Бейсенбі, 26 желтоқсан, 23:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

«Жындыханаға жауып, бизнесімді тартып алды»: кәсіпкер экс-күйеуін айыптады

25.07.2023

668 0

Алматыдағы стоматология клиникасының негізін қалаушы Жеміс Айдарбекова бұрынғы күйеуін алаяқтық жолмен бизнесін тартып алды деп айыптады. Оның айтуынша, экс-күйеуі кәсібін тартып алып қана қоймай, оны психиатриялық емханаға да жатқызған, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Жеміс Айдарбекова Астанада өткен пресc-конференцияда бөлісті. 

Әйелдің айтуынша, ол төрт жыл бойы құқық қорғау органдары тарапынан тиісті әрекеттер жүргізілмегендіктен әділеттікке қол жеткізе алмай жүр. Жәбірленуші Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдаған. 

Айдарбекова кім және отбасындағы жанжал қалай шыққан?

Жеміс Айдарбекова – Алматыдағы SP Clinic стоматология клиникасының негізін қалаушы. Ол кәсібін 2007 жылы ашқан, білімі бойынша дәрігер. Оның бұрынғы күйеуі Руслан Гаджиев қарапайым тіс дәрігері болып жұмыс істеген. Бизнес өркендей бастағанымен, отбасында түсініспеушілік болған. Әйелдің айтуынша, бұрынғы күйеуі сатқындық жасай бастаған, кейін әйел 15 жыл бірге тұрған жұбайымен біраз жыл соттасып келген. Ерлі-зайыптының үш баласы бар.

Жеміс Айдарбекова

«15 жылдан аса некеде бақытты өмір сүрдік, бір күні мен компания қызметкерлерінен күйеуімнің емхана әкімшісімен көп жыл бойы көзіме шөп салып жүргенін білдім. Ол бізге әкімші болып келді, қазір ол – емхананың басқарушы директоры. Соның салдарынан отбасымызда алауыздық басталды. Ол ажырасу кезінде бәрін жоғалтып аламын деп қорықты, өйткені бизнесті құрған – мен. Барлық қаржылай инвестицияны менің ата-анамнан алдық, әсіресе, әкем көп қолдау көрсетті. Компанияны жалғыз басқардым және жобаны кеңейту үшін банктен қаржы алдым. Ол отбасын сақтап қалу сылтауымен психологқа баруды ұсынды. Біз оның танысы әрі бұрынғы әріптесіне бардық. Жарты сағаттық консультациядан кейін маған психиатриялық диагноз қойылып, әсері қатты психотроптық дәрі-дәрмектер ұсынылды», – дейді Жеміс Айдарбекова.

Әйелдің айтуынша, психологтың әйелге қандай да бір диагноз қоюға рұқсаты болмаған. Оның айтуынша, экс-күйеуі Руслан Гаджиев басқа дәрігерлерге де қоңырау шалып, диагноз қорытындыларын жасатып алған. Кейін ол әйелін Мәскеуге барып, кеңес алуға көндірген. Бұл оқиға 2018 жылы болған. 

«Кейін психологтың лицензиясы мен арнайы сертификаты болмағандықтан, ем тағайындауға құқығы жоғын білдім. Бұл бұрынғы жұбайымның мені балаларымның анасы, табысты кәсіпкер және жалпы әйел ретінде беделімді түсіру үшін жасалғанын түсіндім. Ауруханада екеуміздің арамызда жанжал шықты, ол физикалық күш көрсетті. Маған «осы клиникадан шықпайсың. Қарсылық көрсетсең, тірі кетпейсің» деді. Артынша маған белгісіз укол жасалып, үш күн ес-түссіз жаттым. Мен 10 күн бойы сонда болдым, кейін мені емдік демалысқа шығарды», – дейді ол. 

"Жындыханаға жауып, бизнесімді тартып алды": кәсіпкер экс-күйеуін айыптады

instagram.com/zhemis.aidarbekova

Ажырасу процесі

Жеміс Айдарбекова елге оралған соң ажырасуға өтініш беру туралы шешім қабылдаған. Ол, тіпті, жақсы қарым-қатынасты сақтап қалу үшін компаниядағы үлесінің 50 пайызын беруге дайын болған.  

Ерлі-зайыпты арасында бейбіт келісім болды. Жеміс Айдарбекованың айтуынша, Руслан Гаджиев құжатта үйден бас тартып, өзіне Алматыдағы бизнесті қалдыруды өтінген.

«Ажырасу кезінде бұл компания маған да, бұрынғы күйеуіме де, тіпті, екеумізге де тиесілі емес екені белгілі болды. Компания иеліктен шығарылған. Ол жеке нотариуспен келісім жасаған – компанияның 100 пайыз үлесі үшінші тұлғаға сыйға тартылған. Үшінші тұлға оның досы болып шықты, ол біздің отбасымызды жақсы білетін», – дейді емхана иесі.

Айдарбекованың тарабы не дейді?

Алматылық кәсіпкердің өкілі Жасұлан Рахымғалиевтің айтуынша, шығын екі миллион доллар шамасында.

«Бәрі Айдарбекованың бұрынғы күйеуі Г.-ға ғана тіркелген басқа компанияға берілген», – дейді Жасұлан Рахымғалиев.

Биыл бұл іс сәуірде Алматы полиция департаментінен (ПД) Экономикалық тергеу басқармасына (ЭҚК) өткізілген. Алайда арада бір ай өткен соң іс қайтадан Алматы қалалық полиция департаментіне қайтарылып, кейін қылмыс құрамының болмауына байланысты толығымен тоқтатылған. 25 маусымда бұл шешімнің күші жойылып, іс қайтадан Алматы полиция департаментінің тергеу бөліміне жіберілді. 

«Мен құқық қорғау органдарында сыбайлас жемқорлықтың қандай жүйесі бар екенін және процестік шешімдер қалай қабылданатынын түсіндім. Бірнеше рет құқық қорғау органдарына компаниямда мүлік пен активтердің үшінші тұлғаға сатылуы туралы арыздар жаздым, бірақ бәрі бекер. Менің Президентке, Президент Әкімшілігіне, Бас прокуратураға жазған көп өтініш, арызымның нәтижесінде істі тергеу сәуірде Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне тапсырылды. Тергеу орнынан қозғалып, алаяқтық пен бизнесімнің рейдерлігі туралы деректер анықталды. Бірақ 16 мамырда қала Прокуратурасынан қылмыстық іс қайтадан ЭТД-не тапсырылғаны туралы хабарлама келді», – деді ол.

Алматы қалалық ІІД қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігі және 127-бабының 1-бөлігі бойынша қалалық полиция департаментінің тергеу бөлімімен тіркеліп, тергеліп жатқанын хабарлады.

«Қазір кешенді тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр, оның ішінде Ресей Федерациясындағы халықаралық тәртіп аясында. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 24-бабының талаптарын қатаң сақтай отырып жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Алматы қаласы Полиция департаментінің алдын ала тергеу шаралары аясында ЖШС бұғатталғанын хабарлаймыз», – делінген хабарламада.

Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/basty-zhaalytar-438/87648/

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: