Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетовпен бірге Шиелі ауданына жұмыс сапарымен барды.

Аймақ басшысының сапары қайта жаңғыртудан өткен Оқшы ата кесенесін аралаудан басталды. Оқшы ата кесенесі – Шиелі ауданының Жөлек ауылынан 7 шақырым қашықта орналасқан, IX-X ғасырда салынған көне архитектуралық ескерткіштердің бірі. Облыс әкімі тарихи нысанда жүргізілген қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысып, аумағын абаттандыру бойынша бірқатар тапсырма берді.

Одан кейін Алғабас ауылындағы «Жер – Жомарт Д» шаруа қожалығының егістік алқабына барды. 2014 жылы құрылған шаруашылық негізінен күріш және бау-бақша өнімдерін өсіруге басымдық береді.
Биыл шаруалар 1256 гектар жерге егін екті. Оның 214 гектары – күріш, 175 гектары – бау-бақша, 80 гектары – жоңышқа, 17 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Аймақ басшысы егін алқабында шаруалармен аграрлық саланы дамыту бағытында атқарылатын жұмыстар туралы пікір алмасты.

Ал тұрғындармен кездесу Шиелі кентіндегі «Руханият орталығында» өтті.
Онда ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы, елді мекендердің инфрақұрылымын жетілдірудегі мәселелер талқыланды.
Мұрат Нәлқожаұлы елдің бірлігі мен тұрақтылығын нығайтуда жұртшылықтың, ел ағаларының ақыл-кеңесі мен ұсыныс-пікірлері маңызды екенін атап өтті.
Басқосуға жиналған көпшілік қолға алынған бастамалардың, алдағы жоспарлардың жемісті болуына тілек білдірді.

Жұмыс сапары соңында аймақ басшысы 836 млн теңгеге күрделі жөндеуден өткен Шиелі теміржол вокзалында болды. Ғасырдан астам тарихы бар вокзалдан тәулігіне 200-ге дейін жолаушы сапарға шығады. Ғимараттың жалпы ауданы – 637 шаршы метр, бүгінде ауданның сәулетті нысандарының біріне айналды.
Аймақ басшысы жұмыс сапарының қорытындысында жауапты сала жетекшілеріне кент және елді мекендерді дамыту бағытында нақты тапсырмалар берді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
