Жексенбі, 28 сәуiр, 10:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

Жастар бақылаушы болуға ынталы

05.11.2022

783 0

Алда үлкен саяси науқан. Бұл сайлаудан халық үміт күтіп отыр. Президент сайлауы әділ өтеді әрі оған лайықты үміткер сайланады деп сенеді. Кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында тәуелсіз «Бақыла» қоғамдық қозғалысы құрылды. Мұндағы мақсат – азаматтардың дауысының бұрмаланып кетпеуін, ұрланбауын, қоқыс жәшігінде жатпауын қадағалау. Сонымен қатар бақылаушының құқығын қорғау – назарда. Қазіргі таңда бүкіл ел аумағында қозғалыс мүшелері жұмыс істеуде. Біз Қызылорда облысы бойынша бақылауды үйлестіруші Талғат Меңдібаймен қоғамдық қозғалыстың негізгі жұмыстары жөнінде сұхбат жүргізгенді жөн көрдік.

– «Бақыла» қоғамдық қозғалысы жөнінде толығырақ тоқталсаңыз…

– Қоғам  кезектен тыс Президент сайлауының ашық әрі әділ өткенін қалайды. Сондықтан осы мақсатта «Бақыла» қоғамдық қозғалысы республикалық деңгейде жұмысын бастады. Көптеген бақылауда тәжірибесі бар Дос Көшім, саяси мәселелерді талдап жүрген Асхат Хасанғали секілді азаматтар бірлесіп, республика көлемінде осы қозғалысты қолға алды. Жалпы бұл қозғалыстың жұмысы 20 қарашада болатын кезектен тыс Президент сайлауында бақылау жасау. Бақылау жасау дегеніміз белгілі бір дең­гейде демократиялық қоғамның көрсеткішін көрсетеді. Өйткені бізде еріктілік негізде бақылаушылар қатысып, сол жерде құқық бұзушылықтар орын алып жатса соны тіркейді де әрі қарай мәлімдеме жасайды. Ол мәлімдеме сәйкесінше ұсыным хат болып беріледі. Қозғалыс қазіргі таңда 26 қала бойынша жұмыс істеп жатыр. Республикалық штаб бар. Әр қалада өзінің штабтары бар. Қаладағы ашық сайлау учаскелерін қамтиды. Қозғалысқа бірнеше үкіметтік емес ұйымдар ерікті негізде қосылған.  Біздің мақсат – сайлаудың шынайы өтуіне атсалысу.

– Бақылаушылар институтын дамыту – үлкен жауапкершілік. Бұл қозғалысқа қы­зығушылық танытып жатқандар көп пе?

– Иә, біз әлеуметтік желіге «бақылаушы­ларды іздейміз» деп жарияладық. Қазақстан бойынша 6 мыңға жуық бақылаушыны оқыту жоспарлаған. Сол тарапта біраз адам кері байланыс жасап, хабарласты. Қызығушылық таныт­қан азамат көп. Бақы­лаушылардың жасына шектеу жоқ, 18 жастан асса болды. Алайда басым­дық жастарға беріледі.

Қызылорда қаласында 99 сайлау учаскесі бар. Солардың әрқайсысына бір-бір адамнан қоюды жоспарлап отырмыз. Оларды оқытамыз. Көбіне жастардың қызығушылық танытуы қуантады. Өйткені жастар – қоғамның күші.

Ескеретін жайт, бақылаушыларға қаржы төленбейді, тек қана саяси тәжірибе мен азамат­тық қоғамды дамыту мүмкіндігін  береді.

– Бақылаушыларды даярлау жөнінде айтып өтсеңіз…

– Белгілі саясаттанушылар мен қоғам бел­сен­ділерінен құрылған ұйым тәуелсіз бақы­лаушыларды оқытып, сайлауға дайындайды. Оқыту курсы бүкіл ел аумағында офлайн және онлайн түрде өтеді. Дәрісте сайлау процесі жайлы толық түсіндіріліп, құқықтық білім беріледі.

Ең алдымен қалаға жауапты үйлесті­рушілерге, Дос Көшім ағамыз бақылаушылар жайлы сабақ өтті. Бақылаушылар даярлау шағын комплектілі класс секілді бөлініп өтеді. Бақы­лаушылардың құқықтары, олар қандай алго­ритмдер жасайды?  Мысалы, таңғы 6-00-ден кешкі сағат 20-00-ге дейін бақылаушы орнында отыру керек. Оның арасында түскі асын ішіп алуға, учас­ке­сіне дауыс беріп қайтуға құқылы. Сондықтан да бақылаушылар даярлау біздің қалада қолға алынуда.

– Бақылаушылардың құқықтары мен міндеттері қандай?

– Бақылаушылар қандай да бір партияға мүше болмауы керек. Қозғалыс кандидаттарды қолдамайды, мақтамайды немесе даттамайды, процесті бейтарап бақылайды.

Бақылаушының құқықтарына тоқталып өтсек, ол таңғы 6-да келіп отыруы керек. Сол жер­дегі сайлау учаскесінің басшысымен танысып, өзі­нің жолдамасын көрсетеді. Тек қана отырып бақы­лайды. Оның құқығы сайлау жәшігінің дұрыс тұруы, сайлау учаскесінде белгілі бір кандидаттың суретінің тұрмауы, барлық кан­дидаттың есімі біркелкі жазылуы деген секілді мәселелерге көңіл аударады. Сонымен қатар сай­лау барысын бақылаушы өзінің күнделігіне жазады. Қандай құқық бұзушылықтар, тәртіптер бұзылғаны жөнінде. Бұл жерде бірнеше партияның ба­қылаушылары, ерікті бақылаушылар, тәуелсіз және шетелден келген бақылаушылар барлығы бірге жұмыс істейді. Олардың негізгі міндеті – сайлаудың шынайы өтуін қарау, заңсыздықтарды тіркеу, азаматтардың таңдауының бұрмалануына жол бермеу. Яғни сайлауда әр аза­­маттың таңдауына құрметпен қарап, берілген дауыс­тың тиісті жерге жетуіне атсалысу. Бұл – тәуелсіз бақылаушылардың басты позициясы.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Әңгімелескен Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: