Жексенбі, 28 сәуiр, 19:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

Екі мәрте егіз перзент әлдилеген Индира

31.07.2023

199 0

«Ерлік білекте емес, жүректе» дегенді  дана халқымыз тектен-тек айтпаса керек. Жүректілік емей немене, 2012 жылы Нұрсұлтан, Ерсұлтан есімді егіз ұлды өмірге әкелген жас ана араға 4 жыл салып тағы да егіздерді бауырына басты. Оларға темірдей тегеурінді болсын деп Темірәлі мен Темірғали деген көркем есім берді. Осылайша,  Индира Елеусінова небары 34 жасында 8 баланың анасы атанды. 

Замандастары үлгі тұтқан отанасы­на біз бірнеше сауал­дарды жолдап та үлгер­дік. Үйелмелі-сүйел­мелі 8 баламен жал­ғыз өзі бар­лығына қалай үлгеретінін сұраған едік.

– Адамда ниет болса, бар жұ­мысың сәтті жүреді. Менің балаларым үйдің ішкі тәртібіне дағдыланған. Бір-біріне қамқор болып, әр затты өз орнына қоюға кішкентайы­нан үйренді. Оларға дауыс көтеріп, айғайлап сөйлеу біздің отбасында болмаған. Әке­лері математикаға өте зерек. Балаларға есеп үйретуге ерінбейді. Біз әкесі екеуміз от­басымыздың қаржы­сын жос­парлап жұм­са­ғанмен, бала тууды жос­пар­лап, оған шек­теу қою де­генді ойла­мап­пыз. Әр бө­бегімізді Алла­ның бер­ген  сыйы деп қабылдап, бар жан-тәнімізбен әкелік, ана­лық мейіріммен әлпеш­теп ба­ғып, өсіріп келеміз. Үлкеніміз – 2004 жылғы, есімі Динара. Кіш­кентайынан үй шаруасымен қоса, бала бағуға қолғабыс етеді. Одан кейін араға 1 жыл салып Бекнұрымыз өмірге келді. Ал 5 жылдан кейін 2010 жылы Нұрисламымыз, сосын 2012 жылы алғашқы егіз ұлымыз Нұрсұлтан мен Ерсұлтан, 3 жыл­дан соң Нұрия қызымыз дүниеге келді. Екінші егіз –Темірәлі мен Темірғали. Күміс пен алтын алқаны қатар алдым. Шүкір, біздің елімізде батыр аналарға деген құрмет жоғары ғой. Тек бейбітшілік болса, балаларым әлі-ақ ержетіп, еліне қызмет етеді деп ойлаймын. Бала деген адамның бауыр еті, бақыты, байлығы ғой. Мен осы егіздерді көтергенде ерекше түс көрдім.  Екі ер адам келіп,  екі қолыма екі баланы  ұстатты да, ғайып болды. Сол түс көрген күннің ертеңіне УЗИ-ға түстім. Өз көзіме өзім сенбедім. Дәрігердің қорытындысын көріп, қуанып кеттім. Ол құрсағымда егіз бала бар екенін айтты. Жан- дүниемді кернеген шаттық сезімін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ана бақыты ешбір байлыққа тең келмейді» дейді жүзі балбұл жанған бақытты ана.

Осындайда бір данышпанның айтқан мысалы ойыма келіп тұр дейді ол әңгіме үстінде. «Бірде данышпанға бір әйел келіп: «Бұл өмірде менен сорлы, менен кедей жан жоқ. Жағдайым өте қиын. Сіз маған көмектесе аласыз ба?» – дейді. Данышпан қыздың қолындағы сәбидің басынан бір сипады да, жымиып тұрып:

–  Кедеймін де… Егер менің көмектескенімді қаласаң, сәбиіңнің бір саусағын маған сат.

Данышпанның бұл сөздеріне таңырқаған қыз «мына кісі мені мазақ етіп тұр ма» дегендей кейіп танытты.

Алтынға толы бір қапты ұсынған данышпан:

–  Мен балаңның тырнағын сатып алуға да келісемін, ауруды сездіртпей аламын.

Мына сөздерге шошып кеткен ана баласын құшағына қаттырақ қысып кетуге асықты.

–  Бар болғаны тырнақ қой. Оның қайта өсіп шығатынын өзің де білесің.

Баласын бауырына тығып қашып бара жатқан әйелдің артынан данышпанның:

–  Түсіне алар емеспін. Сен қандай кедейсің? Бір қап алтынды қолыңдағы бай­лығыңның кішкентай ғана бөлігіне де айырбастағың келмейді! – деген сөздері естілді…»

– Жоғарыдағы мысалда келтіргендей, мен де бөбектерімнің тырнағын да байлыққа айырбастамаймын, – дейді жанары мейірімге толған Индира.

Ал сәби толы шуақты шаңырақтың отағасы Данияр Елеусінов болса, жоғары оқу орнын тәмамдағанмен, бақытын қарапайым еңбектен тапқан. Қоғамдық көліктің жүргізушісі. Даниярдың әкесі – Жәнібек те егіздің сыңары екен. Оның егізінің аты – Жолдыбек. Ол да біздің қаланың тұрғыны. 

Әрине,  тылсым дүниенің жұмбағы мен бізге сыйлар тосын сыйы да жетерлік. Бүгінде балаларының бәрі ер жетті. Бақытын балаларының бал күлкісінен тауып, өркен жайған шаңырақты балауса баққа айналдырған Елеусіновтер әулетінің отбасына бақ пен дәулет қонақтасын деп тіледік.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: