Сәрсенбі, 22 сәуiр, 13:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№29 (2241)
21.04.2026
PDF мұрағаты

Кенеден кесел келмесін десеңіз…

22.04.2026

77 0

Фото: Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары

Көктемнің келуімен табиғат жанданып, адамдардың ашық ауада көбірек уақыт өткізуі жиілей түседі. Алайда дәл осы кезеңде кенелердің де белсенділігі айтарлықтай артады. Олар адам денсаулығына қауіпті түрлі жұқпалы ауруларды таратуы мүмкін болғандықтан, әрбір азаматтың сақтық шараларын білгені және оларды күнделікті өмірде қолдануы аса маңызды. Осыған байланысты біз сіздер үшін кенелерден қорғану жолдары, олардың қауіптілігі, алғашқы белгілері мен алдын алу тәсілдері жөнінде жан-жақты ақпарат ұсыну мақсатында Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымовамен арнайы сұқбат ұйымдастырмақпыз. Денсаулық – ең басты құндылық. Сондықтан қауіптің алдын алып, дұрыс ақпаратпен қарулану әрқайсымыз үшін маңызды

Әлия Мүтәліпқызы, жыл басынан бері қанша адамды кене шақты?

– 2026 жыл басынан бері 169 адам кене шағумен медициналық көмекке жүгінген. Кене шағу дерегі облыстың барлық аумағында тіркелді. Басым көпшілігі Қызылорда қаласы тұрғындарының үлесінде – 103 жағдай, аудандар арасында Шиелі ауданы басым тұр – 30 жағдай.

Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш қандай?

– Кене шағу дерегі бойынша биылғы көрсеткіш артып отыр. Себебі 2025 жылдың дәл осы кезеңінде 112 адамды кене шаққан, салыстырмалы түрде биылғы көрсеткіш 57 жағдайға көбейгендігі байқалады. Ағымдағы жылы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына шалдығу деректері де ерте анықталып отыр. Жыл басынан бері 2 дерек нақтыланды. Біреуі Қызылорда қаласының тұрғыны, екіншісі Шиелі ауданының тұрғыны. Ал былтыр осы кезеңде 1 күдікті жағдай тіркеліп, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының бірде-бір дерегі анықталмаған болатын. Бұл да биылғы кенелердің белсенділігінің ерте артқандығын көрсетіп отыр. Бүгінгі күні науқастардың жағдайы жақсы. Бірі жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылып, ем қабылдап, толық аурудан айығып, үйіне шығарылды. Екінші науқас қазіргі таңда стационарда тиісті ем қабылдауда, жағдайы қанағаттанарлық.

Жалпы сақтық шаралары қалай сақталуы тиіс? Нені ескеру қажет?

Біздің облыс Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқандықтан барлық тұрғын сақтық шараларын сақтау керек, әсіресе далалық аумақта жұмыс жасаушылар, егін шаруашылығ мал шаруашылығы, ауылшаруашылығымен айналысатын адамдар аса мұқият болғаны маңызды. Ауру негізінен кене шаққанда, мал сойғанда, малдың етін жіліктеу, қақтау кезінде, малдың үстіне жабысқан кенені жалаң қолмен жұлып алғанда, мыжғанда, мал қырқымы кезінде жүннің арасындағы кенені қайшымен қиып жіберген кезде кененің ішіндегі биологиялық сұйықтықтармен жанасқанда, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен  ауырып жатқан адамға көмек көрсету кезінде, зертханаларда қанмен жұмыс жасау кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамаса, науқастың қанымен жанасқанда жұғуы мүмкін. Сондықтан келесі сақтық шараларын ұсынамыз:

•         Табиғатқа шыққанда ауылшаруашылық малдарына, үй жануарларына  (мал қырқымы, сиыр сауу, т.б.) күтім жасағанда мейлінше ақшыл түсті жабық киім кию, шалбардың балағын етік ішіне немесе шұлық ішіне салып, жеңді түймелеп, кене кірмеу жағдайын жасау;

•         Мал қырқымы кезінде қырқымға қатысушылар қорғаныс киімдерімен жұмыс жасау, ұзын резеңке қолғап, алдына резеңке алжапқыш (кененің қаны киімге жұқпас үшін) және ұзын қоныш етік кию (кене балақтан кірмес үшін);

•         кенелердің жабысуын болдырмауға арналған түрлі жақпа майлар, аэрозольдер түріндегі үркіткіш заттар (репелленттер) пайдалану.

Облыс бойынша қанша қолайсыз аймақ бар? Биыл олардың саны артты ма?

Облыс әкімдігінің  2026 жылғы 13 ақпандағы «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі іс шараларды бекіту туралы» №25  Қаулысы бекітілді.   Қаулыға сәйкес облыста кенеге қарсы өңделуге тиісті 74 елді мекеннің тізімі есепке алынды. Қолайсыз елді мекендер облыстың барлық аудандары және Қызылорда қаласы бойынша анықталды. Атап айтқанда, Арал ауданында-20, Қазалы ауданында-7, Қармақшы ауданында-3, Жалағаш ауданында -3, Сырдария ауданында-5, Шиелі ауданында-15, Жанақорған ауданында-17, Қызылорда қаласында-4 елді мекен.

Былтыр облысымыз бойынша қолайсыз елді мекендер саны 111 аумақты құраған болатын. Биыл қолайсыз елді мекендер саны азайды. Дегенмен бұл қауіп сейілді дегенді білдірмейді.

Биыл қыстың жылы өтуіне байланысты кенелерде ерте оянды. Жалпы бұл қауіпті құбылыс па? Әлде қалай?Зиянкестер қай уақытта белсенділігін арттырады және жоғалтады?

Иә, қыстың жылы болуы кенелердің ертерек «оянуына» тікелей әсер етеді. Бұл кездейсоқ емес, биологиялық заңдылық. Қыс қысқа әрі жұмсақ болса, кенелер әсіресе иксодты түрлері ерте көктемде белсенді бола бастайды. Бұл бірнеше тұрғыдан қауіпті: шағу маусымы ұзарады, ауру тарату ықтималдығы артады, кенелердің саны да көбеюі мүмкін. Кенелердің белсенділігі температура мен ылғалға байланысты: ауа температурасы шамамен +5…+7°C болғанда белсенділік басталады, шарықтау кезеңі: көктемде (мамыр–шілде) Олар әсіресе ылғалды, көлеңкелі жерлерде – орман, шөпті алқаптарда белсенді. Ескеретін жағдай,  кене жыл бойы тіршілік етеді. Аурудың табиғаттағы тасымалдаушысы саналатын иксодты кенелер тазаланбаған қи-көңнің астында қорексіз жылдап тіршілік ете береді.  Аналық кенелер үшін де жұмыртқа тастауға өте қолайлы жер болып табылады. Вируспен зақымдалған аналық кене ауруды тікелей жұмыртқа арқылы 100 пайыз өз ұрпағына береді. Жұмыртқадан жаңадан өрген кенелер түгелдей осы ауруды денесінде сақтаушы әрі тасымалдаушы болады, яғни жаңадан аурудың табиғи ошағы пайда болады. Механикалық тазарту жұмыстары жүргізілмеген аумақтарда зақымданған кенелерді жою мүмкіндігі төмендейді, сәйкесінше дәрілеу жұмыстарының тиімділігі әлсірей түседі. Сондықтан қора аймақтарын, мал қораларын механикалық тазартып тұру аса маңызды.Бұл кенелер санының азаюына да, кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының тиімділігіне де оң әсер етеді.

Бүгінде өңір Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының қоздырғышын тасымалдайтын қанша түрі бар?

– Жалпы кенелердің түрі өте көп, Соның ішінде біздің облыста 6 түрі кездеседі. Олар, анатоликум, азиатикум, нивеус, скупензия, маргинатус және пиктус. Жыл басынан бері зоолог-энтомологтармен 10 743 кене жиналды. 1139 сынама зерттеліп, 4 оң нәтиже анықталды. Соның ішінде азиатикум-1, нивеус-1, басқа түрлері-2.

Бұл зиянкеспен күресуде маман ретінде тағы қандай кеңес берер едіңіз?

– Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – аса қауіпті ауру. Оның алғашқы белгілері тұмау, суық тию, жіті ішек инфекциялары ауруларының клиникалық симптомдарымен ұқсас келеді. Сол себептен дәрігерлік көмекке жүгінуге асықпай, өз бетімен емделеді. Бұл аурудың асқынуына әкеп соғады. Аурудың негізгі белгілері: күрт дене қызуының көтерілуі, әлсіздік,  тамаққа тәбетінің жоғалуы, құсу, жүрек айну, бұлшық еттерінің ауыруы, бүйрек тұсының ауыруы, қатты бас, іштің ауруы. Осы белгілер байқалған жағдайда дәрігерге қаралмай, өз бетімен ем жүргізген жағдайда әрі қарай тістің  қызыл иегінен, мұрыннан, асқазаннан, ішектен, әйелдерде жатырдан қан кетумен асқынып, өлім жағдайына әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан кене шаққан жағдайда немесе табиғат аясында жұмыс жасағаннан кейін, егіндік, мал күтімінен кейін жоғарыда аталған белгілер байқалса, міндетті түрде дәрігерге қаралу керек. 

Сұхбатыңызға рахмет!

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: