Сенбі, 27 сәуiр, 04:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Былғары қолғаптың бабы мен бағы

01.02.2022

935 0

Кәсіпқой бокста қазақ жігіттерінің бәсі жоғары. Кезінде олимпиада чемпионы, Азия және ел біріншіліктерінде жұлдызы жарқыраған боксшыларымыз уақыт өте кәсіпқой боксқа бет бұрды. Соңғы жылдары кәсіпқой бокстың шаршы алаңында қазақ жігіттерінің саны артты. Саны артып қана қойған жоқ, талай мықтыны сұлатып, чемпион атанды. Жеңіліс аз, жеңіс көп. Қазақ спортшыларының жетістіктеріне әлем сүйсініп қарап жүр.

Кәсіпқой бокс рингінде ақша жетерлік. Бір жекпе-жектен миллиондаған қаражат түседі. Соған орай, спортшыларға қойылатын талап жоғары, ал бәсекелестері «сайдың тасындай» кіл мықтылар. Бірақ бұл үдеден біздікілердің мүдірген кезі аз. Мансабын жақсы нәтижемен бастаған күрзі жұдырық иелері, біздің жігіттерге келгенде тайсалып қалады. Арты оңбай шаршы алаңда таяқ жейді.

Зер салып қарасақ, өзін мықтымын деген қазақтың былғары қолғап шеберлері осы спорт түріне ауысады екен. Соңғы жылдары бұлардың қатары күрт өсті. Алайда нәтиже де жаман емес. Кәсіпқой бокста жалпы «мен» деген қазақ жігіттері жетерлік. Соның ішінде Геннадий Головкин, Жәнібек Әлімханұлы, Данияр Елеусінов және жерлесіміз Қамшыбек Қоңқабаев секілді боксшылардың бәсі де, нәтижесі де жоғары. Енді осы төрттікке жеке-жеке тоқталып өтелік.

Кәсіпқой бокста GGG деген лақап атпен танылған Геннадий Головкиннің алар орны ерекше. Ол да әуелгіде мансабын әуесқой бокспен бастаған. Кейін жаңа бағытқа ауысты. Ол екеуінде де жеңіс тұғырынан көрінген тәжірибелі спортшы. Гена әуесқой бокста 2003 жылы әлем чемпионы болса, келесі жылы олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды.

Ал кәсіпқой боксқа ауысқалы оның есімі әлемде үлкен танымалдылыққа ие болып, бірталай жетістікке жетті. Нақтырақ айтсақ, WBA (2010-2018), IBF (2015-2018, 2019 жылдан бүгінге дейін), WBC (2016-2018) тұжырымдары мен The Ring (2018-2018) журналының чемпионы атанған. Сондай-ақ GGG 2008 жылдан 2017 жылға дейінгі аралықта 9 жыл бойы 23 кездесуін қатарынан нокаутпен жеңген боксшы әрі чемпиондық атағын 20 рет қорғаған. Жасы отыздан асса да былғары қолғабын сандыққа салмаған боксшы әлі де жақсы нәтижелерімен көзге түсуде.

Данияр Елеусінов те кәсіпқой бокста тәуір нәтижеге қол жеткізіп жүрген белді боксшымыз. 30 жастағы былғары қолғап шебері әуесқой бокста 2013 жылы әлем чемпионы, 2013 және 2015 жылдары Азия чемпионы атанды. Ал 2016 жылы Рио Олимпиадасының чемпионы болды. Оның кәсіпқой бокстағы нәтижесі де көңіл қуантарлық. Ол он жекпе-жегінің бәрінде жеңіске жетіп, алтауын нокаутпен аяқтаған. Былтыр Данияр WBO тұжырымдамасы бойынша әлем чемпионы болды. Осылайша, ол тарихта әлем чемпионы белбеуін таққан бесінші қазақстандық атанды. Бұған дейін аталған әлем чемпионы титулына Василий Жиров, Геннадий Головкин, Жанат Жақиянов пен Бейбіт Шүменов қол жеткізген.

Кәсіпқой бокста өз орнын қалыптастырып үлгерген тағы бір спортшымыз – Жәнібек Әлімханұлы. Орта салмақта өнер көрсететін Жәнібек кәсіпқой бокста жеңіліс көрмеген. Әуесқой бокста 2013 жылы әлем чемпионы, 2013-2014 жылдары Азия чемпионы атанды. Жәнібек кәсіпқой боксқа келгелі талайды таңдандырды. Қазақстандық былғары қолғап шеберіне шетелдік мамандар талай мәрте қызығушылық танытқан. Ол кәсіпқой бокста он бір кездесуінде де жеңіске жетіп, оның жетеуін нокаутпен аяқтады. Ол бүгінде орта салмақтағы WBO Global тұжырымы бойынша 2012 жылдан бергі және WBO Continental Americas тұжырымы бойынша 2019 жылдан бастап бүгінге дейін чемпион.

Жәнібек 2018 жылы мамырдан бастап кәсіпқой бокс менеджері Эгис Климаспен және Боб Арумның TopRank промоутерлік компаниясымен келісімшарт жасады. Бүгінде боксшының әр жекпе-жегі жеңіспен аяқталуда. Былтыр қыркүйек-қазан айларында жаңартылған BoxRec рейтингі бойынша орта салмақта WBC тұжырымында 4 орында, IBF тұжырымында 9 орында, WBO тұжырымында 2 орынға табан тіреген. Жәнібектің әр жеңісі қазақ боксының қандай дәрежеге көтерілгенін тайға таңбасқандай көрсетіп берді.

Кәсіпқой боксқа жаңа беттесе де, барлық жекпе-жегін жеңіспен аяқтаған боксшымыз Қамшыбек Қоңқабаевтың да бұл спортта алар орны айрықша. Ол бірінші ауыр салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүр. Жерлесіміз 2020 жылы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері. Әлем чемпионатының 2017 және 2019 жыл-дардағы екі дүркін күміс жүлдегері, Азия чемпионатының 2017, 2019, 2021 жылдардағы үш дүркін күміс жүлдегері.

Былтыр көктемде ғана кәсіпқой боксқа бет бұрған өзін әлемдік аренада дәлелдеп үлгерді. Ол кәсіпқой бокстағы үш жекпе-жегінде де қарсыластарынан басым түсті. Сырдың баласы кәсіби кәсіпқойлар арасында былтырдан бастап WBO Asia Pacific бойынша 1-ші ауыр салмақта Азия-Тынық мұхиты аймағының қазіргі чемпионы.

Жалпы бүгінде спорт сарапшылары қазақстандық спортшылардың ішінде бұл төрттіктің кәсіпқой бокста әлі де жұлдызы жарқырайтынына сенімді. Расында, бұл былғары қолғап шеберлері өздерінің күш-қуаты мен техникасы әлемдік басқа да спорт жұлдыздарынан кем түспейтінін көрсетті, дәлелдеді. Оған жеңісті сәттер мен чемпиондық атақтары куә. Енді осы тенденция одан әрі жалғасып, осы боксшылардың ізін қуған ізбасарлары әлемді мойындата берсе дейміз. Жалпы қазіргі таңда кәсіпқой бокста жұлдызы жанып, жеңіс тұғырынан көрінуге жақын спортшылар жетерлік. Көңіл қуантарлығы да сол.

Ақтілек БІТІМБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: