Жұма, 29 наурыз, 17:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Тура биде туған жоқ немесе жемқорлыққа қарсы күрес қалай жүруде?

10.12.2022

715 0

Сурет ашық дереккөзден алынды

Бір деректен Күлтегін бабамыз өз заманында жемқорлықты жою үшін жоғары лауазымды 200-дей адамның басын алыпты дегенді оқып едік. Көк түріктің көк семсері болған бабамызды таныстырып жатудың өзі артық. Бірақ кәрі тарих қағанаттың іргесін мықтап бекіту үшін, елдің санасына адалдық ұғымын мәңгілікке сіңіру үшін, түптің-түбінде ұрпағы мәңгі жасау үшін Күлтегіннің осындай қадамға барғанын айтады. Ал бүгін ше, жемқорлықпен күресу үшін қандай қадам жасалды? Республиканы сөз етпей-ақ қояйық, облыстағы ахуал қалай?

Жуырда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төраға­лығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі облыстық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Жиынға құқық қорғау органдары және басқарма басшылары, онлайн режимде қала, аудан әкімдері қатысты. Дәл осы комиссияның отырысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимылдың үлгілік базалық бағытын іске асыру мәселесі қаралды.  Жиында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Серікжан Мырзалы баяндама жасап, комплаенс-қызметін атқаратын мамандар тапшы екенін және әрбір мекемеде дербес комплаенс қызметі болуы қажеттігін алға тартты. Соған сәйкес кәсіби мамандардың әлеуетін арттыруға басымдық беру керек деді.

Мұнан бөлек мемлекеттік органдар тарапынан сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілетін ішкі талдау сапасы өз деңгейінде жасалмайтынын мәлім етті.

– Облыстық әкімдікке қарасты басқармалар жүргізген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдаулар нәтижесінде 77 тәуекел немесе бір басқармадан орташа көрсеткішпен 4,53 тәуекел анықталған. Бұл ретте көрсетілген ішкі талдаулардың сапасы да күмән тудыратынын атап өту қажет. Мәселен, білім басқармасының ішкі талдауды сапасыз жүргізу белгісі ретінде өңір мектептерінде сыбайлас жемқорлық фактілері орын алғанын келтіруге болады.Облыс мектептерінде 2020-2021 жылдары аса ірі көлемде қаражат жымқыру фактілері бойынша 6 қылмыстық іс тіркелді. Яғни жекелеген мектептерде жалақы төлеу қорының сомаларында күмәнді деректер анықталды, – деді департамент басшысы.

Қазір Жаңақорған ауданының бірнеше мектеп есепшілеріне қа­тысты сыбайлас жемқорлық сипа­тындағы қылмыстық іс қозғалуда. Бұл деректер 2020-2021 жылдар ішінде болған, дегенмен істің шешімі биылғы жылдың есебімен жария етілуде.

Серікжан Мырзалы мұндай тәуекелдер басқарма тарапынан ішкі талдау барысында алдын ала анықталмағандықтан, қаражатты не­гізсіз пайдалануға жол ашты дейді.

Айта кету керек, аймақта 2020-2021 жылдар аралығында қаржы жымқыру дерегі бойынша 11 әкім­дік қызметкеріне қылмыстық іс қозғалған. Олардың ішінде Қы­зылорда облысының мәдениет, ар­хив және құжаттама басқармасының басшысы, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы және 5 спорт мектеп директоры, жер қатынастары басқармасы бас­шысының орынбасары, облыстық құрылыс, сәулет және қала құ­рылысы басқармасы басшысының орынбасары, ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы мен бас маманы бар. Аталған тұлға­лардың қылмыстық істері 2021 жылы тіркеліп, сот үкімдері биыл ғана жарияланды. Соның салдарынан Қызылорда өңірі республикадағы аймақтар арасында сыбайлас жем­қорлық сипатындағы қылмыстық көрсеткіштермен алдыңғы қатарға ілікті.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің бастығы Болат Қалмырзаев 2020-2021 жыл­дар ішінде орын алған мұндай келеңсіздіктердің себебіне терең талдау жасап, білім саласында болуы мүмкін тәуекелдерді алдын ала ескеру қажет деді.

Жиында облыс әкімі аппара­тының басшысы Шахмардан Байманов үлгілік базалық бағыттың Сыр өңірінде орындалуы облыс әкімі аппаратының жеке бақылауында болатындығын және ашықтық қа­ғидатына сай әрбір мемлекеттік қызметшінің сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуін және бірінші басшы­лардың жауаптылығын күшейтіп, ішкі талдауларға сүйене отырып, уақытылы әрекет ету механизміне сай жұмыс жүргізілетінін жеткізді.

Қоғам ішінде сыбайлас жем­қорлыққа қарсы мәдениетті қалып­тастыру үшін ақпараттық на­сихат жұмысының маңызы арта түсті. Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Мира Қазбекова халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы нормаларды түсіндіру, мағыналы бейнероликтер әзірлеп, оларды кеңінен жергілікті телеарналар мен әлеуметтік желіде жариялау, жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қа­лыптастыру бағытында атқарылған шараларға тоқталды.

Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы жемқорлықпен күресте ақпараттың шынайы болуын және үлгілік базада көзделген бағыттарды уақытылы іске асырып, жұмысты жандандыру қажет деді.

Мақаланың әлқиссасында жем­қорлық атаулының тамырына балта шабу мақсатында Күлтегіннің қандай қадамға барғанын мысал еттік. Сол 200-дей адамның ішінде туыстық жағынан өзіне жақын жандар да болуы бек мүмкін. Өйткені ол дәуірде жоғары лауазымды адамдар билеуші әулеттен шыққанын тарихи деректерден білеміз. Осыдан-ақ әділдіктің ақ туын биік ұстаған дала данышпандары би болса да, қазы болса да «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген тәмсілді негізгі қағидат еткенін ұғуға болады. Әңгімені арыға созбай түйінін айтқанда, жемқорлық атаулыны түп-тамырымен жою үшін Күлтегін секілді қаталдық керек сияқты. Өлім жазасы болмағанның өзінде бүкіл мүлкі тәркіленіп, өмір­бақи түрмеге тоғыту қажет. Сон­да халық қазынасының бір тиыны да шетел аспас еді, тіпті қолды болмас еді.

А.АҚЫЛБЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: