғары дәрежеде тойланатын. Орталық алаңда түрлі іс-шаралар өткізіліп, белсенді студенттер қатысатынбыз. Он жылдан астам уақыт бойы ұмыт болған Республика күні қайта оралды. Бұл айтулы мерекенің елдің өсуі мен дамуына септігі зор.

2. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың  25 қазан – Республика күнін ұлттық мереке ретінде қайтарғанына өте қуаныштымын. Бұл күн Қазақстанда тұратын барша азаматтар үшін маңызды. Өйткені егемендіктің бастауы. Сондықтан бұл күнді ұлттық мереке ретінде бекіту  – жаңа Қазақстанның дамуына бастар маңызды қадам деп есептеймін. Болашақта Ұлттық мереке тәуелсіздікті насихаттауға және нығайтуға ықпал етеді.

3. Жастардың бойындағы патриоттық сезімді ояту үшін оларға бұл күннің қандай маңыздылығын,  егемендігіміздің оңайлықпен келмегенін, осы күнге жету жолында құрбан болған батырлардың ерлігін айту керек. Сонымен қатар тілімізді құрметтеп, өз елімізде өз тілімізде сөйлеуді насихаттау керекпіз.

«Республика күнін» атап өту шаралары білім беру ұйымдарында басталып кетті. Өзім еңбек ететін Ә. Құдабаев атындағы 197 мектепте  оқушылар арасында «Менің Қазақстаным» атты сурет байқаулары, «Мен – өз елімнің патриотымын» атты ән байқаулары өткізілуде. Сонымен қатар жоғары сынып оқушыларымен де тәрбиелік маңызы бар іс-шаралар жоспарға сай өткізіліп жатыр. Мұның бәрі жастарды Отанды сүю арқылы бақытқа бастар даңғыл жолы деп ойлаймын. Қазақстанның кез келген азаматын отансүйгіштік, патриоттық рухта тәрбиелеудің орны бұрын да ерекше болған. Бүгінгі күніде маңызын жойған емес. Кез келген елдің дамуы саналы азаматтар қатарының көбеюімен де байланысты. Себебі болашақ – қазақ жастарының қолында. Ал осы жолда тайсалмай, ерінбей еңбек ететін болсақ, өз үлесімізді қосарымыз анық.

Аягөз Айдарханқызы, 3 қалалық емхана бас дәрігерінің пациенттерді қолдау және ішкі сапаны бақылау жөніндегі орынбасары:

 1.Республика күні – еліміздің  тәуелсіздік жариялауына негіз болған айтулы күн. 1990 жылы дәл осы күні Қазақ елі декларация жариялап, мемлекеттің тәуелсіздігін айқындады.  Қазақстан егемен ел ретінде толық қалыптасып қана қоймай, зор жетістіктерге қол жеткізді. Дегенмен соңғы жылдары бұл күн мереке ретінде тойланбайтын еді.

Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Республика күні 25 қазанда Ұлттық мереке ретінде атап өтілетін болды. Бұл ретте, Республика күні мен Тәуелсіздік күні түрлі мағыналық мазмұндағы мерекелер мен шығу тарихы жағынан өте маңызды мейрам екенін атап өткен жөн. Бұл күн мемлекетіміздің қалыптасу тарихы ұлықталатын, өткеннің өнегесін өскелең ұрпаққа насихаттайтын күн болмақ. Сондықтан да осы күннің маңызын жастарға ұғындыра білу аға ұрпақтың міндеті болмақ.

2. Ұлттық мереке бізге егемендік пен тәуелсіздіктің оңай жолмен келмегенін, тарих көшіндегі ата-бабамыздың арман-аңсарының толық жүзеге асқанын еске салатын күн болып қалмақ. Ерен ерлікпен келген мемлекетіміздің дамуына өз үлесімізді қосуымыз қажет. Бұл күннің кең көлемде тойлануы отанға, елге деген сүйіспеншілікті оятуы қажет. Сондықтан да патриоттық шаралар ұйымдастырылған жөн. Республика күні деген атының өзі айқындап тұр. Бұл мерекенің маңызды екенін түсіне білуіміз керек. Қазақтығымызды айқындайтын ұлттық мереке ретінде тойлануы бізді шын қуантады.

3. Қазіргі уақытта көбінесе біз үлкен кісілерден «Біз жас кезімізде патриот едік, намысшыл едік, бүгінгі жастар өзгерген» деген сөздерді естіп қаламыз. Сондықтан жас буынның елге, отанға деген құрметін ояту қажет. Ел басына күн туғанда туған жерді, елді қорғайтын өздері екенін түсіну керек. Отанды жақсы көру қажет. Еліне қорған болар азаматты тәрбиелеу – біздің міндетіміз. Ол үшін ең бірінші ар-намысты болуды үйрену керек. Намысы бар адамның бойында ерлік, батылдық пайда болады. Қазақ тіліне деген құрметтері оянуы үшін, қазақ тілінде сөйлеп үйрену де маңызды. Тілін сыйламаған адам, ұлтын сыйламауы мүмкін. Елге, отанға деген құрмет қазақ тіліне деген  құрметтен басталады деп ойлаймын. Мағжан Жұмабаевтың «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін» деген сөзінде үлкен мән жатыр. Қазақ жастары Республика күнін ұлттық мереке ретінде тойлап қана қоймай, ерлікпен құрылған мемлекетті қорғауға дайын болуы  ең маңызды мәселе. Яғни осындай айтулы күндер жастардың туған елге деген сүйіспеншілігін арттыра түседі ден сенеміз. Елдің ертеңгі іргесі берік болу үшін бүгінгі жастар сапалы білім алып, білікті мамандар қатарын толықтыруы қажет.

Нұрсұлу Ажарова, жеке кәсіпкер:

 1.Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Республика күнін қайтару – өткен тарихымызға құрмет. Мемлекет іргесін қалаған маңызды қадамның символы» деп атап айтты. Сондықтан да бұл күнді ұлттық мереке ретінде кең көлемде атап өтудің маңызы зор. Республика күнін тойлау – әрбір жас ұрпаққа ұлттық рух, ұлтты насихаттауға серпін береді. Себебі бір күн бойы отанымыз жайында айтылып,  ақпараттар беріледі. Соны көріп өскен баланың елге деген құрметі артады. Елімізде тұратын әрбір азамат мемлекеттің  дамуына үлес қосуға міндетті. Қазіргі уақытта кәсіпкерлерге мол мүмкіндік жасалуда. Біз де кәсібімізді кеңейте отырып, ауылдың, ауданның дамуына үліс қосқымыз келеді.

2. Бұл күн ел тарихында ерекше маңызға ие болуы тиіс. Мемлекеттік деңгейде тойланып, елімізде тұратын барша ұлт пен ұлысқа керемет көңіл-күй сыйлауы қажет.  Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өту – жастарға патриоттық сезім сыйлайды. Сондықтан да Респулика күнін қайтару – үлкен жетістігіміз деп білемін. Егеменді елімнің туы тұғырына қонған ұлттық мерекесі құтты болсын. Бұл күн ақпараттық түрде кеңінен насихатталса әрбір адамның жүрегінде Отанға деген ерекше сезім ұялайды. Ұлттық мерекеге де елімізге де әрбір ұрпақтың құрметі арта түссе екен деп тілеймін.

3. Егемен елдің бүгінгі ұрпақтарын ата-бабаларымыздың салт дәстүрімен сабақтастыра отырып, тәрбиелеу – ең өзекті мәселенің бірі. Тәрбие дұрыс болған кезде ғана отанға, елге деген құрмет арта түседі. Жастар еңбек етуді үйрену қажет. Жұмыссыз жүретін жастар көп. Соларды түрлі кәсіп ашуға, табыс табуға үйрету арқылы мемлекетке деген сенімін арттыруға болады. Қазіргі уақытта «мемлекет ештеңе жасап жатқан жоқ» деп, бәрін өзгеге ысырып, дым істемей жүретіндер көбейген.  Аталар-әжелер мектебін көбейту қажет. Ұлттық өнерді насихаттау арқылы ұлтқа деген сезімді күшейтуге болады. Ұлттық құндылықты арттыру – ең маңызды мәселе. Отансүйгіштік сезімді дамыту, ұлттық салт-дәстүрді сақтау, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, ана тілін қадірлеу сияқты сезімдерді жастар бойында қалыптастыру – аға буынның міндеті. Яғни барлығы да дұрыс тәрбиемен тығыз байланысты.

Ерсін Шамшадин, облыстық «Ақмешіт жастары» газеті бас редакторының орынбасары:

1. Алдымен аталған мереке бүгін пайда болмағанын айта кеткен дұрыс. Олай дейтініміз, алғаш рет Республика күні мемлекеттік мереке болып 1995 жылы қазанда жарияланған болатын. Бұл жарлыққа сол кездегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған. Оған қоса мерейлі мерекені 25 қазан күніне жоспарлауы да тегін емес. Себебі 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР-ның егемендігі туралы декларация қабылданып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері нақталанған еді.

Ал 2009 жылы аталған заңға өзгеріс еніп, 30 тамыз – Конституция күні, ұлттық мереке болып жария етілсе, Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды. Міне, осылайша 13 жылдан кейін айтулы дата қайта оралып, өзіндік маңызға ие болуда.

2. Республика күніне дәлме-дәл баға беру, маңызын тану үшін Тәуелсіздік мерекесін де айта кету қажет. Себебі қос мерекенің статусы, символикалық мәні жуықтас, бір-бірін айқындай түседі. Тәуелсіздік мерекесінде халықтың өткені, егемендік жолындағы күресіне назар аударылса, Республика күнінде мемлекеттің бүгіні мен болашағына басымдық беріледі. Атап өту үрдісін айқындауда осы ұстаным үлкен рөл атқармақ. Алғашқысында тарихи зерттеулер, жалпыұлттық және өңірлік азаттық күрестерін дәріптейтін шаралар қолға алынса, соңғысында замануи жетістік пен ел дамуына түрткі болатын жобалар жүзеге асырылады. Сондықтан болар, Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін беру – ең маңыздысы бүгін мен болашақ екеніне ишара.

3. Әрине, жастардың патриоттық әлеуетін көтеру төңірегінде кеңес беру орынсыз. Себебі бұл аяулы сезім индивидтік ерекшелік пен өскен орта, социумның насихатына сай құбылады. Алайда «Бүгінгі жастың ұғымындағы отансүйгіштік қандай?» деген пікірді қаузап көрейін. Мүмкін, сіз күткен жауапқа жарап қалар.

Қызығы, бүгінгі жастардың отансүйгіштік деңгейі қоғамның мемлекетке, локальді жүйеге деген сенім көрсеткішімен өлшенуде. Қарапайым тілмен айтқанда, халық басқарушы биліктің саяси-экономикалық шешіміне разы болса, жастардың да көңілі тоқ. Демек бұқараның кез келген әлеуметтік мәселесін шешу – жастардың отансүйгіштік динамикасына оң әсер етеді деген сөз.

Дайындаған: Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: