Сейсенбі, 28 мамыр, 07:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№41 – 2051
25.05.2024
PDF мұрағаты

Сайлау елді бөлетін емес, біріктіретін науқан болуы керек – Президент

26.01.2023

462 0

ҚазАқпарат – Біздің «Әртүрлі көзқарас, біртұтас ұлтқа» негізделген қағидатымыз мызғымайды. Саяси радикализм мен экстремизмнің кез келген түріне елімізде орын жоқ. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сенат отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Демократия – бұл, ең алдымен, өз сөзің мен ісіңе жауапкершілікпен қарау. Бәріміз бір шаңырақ астында өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан әрбір азамат, кез келген қоғам қайраткері, барша саяси күш ел болашағы үшін өзінің тікелей жауапкершілігін сезінуі қажет.

Барша отандастарыма айтарым: әлемде бұрын-соңды болмаған күрделі геосаяси ахуал кезінде еліміздің тыныштығы мен ырыс-берекесін сақтау тек өзімізге, бірлігіміз бен ынтымағымызға байланысты. Тәуелсіздігімізді сақтау және оны нығайту аса маңызды міндет екенін тағы да еске саламын. Бұл – халқымыздың басты құндылығы», – деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, біз конструктивті реформа бағытымен алға қарай нық қадам басып, мемлекеттілігімізді нығайтып, қоғамды біріктіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Саяси жауапкершіліктің биік мәдениеті мен азаматтарымыздың шынайы патриотизмі мұның кепілі бола алады. Әрқайсымыз өзара тілеулестік қағидатынан айнымауымыз керек. Сонда ғана тең мүмкіндіктер мен дамуды ту еткен Әділетті Қазақстанды құрамыз.

«Бірнеше аптадан кейін саяси науқан басталады. Кандидаттар үгіт-насихат жұмысына кіріседі. Олар дауыс жинау үшін түрлі тәсілдерді қолданады. Бұл – қалыпты демократиялық үдеріс.

Қазақстанда пікір алуандығына ешқандай шектеу қойылмайды. Заңға қайшы келмейтін барлық іс-әрекетке рұқсат беріледі. Дегенмен, бір нәрсені бәріміз қаперде ұстауымыз керек. Сайлау елді бөлетін емес, біріктіретін науқан болуы керек.

Тағы да айтқым келеді: үміткерлер қоғамға іріткі салатын әрекеттен аулақ болғаны жөн. Аңдамай айтылған артық сөз немесе ойланбай жасалған оқыс қадам бүкіл елдің болашағына кесірін тигізеді. Әрбір отандасымыз осыны дұрыс түсінуге тиіс», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: