Жұма, 29 наурыз, 18:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Жаңа Қазақстан және отбасы құндылығы

27.10.2022

1150 0

Отбасы – шағын мемлекет. Адамның бойындағы барлық қасиет отбасында жетіледі. Әр адам отбасында өз жауапкершілігін, қоғам алдындағы міндетін дұрыс түсінуі тиіс. Өмірлік тәжірибеге сүйенсек, егер біз дамыған, қылмыссыз қоғам құрамыз десек, ең алдымен отбасындағы жауапкершілікті күшейтуіміз керек. Хәкім Абай өзінің жетінші қара сөзінде: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды, естіп-көріп, ұстап-татып ескерсе, дүниедегі жақсы-жаманды танитындығы сондықтан. Білгені-көргені көп адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген адам өзі де есті болады екен. Бала жақсы болу үшін оған әсер етуші ортаның да жағымды болуы қажет» деген. Қай замандағы ұрпақ тәрбиесінде де осы сөздің мағынасы мен маңызы өміршең деп білемін.

Қазақ халқы қай кезде де от­басы, ошақ қасы мәслелелеріне нем­­құрайлық танытқан емес. Ата-ба­бадан жалғасқан салт-дәстүрлер мен адами ізгі қасиеттердің «қайнайтын қазаны» – отбасы. Бала отбасынан өнеге, тәрбие алады, ата-анаға қарап бой түзейді. Сондықтан ата-ана отбасының берекесін сақтауға жауапты. Отбасындағы береке қай істі болсын, жоспарлы, келісіп пі­шіл­ген­нен бастау алады. Мәселен, отбасындағы қаржыны бөлу, әр бала­­ның қажетін реттеп отыру, үй тірші­лігінде үнемді, ұқыпты болу әйелдің жауапкершілігінде. Бұл бала­ға да әсер етеді, оны ұқыпты, үнемді, еңбек­сүйгіштікке баулиды. Бала тәрбиелі болу үшін ата-ана білімді, кез келген мәселеге әділ, қоғамдық құбылыстарға сын көзбен қарай білуі, баланы ең­бекке, үй тір­шілігіне, қолғабыс етуге үйреткені абзал. Еңбексүйгіш бала өмірде батыл, белсенді болады. Бала үйде көргенін жасайды. Сондықтан қазақ отбасы тәрбиесіне ерекше мән бер­ген, баланың көзінше бейәдеп іске бармаған, бейпіл сөйлемеген. Ата-ананың қоғамда, отбасында бедел­ді болуы мінез-құлқында, іс-әре­ке­тінде, әрдайым өзін ұстай білуіне байланысты. Әке мен ананың еңбек­сүйгіштігі, сыпайы мінезі мен шын­шылдығы, қоршаған ортаға дұрыс көз­қарасы баланың ой-өрісіне, мінез-құл­қына тікелей әсер етеді. «Ата көр­ген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген мақалы бекер емес. Бүгінде бала тәрбиелеуді қарнын тойдырып, айт­қанын істеп, қажетін өтеу деп түсінетін ата-аналар да жоқ емес, бұл – үлкен қателік. Өйткені тәрбие тек баланың қажеттілігін өтеуден тұрмайды, бастысы, баланың уақытты дұрыс пайдалануына, пайдалы іспен айналысуға көңіл бөлу қажет.

Жалпы, адамға ең бірінші тәрбие берілуі керегі дәлелдеуді қажет ет­пейтін өмір сабағы. Мектеп пен ата-ананың міндеті – әр баланың бақытын, қабілетін ашу, қоршаған ортаның әсемдігін сезіну, өзгелерге жақсылық жасауға үйрету, бір сөзбен айтқанда, нағыз адам етіп тәрбиелеу. Бала тәрбиесі – өте күрделі де нәзік іс. Баланың өмірге келуі – әке, ана атандым деген сөз емес, ата-ана болудың өлшемі шынайы адами достықтан бастау алады. Ата-ана бір-бірімен, одан қалды екеуі бала­мен рухани қарым-қатынас ор­нат­пайынша, тәрбиелеу мүмкін емес. Бірін-бірі түсініскен ортада нағыз тәрбие қалыптасады. Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлаудан баста­лады. Себебі ата-анасын сый­ламаған бала жолдасына да, қоғамға да пайда келтірмейді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Бір­тұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Қазақта «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген. Сон­дықтан мек­тепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан ас­тамы балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беру­ге болмайды. Балабақшамен қам­та­ма­сыз ету мә­селесін түпкілікті шешу қажет. Ол үшін тәрбиешілердің әлеу­меттік мәселесін арттырып, жалақыны кө­бейту керек» деген-ді. Шын­ды­ғында біздің қаламызда да жеке бала­бақшалар баршылық. Олардың ішін­де өз ісіне жауапкершілікпен қарап, бүлдіршіндерді тәрбиелеуде тыным­сыз еңбек ететін балабақшалар бар. Дегенмен өз жекеменшігі сана­ған, бала­бақша ісіне бизнес деп қарайтын кәсіп­керлердің жеке үйден ашқан бала­бақшасында бала тәр­биесі қалай болып жатыр? Жеке бала­бақшалардың жұ­мысы қоғамдық ұйым, тиісті мекеме тарапынан тек­серіліп отыруы тиіс деп санаймын.

Әйелдік тағдыр қай кезде де жеңіл болмаған. Біздің әже-аналарымыз бастан кешкен қиындықтар шын ерлік. Өмірлері қандай ауыр, қиын болса да, отбасы берекесін қашырмады, бала тәрбиесіне үлкен мән берді. Бар тір­лікті қолмен атқара жүріп, ұлттық салт-дәстүрді де, қолөнерді де, ұлттық тағам даярлауды да ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе білген аналарымыздың орны бөлек. Сонымен қатар ел ішіндегі дау-дамайды шешуге, керек болса, қолына қару алып, атқа мінуге де әзір болды. Бар қиындықты ермен бірдей көтере жүріп, отағасының абыройын асқақтатты. Отбасында әкенің орнын жоғары бағалап, «әкең­нен сұра» деген бірауыз сөзбен тәр­биеледі. «Қайран, біздің аналар, арды ойлаған» демекші, аяулы ана­ларымыздың өмірі өнегеге толы.

Халқымыз қашанда ер-азаматты шаңырақ иесі, асқар тау, отбасы тірегі десе, әйел-ананы отбасының алтын қазығы дейді. Заман көші ілгері озған сайын аналарымыз қо­ғамдық жұмысқа белсене араласты, басшылық қызмет тізгінін де ұстады. Бір сөзбен айтқанда, қоғамның бар­лық саласында әйел араласпайтын жұмыс жоқ. Өмірге ұрпақ әкелу, оны тәрбиелеу – әйел үшін ең қасиетті, ең үлкен парыз. Өмір оның тағдырын осы тұрғыдан өлшеп, осы тұрғыда бағалауын талап етеді. Бала тәрбиесі, оның ішінде қыз бала тәрбиесі тіке­лей анасына байланысты. Себебі халқымыз «Анасын көріп, қызын ал» демей ме? Ал әкенің орны қашанда төрде. Әкеге артылар жауап­кершілік те жоғары. Әрбір азамат әке деген құрметті де, құдіретті атқа дақ түсіріп алмай, өнегелі тәрбие бере алса, ардақты әке атына лайық болары сөзсіз.

Еліміз дамыған елдердің көш­басы­нан, бәсекеге қабілетті елдер қатарынан көрінуі үшін ең алдымен ұлттық құндылықтарды ескеруі­міз керек. Сол үшін күн­делікті тірші­лікте ұрпақ санасына ұлт­тық құнды­лықтарды, ізгі қасиет­терді дендеп енгізу қажет. Ұрпақ тәрбиесіне кел­генде аға буын ал­дындағы жауап­кер­шілік жоғары. Біз соны ұмыт­пауымыз керек.

Рәзия ҚАЛЖАНОВА,

ардагер

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: