Сенбі, 20 сәуiр, 15:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Бас партия өзгеріске бет бұрды

06.03.2022

439 0

Осы аптадағы елдегі маңызды жаңалықтың бірі ретінде бұған дейін «Nur Otan» аталған, 1 наурыздан бастап атауын «AMANAT» деп өзгерткен бас партияның кезектен тыс съезін атап өтуге болады. Партия съезіне қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен барша қазақстандықтарды алғыс айту күнімен құттықтап, «Жаңа Қазақстанды» құру жөніндегі ауқымды міндетті орындауға кіріскенін мәлім етті.

– Саяси ұйымның атауын «AMANAT» деп өзгерту ұсынылды. Жасыратын ештеңе жоқ, мен де бұл мәселеге байланысты пікірталасқа қатыстым. Бірнеше ұсыныс болды, соның ішінен «AMANAT» деген атауға тоқтадық. Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады. «AMANAT» ата-бабаларымыздың келешек ұрпаққа қалдырған өсиеті деген ұғымды білдіреді. Аманат сөзінің – мағынасы терең, халқымыздың тарихы мен мәдениетінде ерекше орын алады. Ол бабаларымыз өсиет еткен тәуелсіздіктің мәңгі арман-мұраты, қуатты мемлекеттіліктің және жалпыұлттық тұтастықтың, кең-байтақ Отанымыздың құндылығы ретінде сипатталады. Біз осы баға жетпес мұрамызды сақтап, нығайтуға тиіспіз. Бұл – біздің аға буын мен өскелең ұрпақ алдындағы қастерлі борышымыз. Сондықтан мен партиямызды ресми түрде «AMANAT» деп атауды толық қолдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өткен айда жүргізілген ауқымды аналитикалық жұмыстар партия қызметіне маңызды өзгерістер енгізу қажет екенін көрсетті деп атап өтті.

– Партия аппаратының жұмысында бюрократияның теріс сипаттары анық көрінді. Желілік кестелер, есеп беру және қағаз жүзіндегі іс-шаралар сайлаушылармен тікелей жұмыс істеуді екінші орынға сырғытты. Жұмысқа құлшынып тұрған азаматтар өз орындарын дарынсыз функционерлерге беруге мәжбүр болды. Сондықтан орталық аппараттың филиалдармен және бастауыш партиялық ұйымдармен өзара іс-қимыл әдістерін толығымен қайта қарау қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракциялардың қызметін жандандыру керек.

– Әлеуметтік желілер мен қала алаңдарындағы қоғамдық талқылауларды Парламент пен мәслихаттарда өткізген жөн. Бұл – аса маңызды міндет. Фракциялар депутаттық сауалдармен шектеліп қалмай, парламенттік және қоғамдық талқылаулар мен ашық пікір-сайыстарға баруға тиіс. Керек болса, Үкіметтің нақты мүшелері мен әкімдерге сенім мәселесін көтеру қажет, – деді партия төрағасы.

Партия төрағасы елімізді одан әрі жаңғырту үшін партияластарынан тың ұсыныстар күтетінін атап өтті. Сондықтан жалпы-ұлттық өзекті мәселелер күн тәртібін әзірлеу үшін Қазақстанның әрбір азаматынан тың идеялар мен ұсыныстар жинау жөнінде республикалық акция ұйымдастырған жөн. Мемлекет басшысы партияластардың ішінен сенімді адамдарды іріктеп, оларды ілгерілету ісін жалғастырған дұрыс деп санайды.

– Ашығын айтқанда, қазіргі кезде саяси менеджерлерді даярлау ісі ақсап тұр. Қазіргі жағдайда саяси басшылар түрлі маман-дармен, жастармен, журналистермен, халықтың барлық өкілдерімен тіл табыса алуы керек. Мұндай адамдар ел арасында аз емес. Әлеуметтік лифтінің жоқтығы – бірден-бір кедергі. Жас әрі қабілетті мамандарға мүмкіндік бермейміз. Бұл – біздің басты кемшілігіміз. Партия құрылымында Саяси менеджмент академиясы бар. Осы академияның қызметін күшейту қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Украинадағы жағдайды сөз ете келе Қауіпсіздік Кеңесінің бірқатар отырысын өткізгенін жеткізді. Қазақстан Президенті санкциялық қарсылықтың бұрын-соңды болмаған шиеленісуі жағдайында Үкіметке елдің тұрақты әлеу-меттік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер жүктегенін айтып, біздің экономикамыз дағдарыс жағдайында үздіксіз жұмыс істеуді қамтамасыз ету үшін санкциялық сын-қатерлерге қарсы тұруға дайын болуы керектігін қаперге салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев елдің қауіпсіздігі мен халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға уәде берді.

А.БЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: