Жұма, 26 сәуiр, 15:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Жолға қарай ма, ақша санай ма?

10.08.2021

1081 0

Қоғамдық көліктің жыры біткен бе? Бұл мәселе күн тәртібінен еш түскен емес. Себебі қарапайым халықтың айтар уәжі мен шағымы көп. Топырлаған адамды мінгізіп, жылдамдықты асырып бір-бірімен жарысатынын қайтерсің. Тіпті кондуктордың дөрекілігі бір бөлек.

Күнделікті жұмыс пен үй арасына №5, 21 қоғамдық көлікпен қатынаймыз. Олардың басым бөлігінде жүргізушінің қасында ақша жинап оқушылар отырады. Оған да көз үйренді. «Қызылорда Автобус паркі» мекемесіне қарасты №1,11,14,17,18 автобустарға мінбегелі де көп болған. Бүгін жол түсіп №11 қоғамдық көлікке міндік.  Кондуктор жоқ. Қолымда тұтас екі мың теңге. Енді кімге, қайда төлерімді білмей әбіргерге түстім. Жан-жағыма жалтақтап қараймын. Түсетін жерге де келіп қалдық. Жайлап жүргізушінің қасына жақындадық. Сөйтіп «жолақыны сізге төлейміз бе? дегенім сол еді. «қай ауылдан келдіңіз?» деп өзіме қарсы сұрақ қойды. Екі мыңның  90 теңгесін алып, қалғанын қайтарып берді.

– Қарындас, қай ауылдан келдіңіз? Осылай жұмыс істеп жүргенімізге екі жылдан асты ғой. Қазір халықтың жартысына жуығы ғана электронды билетті қолданса, қалғаны қолма-қол төлейді. Қиын болса да амал жоқ. Бәріне үлгеруге тырысамыз, – деді аты-жөнін айтқысы келмеген №11 автобус жүргізушісі.

Көлік жүргізуші үшін жол қауіпсіздігі басты орында. Десе де жан-жағына алаңдап отырған жүргізушінің жол ережесін бұзбауына кім кепіл? Сұрақ көп… Жауап жоқ… Бір кездері қоғамдық көліктегі жолақыны көтеру, кондукторларды жұмыстан босату және тариф енгізу мәселелері халық арасында қызу талқыға түсті. Тіпті жауыр болған тақырып. Дегенмен әлі күнге дейін оң шешімін таппай келе жатыр. Оның үстіне зейнеткерлерге берілген жеңілдік те алынып тасталды.

– Қызылорда қаласында 2019 жылдың қазан айынан бастап, мемлекеттік және жекеменшік әріптестік негізінде келісім-шарт жасалды. Осылайша төрт жақты келісім-шартқа қол қойылды. Оған облыстық автомобиль жолдары басқармасы, қалалық тұрғын үй коммуналдық инспекциясы автомобиль жолдары бөлімі, «AlemPay» ЖШС мекемесі мен «Қызылорда Автобус паркі» ЖШС мекемесі қатысты. Жаңа жүйе 2020 жылдың қаңтар айынан бастап жүзеге асу керек еді. Алайда өздеріңізге белгілі карантиндік жағдайға байланысты кешікті. Былтырдан бастап автобус парктің меншігіндегі 135 автобустың 105-не электрондық билеттік жүйе енгізілді. Сондай-ақ оларға қай жерде, қай бағытта, қандай жылдамдықпен бара жатқанын анықтайтын GPS орнатылған. Осыған дейін кондукторлар жұмыс істеді. Алайда қазір біз олардың қызметін тоқтаттық. Жаңа жүйені енгізудің негізгі мақсаты – қолма-қол ақша төлейтін адамдардың санын азайту. Өздеріңізге мәлім, ақша жүрген жерде түрлі келеңсіздіктер орын алады. Алдағы уақытта сол келеңсіздіктің алдын алу үшін бұл жоба тиімді болмақ. Қазіргі кезде карантиндик жағдайға байланысты қоғамдық көлікке мінетін жолаушылар саны бұрынғыға қарағанда 30-40 процентке төмендеген. Сондықтан барлығын жүргізушінің қызметтік міндетіне кіргіздік. Бүгінде жүргізушілер қауіпсіздік ережесін барынша сақтап, жұмыс істеуде. Бұл мәселені өте жақсы қозғап отырсыздар. Қазір халық арасында да «жолақыны неге жүргізушілер алады?» «олардың міндеті әрбір жолаушыны діттеген жеріне аман-есен жеткізу емес пе?» деген пікірлер жиі көтеріліп жүр. Алайда біз жергілікті жұртшылықтың электронды билетті қолдануға көшуге жұмыс істеудеміз. Қазіргі кезде электрондық төлем – 60, қолма-қол төлеу – 40 процентті құрап отыр. Расында, ең бастысы жолаушылардың қауіпсіздігі. Сондықтан жауапкершілікті сезінетін, адал жұмыс істейтін тәжірибесі мол жүргізушілерді жұмысқа қабылдаймыз. Бұл мәселе оң шешімін табу үшін Сыр өңірінің халқы толық электрондық билет жүйесін пайдалану қажет. Сол кезде жүргізушілерге де көп салмақ түспес еді, – дейді «Қызылорда автобус паркі» директорының орынбасары Қанат Рахметов.

Қорыта айтсақ, қоғамдық көліктердің қызметін әлі де жандандыру керек. Себебі бұл мәселелер бүгін ғана пайда болған жоқ. Күні ертең де шешіле қоймасы анық. Дәл осы кезде халық арасында екі жақты пікір қалыптасқан. Жаңа жүйені бірі құптаса, енді бірі қолдамайды. Әсіресе, үлкендер жағына қиындық тудырып жүрген сыңайлы.

– Мен зейнет жасындағы адаммын. Қоғамдық көлікке анда-санда ғана мінемін. Қазір тіпті үйден шықпаймыз. Жақында №1 автобусқа мінгенімде «электрондық билетпен төлеңіз» дейді. Мен оны қалай төлеу керектігін де білмейді екенмін. Сондықтан меніңше үлкендерге қиындық тудыратын сияқты.  Ал жастар бірден қағып алады ғой. Бізге қолма-қол төлеген тиімді, – деді қала тұрғыны Үміткүл Залиева.

Сондай-ақ жекеменшік қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасы да сын көтермейді. Әлі күнге дейін бір-бірімен жарысып, халыққа дөрекі сөйлеп, «өзім қожа, өзім бидің» керін келтіреді. Осыны да тиісті сала басшылары назарға алса екен. Өйткені қоғамдық көлік сапалы қызмет көрсетсе, әрбір жолаушы да соған сай әрекет етері анық. 

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: