Сейсенбі, 04 қазан, 13:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№79 (1884)
04.10.2022
PDF мұрағаты

«Тазалықты жаным сүйеді»

06.03.2022

422 0

Бригада шебері Айнұр Дүйсенбаева

тазалық айналаны қуанышқа бөлейтінін жеткізді

Қала – тазалығымен сәнді. Оған тазалықшылардың қосатын еңбегі зор. Қыстың қытымыр аязына, жаздың аптап ыстығына қарамастан, азаннан қара кешке дейін далада еңбек етіп жүрген жандардың еңбегі адал. Қала тазалықшыларының таңы ерте атып, күні кеш батады.

Біз ұйықтап жатқанда қарбалас жұмысқа кірісетін жандар бар. Таң сібірлеп атқанда көшенің әр бұрышын қоқыстан тазалап, тыным таппайтын тазалықшының еңбегін кейде бағаламай жатамыз. Солардың бірі – «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің бригада шебері Айнұр Дүйсенбаева. Кейіпкерімізді қызу жұмыстың қарбаласына қарамастан, әңгімеге тарттық. Осы тұста айта кетейік, бүгінде «Қызылорда су жүйесі» мен «Қызылорда тазалығы» бірігіп, бір мекемеге айналды.

Айнұр Әлішқызы «Қызылорда тазалығы» мекемесіне 2008 жылы жұмысқа орналасты. Алғашында ол бір күнде қанша қоқыс шығарылғанын есептейтін маман болып жұмыс істейді. Кейін 2011 жылдан бастап тазалық саласына ауысты. Содан бүгінге дейін күн-түн демей, уақытпен санаспай жұмыс істеп келеді. Қазіргі кезде қаладағы Қорқыт ата көшесі мен Бейбарыс Сұлтан көшелерінің аралығындағы №3, №4, №7 сектор бойынша 160 көшенің тазалығына жауапты. Айнұрдың қарамағында 20-дан аса тазалықшы бар. Ол күні бойы өзіне бөлінген көшенің тазалығы мен жұмысшылардың жұмыс сапасын қадағалап жүреді. Жұмысқа елден бұрын келіп, кеш қайтады. Бір сөзбен айтқанда, іс-теген ісі көзге көрінбесе де, оған артылған жауапкершілік жүгі ауыр.

– Осы салада жұмыс істеп келе жатқаныма 11 жылдан асты. Біздің жұмыс ауа-райына, мереке, тіпті сенбі, жексенбі күндеріне де қарамайды. Сондықтан тазалықшылардың еңбегі адал. Жанға бататыны, тұрғындардың тазалыққа көзқарасының төмендігі. Сондай-ақ қызметкерлерді кемсітетіні. Адал еңбекпен тапқан наннан қадірлі не бар? Біздің жұмысшылардың жүрмейтін жері жоқ. Жауын-шашын, төтенше жағдай болғанда да тікесінен тік тұрып, қала тазалығы үшін жан беріп жұмыс істейді. Көше таза болса, біздің көңіліміз тоқ. Ал көшенің тазалығы қоқысты шашпай-төкпей, арнайы жәшіктерге салудан басталады. Өкінішке орай арамызда таяқ тастам жерге барып, қоқыс тастауға ерінетіндер көп. Оларға қанша айтқанымызбен еш нәтиже жоқ. Бүгінде көше тазалығына жұмысқа қандай адамдар келетіні айтпаса да түсінікті. Көбісі зейнет жасындағы ер адамдар мен әйелдер. Десе де олар көңілді. Тіпті кейбірі әндетіп жүріп, көше тазалайды. Қолдары мен аяқтары да шалт. Жергілікті тұрғындар бұл кісілердің еңбегін бағаламаса да, жасын сыйласа екен. Бұл да кәсіп. Осыдан айлық алып, отбасын асырап отыр. Сондықтан халық тазалықшыларға құрметпен қараса екен. Көшеде түрлі жағдайға тап болады. Жасыратын несі бар, тіпті тұрғындар аузына келгенін айтып кетеді. Бүгінде бригададағы әрбір тазалықшы өзімнің туғанымдай болып кетті. Барлығының жасы үлкен болған соң, барынша көңілдеріне қарап, ауызбіршілікте жұмыс істеуге тырысамыз, – деді кейіпкеріміз.

Расында, күн сайын көшеден қолына сыпырғы, күрек ұстаған тазалық жанашырларын көреміз. Олар Қызылорданың құбылмалы ауа-райына қарамастан, тынбай еңбек етуде. Себебі қала тазалығына жауапты екенін сезінеді. Алайда әрбір қызылордалық жауапкершілікті сезінсе ғой.

Дерек көздеріне сүйенсек, аула, көше тазалаушылардың шетелдерде беделі жоғары. Мәселен, Лондонда өткен Олимпиада ойындарында аула сыпырушылардың көмегі зор болды. Олар туристермен дұрыс сөйлесуді, қаланың ерекшелігі жөнінде алдын ала дайындық курстарынан өткен. Сөйтіп, әлемнің түпкір-түпкірінен келген туристерге аула сыпырушылар қаланы таныстырған.

Кейіпкеріміз Айнұр Дүйсенбаева отбасында бақытты ана, жас та болса, немере сүйген әже. Бүгінде жолдасы екеуі 5 бала тәрбиелеп отыр.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА

Тағы да оқыңыз: