Бейсенбі, 02 мамыр, 10:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

«Жайлы мектеп» жобасынан үміт көп

06.12.2022

1241 0

Сурет ашық дереккөзден алынды

Ел Президенті

Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда әрбір оқушының

білім алып, жан-жақты дамуы үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғанын айтты.

«Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айыр­машылығын едәуір азайтады. Жалпы мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жолдауда айтылған мәселелер жүзеге асуы үшін тиісті жұмыс жасалуда. Осыған орай жақында  Үкімет «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын мақұлдады. Бұл жобаның аясында 2025 жылға дейін жаңа құрылыс стандарты бойынша 840 мың орынға шақталған мектеп салу көзделген. Осы жұмыстар нәтижелі іске асса, мұғалім тапшылығы мен апатттық жағдайдағы және үш ауысымдағы мектептер мәселесі шешіледі деп күтілуде.

Республика Премьер-Министрі Әлихан Смайылов­тың төраға­лығымен өткен Үкімет оты­ры­сында «Жайлы мектеп» ұлттық жоба­сын іске асыру мен көші-қон саясатын жүр­гізу мәселелері қаралды.

Онда Премьер-Министр 2023-2025 жыл­дары елімізде 401 жайлы мектеп салу жоспарланғанын айт­ты. Сонымен қатар оқу-ағарту ми­нистрлігіне мүд­делі мемлекеттік органдармен және әкім­діктермен бірлесіп, жобадағы іс-шара­лардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

– Біздің басты міндетіміз – бала­бақшадан бастап, білім бе­ру­дің барлық деңгейінде халық­тың сапалы білімге қол жет­кізуін қамтамасыз ету. Бұл ба­ғытта ауқымды жұмыстар жүр­гізілуде. 2021 жылдан бері 674 балабақша ашылды. 326 жаңа мектеп пайдалануға бе­рілді. Сондай-ақ 1436 мектеп жаң­ғыртылды. Жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының 4 фи­лиалы ашыл­ды. Инновациялық бағыттар бойынша шетелдерден 400 оқы­тушы тар­тылды. Жалпы білім беру сапасын жақсарту бойынша жүйелі шаралар іске асырылып келеді, – деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының сөзіне сүйенсек, жастарды кәсіптік-техникалық біліммен қамту үшін бюджеттен мемлекеттік тап­сы­рыс бойынша қосымша 45 мың орын бөлінген. Еңбек нарығының сұранысына сай кадр даярлау үшін 500-ге жуық кәсіп­орын кол­ледждерді қамқорлыққа алған.

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Ұлттық жоба мек­теп инфра­құрылымын жаңғырту үшін әзірлен­генін айтты. Оның аясынд­а 842 мың оқу­шыға арналған жаңа форматтағы оқу орын­да­ры­ның ауқымды құрылысы көз­делген.

Атап айтқанда, ауқымды бағ­дарлама үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін толық шешуі тиіс. Осы мақсатта 2025 жылға дейін 400-ден аса мектеп салынбақ. Ол үшін бюджеттен 2 триллион 600 миллиард теңге қарастырылмақ. Әрі құрылысқа жемқорлардан өндірілген ақша да жұмсалады. Министрдің айтуынша, соңғы 10 жылда оқушы саны 1 миллионға артып, 3,5 млн-ға жеткен. Бүгінде 800 мыңнан аса оқушы үшін орын тапшы. Ал мәселені шешу үшін салынатын жайлы мектептердің қазіргі білім ордаларынан айыр­машылығы көп.

– Қазір салынатын мектептер ауылда да, қалада да бірыңғай стандартпен салынатын болады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратын жекелеген блоктарында оқиды. Сәйкесінше олардың өз оқу ка­бинеттері, әжетханасы, спорт залы болады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Бейне­бақылау, дыбыстық дабыл секілді қауіпсіздікті қарастырдық,– деді Оқу-ағарту министрі.

Қазіргі таңда өңір әкімдік­терімен бір­лесіп, білім беру сапа­сын арттыру бойынша жүйелі шаралар жүзеге асырылып келеді.

Мәселен, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысының тап­­сырмасын орындау бойынша ар­найы жиын өткізді. Онда сала басшыларына жобада көзделген мектептердің сапалы әрі ыңғайлы болуына баса назар аудару қажет екенін айтып өтті.

Айта кетейік, бұл жоба аясында Қы­зылорда өңірінде 15100 орынға арналған жаңа 21 мектеп салынады.

– «Жайлы мектеп» жобасы аясында өңірде салынатын 21 мек­тептің 8-і Қызылорда қала­сында, қалғандары – ауыл­дық елді мекендерде. Мектеп құрылысын салар уақытта ең әуелі орналасқан орнына ерекше мән беру керек.  Міндетті түрде ха­лыққа қолайлы және балаларға ыңғайлы болуы тиіс, – деді облыс әкімі.

Яғни өңірлерде жобаны жү­зеге асыру бойынша жұмыстар басталып кеткен. Демек, «Жайлы мектеп» жобасы – бала­лар­дың мәселесін түпкілікті шешеді де­генге сенім бар.

Ұлттық білім беру жүйесіндегі страте­гиялық бағыт, қағидалар мен тұжырымдар, кешегісі, бүгінгісі және ертеңгі мақсаты – ұрпақ үшін қасиетті қазына.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: