Жексенбі, 22 желтоқсан, 16:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Нысанбай жырау

29.06.2021

35229 0

Жыр елі атанған Сыр елінде шоқтығы биік жыраудың бірі – Нысанбай жырау. Оның есімі аталған тұста зерттеуші ғалымдар жырау, жауынгер ақын және тағы басқа теңеулерді қоса айтады. Бүгінгі ұрпаққа көп шығармалары жетпесе де бір ғана «Кенесары – Наурызбай» дастанының өзі қазақ әдебиеті мен тарихы үшін алтын қазына екені даусыз. Сыр елінен шық­қан жыршы-жыраулардың таланты, ел ішіндегі беделі, әр­бір айтқан сөзі мен жыры том-томға сыймайтыны анық. Бір анығы, Сыр сүлейлері туралы жазылған дүниелер де, олардың кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы да аз еместігі сияқты, олар­­­ды бүгінгі ұрпаққа насихаттай беру қай кезде де көптік ет­пей­ді. Өзіміз осы саланың зерттеушісі болмасақ та оқырман игі­лігі үшін зерттеу еңбектеріне сүйене отырып, жауынгер ақын атанған Нысанбай жырау туралы қалам тербегенді жөн көрдік.

Зерттеуші, этнограф Тынышбек Дайрабайдың құрастыруы­мен жарық көрген «Жалағаш жері – жыр кені» атты еңбекке Қызылорда облысы, Жалағаш ауданынан шыққан жыршы-жыраулар, ақындар, қаламгерлердің өмірбаяны, ел ішінен жиналған деректер мен зерттеулер, олардың бірқатар шығар­малары жинақталған. Нысанбай жыраудан басталған бұл жинақта жауынгер ақынның өмірбаяны туралы мынадай дерек жарияланған: «Нысанбай жырау Жаманқұлұлы, Ашамайлы Керейт, Сыр елінде қазіргі Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы Аққошқар елді мекенінде шамамен 1821-1822 жылдары туып, 1870 жылы Құлтары түбегінде қайтыс болған. Кейбір зерттеушілердің деректерінде 1883 жылы қайтыс болған делінеді» деп жазылған.

Ал кейбір деректер жыраудың Көкше жерінде дүниеге келгенін айтады. Бұл туралы филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Қосанов 2019 жылы облыстық «Сыр бойы» газетінде жарияланған «Нысанбай жырауды ұмытқан жоқпыз ба?» деген мақаласында зерттеушілердің мынадай дерегін алға тартады: «Кейбір деректерге қарағанда, Нысанбай Көкшетау маңында дүние есігін ашып, жастайынан Хан ордасына жақын өскені айтылады. Бір толғауында жыраудың:

«Менің атым – Нысанбай,

 Ат жібердім тұсамай,

Өзім жырау болыппын,

Ата-анама ұсамай.

Он бес жасқа келгесін

Төрені іздеп келгенмін –

Кенесары, Наурызбай.

Бірге өсіп ем ордада,

Ахмет, Тайшық қасында-ай», – дейтіні де бар. Нысанбай жырау шығармашылығын алғаш зерттеушілердің бірі  профессор Е.Ысмайылов жырауды 1824 жылы туған деп болжайды. Өз пікірін зерттеуші қисынды деректермен бекіткендей болады «Жыраудың туған жылын шамалағанда, 1824 жылға келіп қалады. Өйткені ол Кенесарыға келіп қосылғанда 15 жаста едім дейді. Ал Кенесарының атағы шығып, дәуірлеген кезі 1838-1839 жылдар. Наурызбайдың ерлік атағы 17 жасында шығады. Бұл да 1839 жылдар және Тайшық төремен бірге өсті дегеніне қарағанда, Нысанбайдың жас мөлшері тағы да көрініп қалады. Өйткені Тайшық ол жылдары 12-13 жастағы бала болуға тиісті. Сондықтан Нысанбайды 1824 жылы туған деудің қисыны келіп тұр. Нысанбай Тайшық төреден үш жас үлкен, Наурызбайдан үш жас кіші болып шығады».  Кейінгі кездері Нысанбайдың Қызылорда облысының Жалағаш ауданы төңірегінде туып-өскендігі де жазылып жүр. Бәлкім, жыраудың отбасы Марал ишан көтерілісі тұсында Сыр бойынан Арқаға қоныс аударған болар. Ол жағы беймәлім».

 Тағы да Т.Дайрабай құрастырған жинаққа сүйене отырып, жырау шығармашылығына тоқталсақ. Нысанбай жырау өз кезеңінде дауылпаз ақын болған, Абылайханның ақылшысы болған Бұқар жырау сияқты көреген, жауынгер ақын. Оның есімі Кенесары Қасымұлы бастаған азаттық күресін жырға қосқан «Кенесары-Наурызбай» дастаны арқылы бүкіл қазақ еліне кең тарады. Дәстүрлі батырлар жыры ізімен жырлай отырып, халық үнін де бейнелеген.

«Кенесары – Наурызбай» дастаны 1875 жылы С.Жантөрин мен Т.Сейдалиннің аударуымен «Записки Оренбургского отдела императорского русского географического общества» журналында жарияланған. 1912 жылы Қазан қаласында белгілі әдебиет жинаушысы Ж.Шайхысламұлы жеке кітап етіп бастырды, 1923 жылы Ташкентте Х.Досмұхамедұлының 1924 жылы Мәскеуде Н.Төреқұловтың алғысөзімен жеке кітап болып шықты. Кезінде бұл дастан жөнінде Х.Досмұхамедов: «…Нысанбай ақынның «Кенесары–Наурызбай» деген сөзін дұрыстап, 1896 жылы Ә.Диваевқа берген Ж.Басығараұлы екен. Біздің естуімізше, Жүсіпбек Сумұрын Жаппас Ораз деген ақынға жаздырып алған «Кенесары – Наурызбайды» баспаға берместен бұрын бірқатар қырғыз туғандарымыздың оқығандарына көрсетіп, олардың сынына салдық, олар жағынан бөтен сөз болған жоқ», – дегенін айтады.

Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы ғалым С.Дәуітұлы дайындауымен «Парасат» журналында, «Хан Кене» жина­ғында жарияланды. 1996 жылы «Қазақ халық әдебиеті» атты көптомдықтың 17-інші кітабында, басқа да көптеген жинақтар мен түрлі энциклопедияларда Нысанбай жырау жөнінде арнайы мақалалар жазылған.

Нысанбай ақынның «Кенесары-Наурызбай» дастанынан басқа Сидақ қожа, Көбек ақын, және Төремұрат жыраумен айтысқаны туралы деректер де кездеседі.

Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» тарихи дастанының бүгінде екі нұсқасы бар, бірі Ж.Шайхыслам­ұлының, екіншісі торғайлық ақын Қ.Қараевтың қолжазбалары бір-біріне ұқсас, көп айырмасы жоқ.

Нысанбай жырау Жаманқұлұылының атақты дастанынан басқа «Черняевтің Ташкентті алуы», «Нысанбай сөзі», «Асанқайғының «Қилы-қилы заман болар» деген сөзіне жауабы, «Күнімжанды алып келгенде» атты өлеңдері сақталған.

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов Нысанбай жыраудың белгілі дастанының ерекшелігін атап көрсетіп, оның «қайғылы оқиғаның қызығы мен қайғысының қалың ортасында» жүріп, қан майданның ішінен шыққан жортуылшы ақын, қалың қолдың жыршысы болғандығында» деп ерекшелігін атап көрсетеді: «Қайғылы оқиғаның қызығы мен қайғысының ортасында болған ақын дастанды шындыққа ғана құрып, кестелі тілмен суреттей жазған. «Кенесары-Наурызбай» жорығы туралы кейінгі талай ақын түрлі өлең шығарса да, дәл Нысанбай жеткен өріске жеткен емес. Нысанбай жырында оқушының көз алдында ағып отырған қандай қызулы, жанды шындық бар. Бұл өлең ақын қиялының еріккендегі ермегі емес. Барлық сөзінде сол жорықтың қуанышы мен қайғысын кеше ғана көз алдынан өткізген, көзі көргеннің жаңалығы бар. Көп қолмен бірге кешегі тарыққан қайғы, мұң, арманы бар», – деп жазған.

Ақын Әбділдә Тәжібаев: «Мұхтар Әуезов өте ірі тұлға және көреген ақын деп санаған Нысанбай – XIX ғасырда өмір сүрген Кенесары ханның ең жақын достарының бірі, оның сүйікті жырауы. Нысанбай жырлаған Кене хан біздің дәуіріміздегі ең ірі тарихи дастандардың бірі және соңы деуге болады. Кене мен Наурызбайдың набыт болған күндеріне дейін барлық трагедиялық қайшылықтарын түгел жеткізе суреттеген қазақ елінің сүйікті дастаны. Бұл дастан кейін Кене ханмен бірге жабылды, оны ауызға алу қылмыс саналды. Сол ғажайып дастанның босанар күні бүгін туды. Жаңа ұрпаққа, талантты оқырман қауымға ұсыну керек» деп жазған екен.

 Жырау шығармашылығында шоқтығы биік дастанның ұлт тарихында ойып орын алатынын атап көрсеткен тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев: Нысанбай жыраудың дастаны мен жоқтауында берілген фактілер мен бағалар жырау өмір сүрген тарихи кезеңдегі қазақ арасында Кенесары қозғалысына байланысты кең тараған пікірлермен үндес, яғни орыс шенеуніктері мен әскер адамдарының қолынан шыққан құжаттық материалдарда берілген тұжырымдар мен көрсетулерден өзгеше. Солай болуы, әрине, толық табиғи нәрсе. Егер орыс шенеуніктерінің қолынан шыққан құжаттар жаңа жерлер мен елдерді отарлау жолында тұрған патшалық әкімшілік орындарының ұстанымын білдірсе, қазақ ақын-жырауларының туынды, естеліктері керісінше отарлануға ұшыраған ұлт өмірінің ішкі-көңіл күйінен хабар береді. Жырау бір жағынан Ресей патшалығы мен Қоқан хандығы тарапынан төнген қауіпке қарсы Кене хан бастаған әрекеттің жалпыұлттық мәні мен маңызын терең ұғына отырып, оған мүмкіндігінше қолдау көрсету қажеттігін түсініп, қоғамды соған шақырса, екінші жағынан ол тура басталған істің ең соңында қайғылы бағыт-бағдар алып (қырғыз еліне жасалған қиянат), халық күткендей нәтижемен аяқталмағандығына өкінеді, шексіз-шетсіз мұңға батып күйінеді. Сондықтан да жырда Кене хан бастаған қозғалысқа байланысты жыраудың көңіл-күйі көтеріңкі емес, басыңқы. Көтеріліске байланысты жырау көңіліндегі бұл жағдай жалпы қоғамдағы жағдайдың көрінісі болатын. XIX ғасырдың алғашқы және орта тұсындағы батыста Арынғазы, Исатай, Жоламан сияқты тұлғалар, оңтүстік-батыста Жанқожа, Бұқарбай сияқты батырлар, оңтүстік шығыста Саурық, Сұраншы, Байзақ сияқты би-батырлар, ең соңында солтүстіктен Кене хан бастаған ел мен жердің тұтастығы мен азаттығы үшін жүргізілген қарулы күрес ұлт үшін күткендей нәтижемен аяқталмады.

Кене хан бастаған қозғалыс бұл тарихи кезеңдегі жалпыұлттық әрекет-қимылдың шарықтау шегі, соңғы қорытындысы еді. Сонымен бірге бұл қозғалыс ортақ мақсатқа бір қысқа сәтке болса да батыстағы Жоламан Тіленшіұлын, оңтүстік батыстағы Жанқожа Нұрмұхамедұлын, оңтүстік шығыстағы Саурық Ыстанбекұлы, Сұраншы Ақынбекұлы, Байзақ Мәмбетұлын бір ту астына жинай білді, біріктірді. Басқаша айтқанда, Кене хан бастаған қозғалыс бүкіл қазақ елін ортақ мақсатқа біріктіре алатын ұлттық идея бар екендігін көрсетіп берді. Досқожа, Нысанбай және Сүйінбай сияқты сол заманның ойшыл ақын-жыраулары өз шығармаларында осы негізгі ойды бедерлеп, елдің еркіндігі және қазақ жерінің тұтастығы үшін күресте кайрат, жігер танытқан ерлерді қолдауға шақырды.

Нысанбай жырау Кене хан бастаған қозғалыстың ұлт-азаттық сипатын терең түсініп, ақын ретінде ханның қоғамдық-саяси ұстанымын қабылдап, бұл күрестің ыстығы мен суығын, ащысы мен тұщысын оның бастаушысымен бірге күрестің соңғы сәтіне дейін бөліскен тарихи тұлға. Жырау Кенесары мен Наурызбайға байланысты баянын ә дегенде-ақ Абылай хан ұрпағының саяси ұстанымына байланысты көзқарасын білдіруден бастайды. Бұл әулетті ол қазақтың жері мен елінің тұтастығы және тәуелсіздігі жолында жан алып, жан беріскен әулет болғандығы үшін құрмет тұтатындығын анық білдіреді. Жыраудың түсінігінде Кенесары сияқты мемлекетшіл тұлға ел корғаны, ал оның қызметі ұлттық мемлекеттілікке ұмтылыстың көрінісі. Кене хан халыққа ие билеушілер қатарында, сондықтан да қамқоршы болар ханы жоқ елді жырау «шегірткеге таланған қырғауылға» немесе «жапалақтан сескенген жалғыз қазға» теңейді. Абылай, Кенесары сияқты «хандарынан айрылған иесіз жұртта» сынның да болмайтындығын айтады.

Кенекем менің кеткен соң,

Заманым қалды тарылып.

Салтанатты хандардан

Жетім қалдым айрылып!

Екі бірдей қанатым

Топшыдан сынды қайрылып!

Балдағы алтын ақ берен

Тасқа тиді майрылып.

Кемшілік түсті басыма,

Көрінгеннен қаймығып, — дейді.

Жыраудың бұл ойын араға жарты ғасыр салып ұлт-азаттық қозғалыстың келесі кезеңінде оның басшысы Әлихан Бөкейхан да білдіреді. Оның тұжырымынша, «ұлттық мемлекеттігі жоқ халық жетім, жетекшіл, жалтақ халыққа айналмақ. Басқаша айтқанда, «Кенесары-Наурызбай» жыры бұл мемлекетшіл ұстанымдағы жыраудың шығармашылығынан туған жыр» деп жазады.

Нысанбай жырау шығармашылығы туралы зерттеулерден кейін үзіліп қалу себебін ғалым Мәмбет Қойгелдиев кеңестік кезеңнің саясатының ықпалы екендігін айтады: «XIX ғасырдағы ақын-жырау шығармаларындағы бұл ортақ пікір кейінгі кезеңде сәл көмескі тартып, қазіргі буын зерттеушілері үшін түсініксіздеу бола бастаса, оның себебін өткен ғасырдың 40-50 жылдары жүргізілген репрессия саясатынан іздеген жөн. Басқаша айтқанда, кеңестік билік тұсында бұл тақырыпты объективті ғылыми негізде зерттеуге тыйым салынуына байланысты мәселені тура түсіну және қорыту ісіндегі ұрпақаралық сабақтастық үзіліп қалды», – дей келе Нысанбай жырау шығармаларын зерттеу нысанына алған ғалымдар Есмағамбет Ысмайлов, Ермұқан Бекмахановтың тұтқынға алынғанын тергеу құжаттарынан үзінді келтіре отырып жазады.

Нысанбай жырау шығармашылығы әлі де зерттеуді қажет ететінін түркітанушы, филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Қосанов та айтып жүр. Ғалым өзінің мақаласында: «Кенесары-Наурызбай» жыры мен Нысанбайдың тағдыры егіз. Кешегі кеңес үкіметінің тұсында, ХХ ғасырдың 40 жылдарына дейін аталған шығарма да, оның авторы да қазақ әдебиеті мен тарихында оқтын-оқтын сөз етіліп, зерттеушілер тарапынан қилыша бағаланып келді. Әрине, мұның бәрі – саясаттан, кеңестік жүйенің қазақ тарихына деген тұрпайы көзқарасынан туындап жатты. Кенесары мен Наурызбайды, олардың тағдырын, ерлікке толы соңғы күндерін жырмен суреттеген Нысанбайды бірлі-жарым Алаш зиялылары мақтағанмен, көпшілігі, жаңа қоғамның белсенді өкілдері, әсіресе, солшыл большевиктер жағы тек даттаумен болды.

Ал өткен ғасырдың 50-жылдарынан бері қарай бұл тақырып мүлде жабылып, оқу бағдарламаларынан алынып тасталғаны белгілі. Енді Нысанбай жырау шығармашылығы жөнінде білгісі келетін оқырман тек шаң басқан мұрағат, кітапхана қорларынан ғана іздейтін болды. Сөйтіп, қазақтың соңғы ханы Кенесары мен жыраулық поэзияның ақырғы өкілі жарты ғасырдай мезгіл туған халқынан көз жазып, архив-абақтысында тұншығып жатты. Бұл тақырып жайында жазу, зерттеу жұмыстары Қазақстан тәуелсіздік алған 90-шы жылдары ғана мүмкін болған еді. Ұзақ  үзілістен соң, «Кенесары-Наурызбай» жырының бір нұсқасы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалымдары әзірлеген «Тарихи жырлар» сериясының 3-томына енді. Әйткенмен, осынау ғажайып жырдың әдепкі иесі – Нысанбай жырау Жаманқұлұлы шығармашылығы туралы түбегейлі зерттеу жұмыстары әлі күнге жарияланбауы – бұл тақырыптың өзектілігін ғана емес, оның шешімін таппаған мәселелері жетерлік екенін аңғартады.

Бір айта кетерлігі, Нысанбай жырау хақындағы қай мақала болса да, авторлардың Алаш әдебиеттанушыларының 20-30 жылдары жазылған осы тақырыптағы еңбектеріне сүйенгендігін байқаймыз. Бұл орайда Х.Досмұхамедұлы, М.Әуезов, Е.Ысмайылов, Қ.Бекхожин, С.Мұқанов, Қ.Жұма-лиев, Е.Бекмахановтардың «Кенесары-Наурызбай» көте­рілісі туралы ойлы еңбектерін бөле-жара атаймыз. Осы қатарда Р.Бердібаев, С.Қирабаев, Х.Сүйіншәлиев секілді есімдері көпке танылған әдебиеттанушылардың аталмыш жырау туындысы мен оның қаһарман қайраткерлері жөніндегі мақалалары елеулі маңызы бар. Сондай-ақ тәуелсіздік жылдарында Нысанбайдың өмірі мен оның «Кенесары-Наурызбай» тарихи жырын арнайы зерттеген ізденімпаз ғалым Ф.Бейсембаевтың еңбектері де назар аударарлық.

Кенесары қозғалысы – тәуелсіздік үшін күрестің шырқау биігі екенін ескерер болсақ, зерттеушілеріміз Нысанбай жырау шығармасы төңірегінде сан қайтара қалам тербейтіні сөзсіз. Нысанбай – қазақ әдебиеті тарихынан ойып орын алатын, қазақ арасында мойындалған, аса қадірлі, тегеурінді талант иесі. Оның «Кенесары-Наурызбайдан» өзге де бірталай туындысы сақталғаны жайында деректер бар. Осы бағытта біраз ғылыми ізденістер, әдеби іссапарлар жасау қажеттігі де сұранып тұрған жұмыс. Нысанбай жыраудың шығармалар жинағын, «Кенесары-Наурызбай» поэмасының ғылыми басылымын және арнаулы зерттеу монографияларын жазып, жарыққа шығару – бүгінгі ұрпақтың мәртебелі борышы» деп жазады. Демек тәуелсіздіктің мерейлі жылында ұлт тарихы мен әдебиетінде шоқтығы биік Нысанбай жырау секілді әлі зерттеуді қажет ететін тұлғаларды тану, насихаттау бүгінгі ұрпаққа парыз.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: