Жексенбі, 25 ақпан, 11:33

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№16 (2026)
24.02.2024
PDF мұрағаты

Сәлем салу салты ғой бұрынғының

27.08.2022

2035 0

Қазақ халқы қашанда сәлем салуға үлкен мән берген. Өйткені оның маңызын терең түсінсе керек. Жаңа түскен келіннің ең бірінші міндеті осыдан бастау алады. Қайын жұртына деген құрметін осылайша білдіреді. Жас келін үй үлкендеріне күнде сәлем салып, ибалық танытады. Ал олар «бақытты бол», «өркенің өссін», «қосағыңмен қоса ағар», «ұл тап»  деген жылы сөздерін айтып, ақ батасын береді.

Алайда бұл дәстүр көп жерде ұмытылып бара жатқандай. Себебі  қазір сәлем салдыратын үлкендер азайған. Көбі «Келінді өз қызымдай көремін» деп орамал тақтырмайды. Сәлем сал­дырмайды. Әрине, мұндайға жас келіндер қуан­баса, еш реніш білдірмесі анық. Бірақ келіннің аты келін емес пе?

Өкінішке орай заман ағымына еріп, салт-дәс­түрдің тереңіне бойламай, мағынасын түсінбей, арамызда қателесіп жүрген жандар да бар. Олай дейтініміз, жаңашыл көзқарас сәлем салуды құп көрмейді. Ескінің ұстанған салт-дәстүрі деп қарайды. Сонымен қатар біздің өңірде үлкен астан кейін тамақ алғанда сәлем беретін жақсы үрдіс қалыптасқан. Бірақ оны басқа жақтан кел­­ген қазақтар түсінбей жатады. Сәлем салу – әдеп­­тіліктің белгісі. «Сәлем түзелмей әлем тү­зелмейді» деп қазақ бекер айтпаса керек. Ол үл­кен тәрбиенің қайнар көзі. Сондықтан осындай әдет-ғұрыпты көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Мұндай құндылықтарды ертеңгі ұрпаққа сол қалпында жеткізу – басты міндет. 

– Біздің кезімізде ата-анамыз қыздың тәрбие­сіне қатты мән беріп, «қызды қырық үйден тыю» деген нақылды берік ұстанды. Мен ата-енемнің босағасын  аттағанымда небәрі 17 жаста болдым. Бүгінде отағасы екеуміз 6 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық. Қазір олардан 35 немере, 16 шөбере сүйіп отырмыз. Әлі күнге дейін қайын жұрттағы үлкендерді көргенде орнымнан ұшып түрегеліп, сәлем беремін. Құдайға шүкір, өзімнің 6 келінім бар. Бәрі де бір үйдің баласындай тату-тәтті, ауызбірлігі бекем. Салт-дәстүрді берік ұстанатын біздің өңірде келіндік міндеттің жауапкершілігі зор. Оларға үнемі үйге келген қонаққа сәлем салуды, күліп қарсы алуды айтып отырамын. Қазіргі кезде жас енелер өздерін үлкен көргісі келмейді. Сол себепті сәлем салдырмайды. Жас келіннің үйдегі орнын түсіндірмейді. Осыдан келіп арада бәсекелестік пайда болады. Бір-бірін сыйлаудан қалады. Келіннің жақсы болуы тікелей енеге байланысты. Оның міндетін барынша түсіндіріп, жәй сөзбен ақыл айтып отырсаң олар сенің айтқаныңды екі етпей орындайды, – деді көпбалалы ана Үміт Залиева.

Адамды салған сәлеміне қарап тануға болады. Әр елдің салт-дәстүрі, әдет-ғұрпына, тұр­мыс-тіршілігіне сай сәлемдесудің түрлері де әртүрлі. Алайда барлығының түпкі мақсаты бір. Ізет, сый-құрмет көрсету. Мәселен, қазақ халқы қол берісіп, төс қағыстырып, аттан немесе көліктен түсіп сәлем беріп, амандық сұрасады. Алайда қазақ келіндері үшін сәлем салудың өзгеше жоралғысы бар. Атап айтсақ, еліміздің әр аймағында келіндердің сәлем салу тәсілі әрқалай. Бір өңірде екі қолын айқастыра иіліп сәлем салса, батыста оң аяғымен тізерлеп тағзым етеді. Таң сәріде ата-енеге иіліп сәлем салу, дәрет суын дайындап, асатаяқты есіктің босағасына сүйеп қойып, аяқ-киімдерін киюге ыңғайлау – кез келген келін үшін міндет. Арамызда мұны ерсі көріп, сәлем салған келінге не айтарын білмей, абдырап қалатындар да жиі кездеседі. Кей кісі­лер­дің қобалжығаны сонша, келіннің қолына жар­ма­сып, иілсе өздері де қоса иілгенді көзіміз көріп жүр.

– Келіндік міндетімді атқарып келе жатқаныма 5 жылдай болды. Құдайға шүкір, екі баланың анасымын. Ата-енеммен бірге тұрамыз. Сол кісілердің жағдайын жасап, ақ батасын алу – менің негізгі жұмысым. Басымнан орамалым түспейді. Күйеуімнің туыс­тарын көрген бойда иіліп сәлем де саламын. Жалпы сәлем салу ата-бабаларымыздың өмір тәжірибесінен қалыптасқан дәстүрдің бірі ғой. Оны келесі буынға жаңа дәуірдің озық үлгі­лерін сіңдіре отырып, түпкі мән-мағынаны барынша түсінікті етіп жеткізу керек деп ойлаймын. Қайынжұртқа деген сый-құрметтің ең бір үлкен нышаны іспетті болғандықтан, ата-ене де жаңадан келіп түскен келінді сәлем салуға міндеттеу қажет, – деді жас келін Әйгерім Құттымұрат.

Мақаланы дайындау барысында әлеуметтік желіні бір шолып шықтық. Бір қызығы, желіде тараған бейнежазбалардың ішінен Маңғыстау өңірі келіндерінің сәлем салуы бізге ерекше көрінді. Ақтаулық келіндер қазақ халқының ұлттық дәстүрлерін әлі күнге дейін көзінің қарашығындай сақтап келе жатқандай. Оңтүстіктің келіндері бұл үрдістен жаңылмай,  үлкенге ізет көрсетіп, сәлем салуды ерекше құрметтейді. Бір өкініштісі, еліміздің солтүстігінде ұлттық түп-тамырымыз сәлем салу салты жойылудың сәл-ақ адында. Тіпті ол жақтың кейбір жас келіндері үлкенге сәлем салмақ түгілі, мұндай дәстүрдің бар екенін де білмейді. Өкінішті…

Ал сәлем салудан кімдер босатылады? Үлкендердің айтуы бойынша, күйеуі бақилық болған келіндерді сәлем салу салтынан босатқан. Ондағы мақсаты – «Келіннің ендігі жерде басы иілмесін! Жүзі төмен қарамасын! Қызымыздай болсын!» деп көрсеткен ақ көңілді ниеті. Сондай-ақ ата салтымыз бойынша жүкті әйелге иіліп сәлем салмауына рұқсат еткен. Әсіресе әулеттің үлкендері, қайын ағалары аяғы ауыр келіннің көзіне көрінбеуге тырысып, маңынан алыс жүру­ге талпынған. Өйткені олар алдымен жүкті келін­дерін ыңғайсыз жағдайға қалдырмауды ойлаған. Әрдайым сәлемін білдіріп жүрген келін бір жағынан иілмеуге қысылады, ұялады. Ал екінші жағынан, күйеуінің бауырлары ондай сәтте келінге келін деп емес, болашақ ана деген көзқараспен қарап, құрметін солай көрсеткен.

«Сәлем сөздің – анасы». Ендеше, сәлеміміз түзу болсын.

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: