Сейсенбі, 19 наурыз, 11:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№23(2033)
19.03.2024
PDF мұрағаты

Медиация – бітімгерлік бастамасы

02.10.2021

1301 0

Байырғы бабаларымыз «Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» деп ел ішінде орын алған келеңсіздіктерді өзара келісіммен шешіп отырған. Өмір ақ пен қарадан тұрады. Ел болғасын әртүрлі жағдай орын алады. Бұрындары екі жақтан туындаған даулы мәселелерді арнайы билер алқасына салып саралайтын болған. Солардың кесімді пікіріне екі жақ бірауыздан келісіп, туындаған даулы мәселеге нүкте қойылатын. Бүгінде сол дәстүр сабақтастығы қайта жаңғырып, медиация тәртібі қолданысқа еніп отыр.

Екі адамның арасында туындаған даулы мәселені сот емес, медиатор арқылы шешу үрдіске айналды. Оның соттан басты айырмашылығы ортақ келісімге келуді міндеттейді. Қос тараптың да мәселесі толық қаралады.

Осындай орталықтың бірі – «Бітім» медиация орталығы» қоғамдық бірлестігі. «Қызылорда қаласында медиация қызметін дамыту» мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс аясында 2020 жылдың мамыр айынан бастап «Азаматтарды қабылдау орталығы» жұмыс істейді. Онда халыққа заңгерлік кеңес пен медиациялық көмек беріліп келеді. Бұл орталықтың құрылғанына екі жылға жуық уақыт өтті. Осы екі жыл ішінде 2487 қала тұрғыны орталық мамандарының көмегіне жүгінген. Өткен жылы 1240 адам түйіткілді мәселелерін шешсе, соның ішінде медиатор мамандарының көмегіне 975 адам жүгінген. Осы жылдың алты айында 1250 адамға қызмет көрсетіліп, 805 адамға медиатор көмегі ұсынылған.

– Медиация екі көзқарастың немесе екі жақтың ортасында болу, орта жолды ұсыну, бейтарапты болу деген мағынаны білдіреді. Заң нормаларына сүйенетін болсақ, медиация дегеніміз – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі болып табылады. Медиацияны қолдануда өз алдына мақсаттар қойылған. Ол – дауды шешудің екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу. Тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету. Құпиялылықты сақтау. Қазіргі таңда некені жалғастыруға, ата-ана құқықтарын жүзеге асыруға, балалардың тұрғылықты жерін белгілеуге, ата-аналарының балаларды бағып-күтуге, салымына қатысты ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушіліктер, сондай-ақ отбасылық қатынастардан туындайтын басқа да келіспеушіліктер медиация арқылы шешіліп отыр. Медиацияның ең негізгі артықшылығы, іс жүргізілу рәсімінің құпиялығы, яғни не болғаны, не айтылғаны құпия болып қалады. Медиация осы бағытта жұмыс жасайды.

Ежелде көшпелі қазақ қоғамында билер институты қалыптасқан. Бүгінгі қалыптағы медиация ХХ ғасырдың 2-жартысында АҚШ-тан бастау алып, Англия, Австралия, кейін Еуропада белең алған. Салт-дәстүр ерекшеліктері ескерілген сот жүйесі бар Еуропа мемлекеттері осы қағидаттармен қаруланып, сот жүйесіне медиацияны енгізген. Дамыған әлемде болып жатқан жағдайлар көбіне жаңашаланған – ерекше тәсілдер арқылы дау-дамайларды шешуді талап етеді. Біздің орталық мамандарының көмегіне жүгінген тұрғындардың көптеген даулы мәселелері оңтайлы шешіліп, медиативтік келісімдер жасалды. Ашып айтар болсақ, отбасы мәселесі оның ішінде неке дауы, кәмелетке толмаған баланың нәпақасын төлеу, мүлік, жер, еңбек салығы несие, қарыз ақша өндірту даулары мәселесі бойынша медиациялық келісімдер жасалды. Орталықтың жұмысы қала тұрғындарына қызмет көрсетумен шектелмейді. Көптеген іс-шаралар мен кездесулер ұйымдастырылды. Сөзіміздің дәлеліндей білім беру ұйымдарында және мекемелер мен кәсіпорындарда азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы қаламыздың барлық жоғары оқу орындары мен арнаулы кәсіби білім беру ордаларының студенттерімен кездесулер өткізілді. Алдағы уақытта да осы бағытта жұмыс жүргізіле беретін болады, – дейді «Бітім» Медиациялық орталығы» қоғамдық бірлестігі директоры Ләззат Бақтыбаева.

Медиация қызметін дамыту аясында кәсіби және кәсіби емес медиаторлардың тәжірибелері жетілдіріліп отырады. «Жалпы медиация курсы» бағдарламасы бойынша қала мектептерінің директорлары мен орынбасарлары, психолог мамандары және кәсіподақ қызметкерлері даярлық курсынан өтті. Курсқа қатысушылар «Конфликтология негіздері, жанжалдарды шешу негіздері және басқару түрлері» тақырыбы бойынша теория және практикадан өткізіледі. Медиаторға курсты табысты аяқтағандығы туралы сертификат, методикалық құжат, таратпа материалдары табысталады. Бұл әрбір маманның жұмысын жетік білетіндігін айғақтайды.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: