Сенбі, 27 сәуiр, 14:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

Жеті атасын білген ұл

25.02.2023

950 0

Ауылда үлкен шаңы­рақта тұрамыз. Сон­дықтан әу­леттің немере-шөберелері бі­рін­ші біздің үйге келеді. Бала­лар жаз­ғы демалыс­та ауылда асыр салып ойнайды. Үйдің іші сәбилердің шат-шады­ман күлкісіне  толады. Сырттай бақыласаң, олар бір-бірімен жөн сұ­расады. Жеті атасын сұрайды. Әрине, олардың жеті атасы бірдей. Дегенмен арасында білмейтіндері бар болып шықты. Оған, әрине, ата-ана кінәлі деп қараймыз. Демек, бүгінгі таңда өз перзенттеріне қажетті тәрбиені сіңіре алмай­тындар бар деген сөз.

Бұрынғылар «Ата-тегің кім? Жеті атаңды білесің бе?» деп жөн сұрасқанын ұмыта қойған жоқпыз. Алайда қазіргі аға буын өкілдері бұл аталы сөзді ұмыта бастағандай. Ал өз ұрпағына жеті атасын үйрету – атадан балаға жалғасып келе жатқан қазақтың тәрбиелік дәстүрі. Сырдария ауданы, Бесарық ауылының тұрғыны Серікжан Жүнісбаев осыны берік ұстанған. Сондай-ақ бауырмалдықты, әрбір жанмен танысып-біліскенде ру сұрасқанды жөн санайды. Аталған қасиеттерді перзенттерінің санасына құйып отырады.

 Расында ата-тегімізді білудің мәні зор. Себебі ұлтымыз жоғалмасын десек, ұрпақ саулығын, қан тазалығын ойлаған абзал. Ол ұрпақ бойына сіңіру арқылы жүзеге асады.

 – Әсіресе, ауыл балалары жеті атаны жатқа айтады. Сәбидің тілі шыға бастағаннан әке, атасының атын айтып, руын үйреткені жөн. Бүгінде бүлдіршін мультфильм кейіпкерін, футбол командасының ойыншыларының есімдерін жатқа айтады. Сондықтан есін білгеннен жеті атасын зердесіне сіңірсе, кіммен қай жерден туысатынын біліп отырады. Жеті атасын, ру сұрауды қазір дұрыс түсінбейтіндер бар. Ол – бөліну емес, шын мәнінде туысу, – деген ойымен бөлісті ол. 

Бұрын үлкендер ес біліп келе жатқан ұл-қыздарына ата-баба өнегесін айтып,  жаттатып отырған. Оны білмеуді әбестік санаған. Үйге кім келсе де, баладан алдымен ру сұрап, жеті атасын айтқызған. Оны бұрынғылар тектілік ретінде бағалаған.

– Жастардың жеті атаны жатқа біліп, танысқанда ру сұрасуы міндетті.  Оның маңыздылығын ата-ана үйде  балаға жиі  айтып отыру керек. Бұл – қазақтың бұрыннан келе жатқан қағидасы. Осының негізінде жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі сақталған.

Себебі бел­­гілі. Жақын адам­дардың қаны араласса одан дені сау бала дүниеге келмейді деген түсінік қалыптасқан. Яғни, жастарымыз сезімнің әсерімен ертеңгі күні опық жеп қалмауы тиіс. Сондықтан да білгенді айтып отыру бізге міндет. Балаға әкеден бастап, ағайын-туысты, нағашы жұртты, алыс-жақынның кім екенін ұғындырып, ата-тегін, руын санасына сіңіріп өсіру керек, – дейді Серікжан Жүнісбаев.

Бұл қағиданы ұстану тек аталарының есімдерін білумен шектелмейді. Ол – өз абыройы, отбасы құндылығы ғана емес, ұлттың болашағына ықпал ететін қозғаушы күш. Сонымен қатар осы дәстүр негізінде қыз алыспау бүтіндей қазақ халқының салауатты ұрпақ тәрбиелеуге назар аударғанын көрсетеді. Сонау ғасырлардан бері санамызға тоқылып, қанымызға сіңген осы тыйым қанның тазалығы мен тектіліктің асылдығына кепіл екені даусыз. Оны бүгінгі ғылым да зерттеп, тайға таңба басқандай жария етіп отыр.

Қазіргі таңда жеті атасын жазып қоятын шежірелі тақталарды жасатып, үйге іліп қоятын үйлер де бар. Бүгінгі уақытта осы үрдісті көп отбасы үлгі етіп келеді. Мәселен, қабырғада ілулі тұрған шежірелі тақта балалар жеті атасын жаттап алуға ең оңай тәсіл. Одан бөлек ата-бабаға құрметтің белгісі. Мұның айналып келгенде, жеті атасын білуге септесетіні мәлім. Діни тұрғыда да оған оң баға беріледі. Пайғамбарымыздың «Сүйген жарыңды әріден таңда» деген хадисі бар. Хакім Абай «Сыйласарлық тектінің, кім танымас нұсқасын» деп жеті ата дәстүрінің мәнін ұғын­дырған.

Сонымен қатар ағайын арасын­дағы үзілмес бірлік, бұзылмас тектіліктің негізі болған дәстүрді рет-ретімен дұрыс санаудың да өз жолы бар.

Қазақ халқын өзге ұлттан даралап тұратын дәстүрдің бірі де бірегейі – осы аталық ұстаным мен ұрпақ шежіресі. Бұл туыстық тәртіпті, ағайындық бірлікті, ынтымақтықты арттырады. Бастысы, батыс халықтары енді ғана қан тазалығы мәселесіне назар аудара бастады. «Ел арасында қанына тартпағанның қары сынсын» деген сөз қалыптасқан. Олай болса, тарихымызды түгендемей алға қадам басу мүмкін емес.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: