Жұма, 08 қараша, 22:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№88-2098
05.11.2024
PDF мұрағаты

Өміршең өлең өрнектерімен баураған ақын

29.10.2024

1257 0

Өлең өлкесінде өзіндік өрнегімен танылған белгілі журналист Қаршыға Есімсейітованың есімі бүгінде қалың оқырманға кеңінен танымал. Ақынның сыршыл лирикаға толы жыр жинақтары жырсүйер қауымның жата-жастана оқитын туындысына айналды. Поэзия әлеміне өзінің буырқанған шабытымен келген шығармашылық иесінің есімінің қойылу сыры да ерекше.

– Мен дүниеге келерде әкем түс көріпті. «Жаз уакыты. Сарысу бойындағы «Телікөл» су айдынын жағалай аппақ ақшаңқан үйлер тігулі екен. Көл үстінде аққу-қаз қонған, құс базарындай керемет шақ екен. Киіз үйден шығып адамдар құстардың сән-салтанатын тамашалап тұр екен. Кенет бір кішкентай қаршыға көкті тіліп өтіп, көл үстіндегі кұстардың ортасында әрлі-берлі ұшып, ойнақ салыпты. Құстар кішкене құсқа ығысып жол беріп, әп-сәтте қаршыға құс көл үстін тілгілей ұшып келіп, көп адамның ортасында тұрған әкемнің иығына қоныпты. Айнала жұрт мәресәре болыпты. Ұйқыдан оянып кеткен әкем аяғы ауыр анама: «Дүниеге өзі еркін, батыл, бақытты бала келеді екен. Қыз болса да, ұл болса да атын Қаршыға қоямын», – депті. Менің есімімнің Қаршыға атануының тарихы осындай, – дейді Қаршыға апай.

Иә, шынында қаршыға деген бап таңдамайтын қырағы да өжет құс. Ақын мінезінде батылдық, қайсарлық бар секілді. Ал өлеңдерін оқысақ, нәзік иірімдері жанды баурап алғандай.

Қырмызы гүлі жаныма дауа,

Тап – таза, тұнық таңында ауа,

Кемпірқосақ боп боянды әлем,

Көктемнің алғаш жаңбыры жауа.

Көрікті еді табиғат неткен…

 Гүліңді сүйдім иіліп еппен,

Өн бойым балқып сезімге толды,

Оянып бір сәт ұмтылып кеткен.

Көкорай шалған бөктерің қандай,

Тамсантты жанды, қақтырып таңдай

Бұлақтан аққан суың да балдай,

Тосамын самал желіңе маңдай.

 Рахатқа батып, қуанып келем,

Шежіре дала өзіңе сенем,

Бабалар рухы елес боп кезген,

Маң дала сенің кейпіңе енем.

 Шынында, туған жердің табиғатын сүю, оған бар жан-тәнімен табынудан ақын жаны рахат табады. Самал желіне маңдай тосып, рух көгінде еркін самғайды. Кіндік кескен жер өнер иесіне бақыт сыйлайды.

Сыр – Анаға тамған еңбек терім бар,

Сыр – Анадан алған ыстық демім бар.

 Егіз өмір қатар ағып келеміз,

Сол толқында замандасым, ұрпағыммен теңім бар.

 Өмір мені Жер – Анаға байлады,

Ұмсынбадым қолжетпеске айдағы.

Ен байлығым туған жердің төсінде,

Қалың елім Сырдың бойын жайладым.

Жаным тыныш, ұрпағым бар саналы,

Өркендетті ауыл менен қаланы.

Шат күлкілі сәбилер жүр соңымда,

Бөлеп нұрға күн менен Жер-Ананы.

Ақын құдіретті Жер-Анаға деген махаббатын ерекше иіріммен, тың ұйқаспен тебірене жырлайды. Ақынның ұлылығы қол жетпес айға қол созбай, туған жерді түлетуге тер төгуінде еді.

Жалғандығын мына өмірдің ойлап тағы қамықтым,

Қуаныш пен қайғы арасын бағамдадым, қанықтым.

Менің жаным кейде албырт, кейде дауыл соғатын,

Сондықтан да жазарым да айтарым анық тым.

Бұл өмірдің сабағынан мол мағлұмат алыппын, – деген өлең шумақтарында философиялық ой түйіндеп, өмір сабағының айтары мол екенін, дүниенің жалғандығын, тіршілікте қайғы мен қуаныш алмасып отыратын құбылыс екенін шебер суреттейді.

Лирик ақын бір сәт сезімнің жетегіндегі көңіл күйінің аласапыран сәтін толғайды.

Үнсіз жүріп, өз-өзіне тіл қатқан,

«Сабыр бер» деп Тәңіріне үн қатқан.

Жұмбақ жанмын, шулы ортадан жырақтап,

Оңашада қиял мініп түн қатқан.

Мың жігіттің көзіндегі нұрына,

Шомылсам да бір-ақ жанды ұнатқам!

Тіл қатады, ол да маған жырақтан.

Неткен жұмбақ өмір күйін сұратқан.

Шөліркетіп, адастырып бұлақтан,

Неткен ғажап! Миллиондардың ішінен,

Жүрегімді бір өзіңе құлатқан О, Тәңірім!

Сезімдерім ала қашпай алысқа,

Өз ортама, отбасыма тұрақтан.

Жауап іздеп сабылма сан сұрақтан.

Сезім сыры сан тарау.

Жүрек соған жалғыз әмірші.

Ақынның айтпағы сезім патшалығының құпия әлеміне бойлап, жүрек лүпілін тыңдау. Бір адамға деген құштарлықты көңілге бекіту, сол сезімнен ләззат алу, өмірге құштарлықты ояту.

Ақ күмістер зергер көктен төгіліп,

Мен келемін, таңғы нұрға малынып.

 Ағаш біткен өрнектейін өріліп,

Тұра қалған ақ моншақтар тағынып деп зерлеген жырда да ақын сезімінің моншақ тамшысы бар.

Табиғатпен егіз ақын жүрегі сыршыл да, сезімтал.

Сезімдерім жанымның жапырағы,

Мені терең ойларға батырады.

Қалтырайды жүрегім жел өтінде,

Уана алмай шырылдап жатыр әлі.

Ақ қырауға малынып атырабы,

Муза – дала серуенге шақырады.

Муза – даламен серуенге шығып, өлең өлкесінің керемет баурайында жырдан шашу шашып, ел көзайымына айнала беріңіз, Қаршыға ақын!

Г.Қожахметова

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: