Сенбі, 27 сәуiр, 02:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Жолақы арзандады ма немесе 5 теңгенің үнемділігі

12.12.2020

1264 0

Осы аптада қалалық мәслихаттың кезектен тыс жетпіс бірінші сессиясы өтті. Оған қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, қалалық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Мұхитжан Кәрімбаев, халық қалаулылары мен қала әкімінің орынбасарлары, сала басшылары және БАҚ өкілдері қатысты. Күн тәртібінде

3 мәселе қаралды.

Алғашқы мәселеде «2020-2022 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлнәр Баймаханованың баяндамасы тыңдалды. Ол қала қаржысының және салық түсімдерінің қалай жүзеге асып жатқандығына тоқталды.

Келесі мәселе бойын­ша қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашы­лығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бө­лімінің басшысы Біржан Далабаев жолақы тарифіне тоқталды. Бүгінгі күні «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарлама­сын орындау мақсатында «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС теңгеріміндегі қалаішілік қоғамдық көліктерде жолақысын электронды төлем жүйесі арқылы төлеу толық енгізілді.

«Автомобиль көлігі туралы» ҚР 2003 жылғы 4 шілдедегі N476 заңының 19-бабының 2-1 тармағында «Тариф жергілікті атқарушы органның шешімімен маршруттың түріне, жол жүру билетінің түріне, төлем тәсіліне, сондай-ақ тасымалдау қашықтығына немесе жүріп өткен аялдама пункттерінің санына қарай сараланады» деп нақты көрсетілген.

– Сараланған жол ақысын ұялы байланыс операторының көрсе­тілетін қызметтері арқылы немесе электрондық жол жүру картасы бойынша қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде – 85 теңге, ал жолақысын қолма-қол ақшамен төлеу барысында  – 90 теңге ретінде ұсынып отырмыз, – деді бөлім басшысы.

Нәтижесінде 2020 жылғы 23 қарашада қала әкімімен «Қызылорда қаласының аумағында жолаушыларды қалалық қатынастарда автомобильмен тасымалдауға сараланатын тарифті белгілеу үшін келісім алу туралы» қаулы қабылданған болатын. Аталған қаулыға келісім беру туралы қала әкімінің ұсыныс хаты қалалық мәслихатқа осы жылдың 27 қарашасында ұсынылды.

Б.Далабаевтың айтуынша, бұл төлем жүйесі енгізілген жағдайда қала тұрғындары электронды төлем тәсілін тұтынуға басымдық береді. Осы тариф енгізілгеннен кейін көлеңкелі бизнеске кетіп жатқан қаражатқа тосқауыл болып, «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС материалдық техникалық базасын жақсартуға мүмкіндік болады деп есептейді.

Сессия барысында қалалық мәслихаттың депутаты Ғалымбек Жақсылықов:

– Қолма-қол және электрондық төлеудің айырмашылығы 5 теңге. Сонда екеуінің тиімділігі қандай? – деген сұрақ қойды.

– Негізі басқа облыстарда жолақы 120 теңгеден. Біздің қалада тарифті бірқалыпты ұстап отырмыз. Пандемия кезінде халықтың қалтасы жоғары бағаны көтермейді. Ал тиімділігіне келсек, жолаушы электрондық картамен қоғамдық көлікпен бір күнде бірнеше рет қатынауы мүмкін. Ол кезде 5 теңгенің өзі әжептеуір үнем болады, – деп түсіндірді Б.Далабаев.

Тілші түйіні: Сессияда қаралған мәселелерді депутаттар қолдады. Тарифке келісім берді. Әрине, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында электрондық картаны жұмыс істеу жүйесін арттырған дұрыс. Бірақ оған біздегі қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасы да дайын болуы қажет. Әйтпесе маршрут мәселесі әлі күнге дейін көптің көңілінен шыға бермейді…

Суретті түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: