Сенбі, 21 желтоқсан, 19:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Тіліміздің дамуы – еліміздің дамуы

28.10.2020

1450 0

Мұхтар НИЯЗОВ,
Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы

Екі дүркін Алтын домбыра иегері, жерлесіміз Мұхтар Ниязовтың қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне басшы болып келгеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Бұл қызметтің Мұхтарға таңсық емес екенін аңғардық. Әп-сәтте мәдениет үйлерін аралап, жөндеуді қажет ететін нысандарды да белгілеп алды. Сыр өңірінің тұрғындарын бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Әлеуметтік желі арқылы шақыртуды көргендер Мұхтармен жүздесуге асықты. Мәдениет саласына қатысты ұсыныс-пікірлерін басшыға жеткізді. Осыған қарап-ақ барлық басшы халықпен дидарласып, ой-пікірімен санасы жұмыс істесе тұрғындарда да, басшыларда да түсініспеушілік туындамайды ғой деп ойлайсыз. Сонымен не керек қоғаммен етене жақын тұлғамен сұқбаттасуды жөн көрдік.

– Онлайн шаралардың өтіп жатқаны белгілі. Көрермен сахнамен қашан қауышады? Қандай дүниелер дайындап жатырсыздар?

– Иә, қазіргі кездегі уақыттың талабы осы болып тұр. Қауіпсіздік үшін, жан-жақты тиімділік үшін тіпті, кейде қаржының үнемділігі үшін де. Көрермен сахнамен қашан қауышатынын тап басып айта алмаймыз. Ол бізге қатысты мәселе емес. Әлемдік ахуал тұрақталса, еліміздегі жағдай реттелсе, біз міндетті түрде көрерменмен қауышқымыз келеді. Мәдениет үйін, материалдық базамызды, мәдени шараларымызды дайындап, ширығып отырмыз. Ал, қазір бүкіл ел болып күресіп, індетке қарсы тұрып жатқандардың ішінде біз де бармыз. Мәдениет деген тек қана өнерпаздарды сахнаға шығарып халыққа көрсету емес, осы тұрғыда көптеген дамыған елдердің тәжірибесіне қарап отырсаңыз, бұл ұғымның аясы кең екенін байқар едіңіз. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі осы сөздің үдесінен шығу жолында аянбай қызмет жасайтын болады. Індеттің іргесі сөгіліп, ауылы алыстаса бұрынғыша елмен етене дәстүрлі қызметімізді жалғастырамыз деп ойлаймын.

– Өзіңіз қызметке келгелі ауылдардағы мәдениет үйлерінің тыныс-тіршілігімен таныстыңыз ба? Жұмыс қарқыны қалай?

– Әлбетте, қызметке келе сала өзімізге қарасты мәдениет ошақтарымен, қызметкерлердің жай-күйімен, іс-шараларының барысымен, сапасымен танысуды ең бірінші кезекке қойдым. Бізде заманауи ыңғайланған мәдениет ошақтары да, жөндеуден өтуі керек ғимараттарымыз (С.Майқанова мәдениет үйі) да, сонымен қатар мәдениет үйі салынуы керек ауылдарымыз да бар. Мысалы, Белкөл кенті, Қарауылтөбе, Талсуат ауылы. Бұған дейін Ақжарма, Қызылжарма, Ақсуат ауылдарында жаңа мәдениет ошақтары бой көтеріп, халыққа мәдени қызмет ұсынып келеді, бұйырса, алдағы уақытта аталған кент пен ауылдық округтердің мәселесі туралы жоғары жаққа ұсынып, жағдайдың оң шешілуіне жұмыс істейміз. Жалпы алғанда, мәдениет үйлерінің жағдайы жатып алып жылайтындай емес, тек көрініп тұрған мәселелерімізді реттеп, кем-кетігімізді бүтіндеп алсақ, еш алаңсыз ел үшін қызмет ете береміз деп ойлаймын.

– Бұл сала сізге бөтен емес. Алдағы меже қандай?

– Дұрыс айтасыз, бұл сала маған бөтен емес. Алдағы меже туралы айтарда «Балапанды күзде санайды» демекші, «арық сөйлеп, семіз шыққан» дұрыс шығар деп ойлаймын. Сондықтан алға меже қойып, оған жете алмай жатқаннан көрі, іштей бекітіп, халықпен бөлісіп отырсақ, сол ақылға қонымды болатын шығар. Үйірмелердің жұмысын жетілдіру, қаланың мәдениеті мен тілін дамытуда көптеген жаңалықтар жасасақ деген біз қол созып отырған межелер жеткілікті, дегенмен қазіргі ахуал мүмкіндіктерімізді кеңінен пайдалануға кішігірім тосқауыл болып тұрғаны рас. Алдағы уақытта барлығы реттеледі деп сенеміз.

– Әлеуметтік желі арқылы тұрғындарды бірлесе жұмыс істеуге шақырдыңыз. Ерекше жоба ұсынғандар бар ма?

– Әлеуметтік желіге шыққан себебіміз, адамдардың дені осы аудиторияны қамтиды. Сондықтан заманның негізгі талабына сүйеніп, қай жерде көпшілік шоғырланды, ол маған келсін деп отырмаймыз, қайта сол жерге баруымыз керек. Осы мақсатта біздің бөлімде, бөлімге қарасты мәдениет үйлерінің барлығында жеке парақшалар, тіпті ютуб каналдар ашылып, халықпен кері байланысқа шығып, үлкен-үлкен дүниелерді дайындап жатырмыз. Қала әкімінің тікелей тапсырмасымен кезкелген уақытта, қандай жағдай болмасын өз саламызға қатысты халықтың сұранысын толық қанағаттандыруға барымызды салып жұмыс істейміз. Қазіргі уақытта халықтан ұсыныстар түсуде, жекелеген адамдар кабинетімізге келіп айтып жатыр. Бұл да болса халықтың мәдениетіміз бен тілімізге бей-жай қарамағаны деп түсінемін. Сол кісілердің ұсыныстарын жинақтап, сала-салаға бөліп, міндетті түрде бірге жұмыс істейтін боламыз.

– «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында қаладағы 3 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы ауқымды жұмыстардың жүргізілу барысы жайында айтып берсеңіз.

– Атап айтар болсақ, қала орталығында орналасқан А.Тоқмағамбетов мәдениет үйінің көрермендер залы мен сахнасының төсеніші, сонымен қатар, әжетхана жабдықтары толығымен ауыстырылып, пластикалық кабиналарға бөлінді, едені жаңадан кафельденді. Би залының төбесінен су кетіп, үйірмеге қатысушыларды әбігерге салған болатын, қазір сол тұстың шатыры жөнделіп, суағары жаңаланды. Сондай-ақ мәдениет үйінің жарамсыз есіктері ауыстырылып, шара өткізуге қажетті орындықтар алынды.

Титов қыстағында орналасқан М.Ералиева атындағы мәдениет үйі ғимаратының қасбеті жаңартылып, керамогранитпен қапталынды. Сыртқы қабырғалары декоративті-әрлеу сылағымен сыланып, сыртқы есігі ауыстырылды және киім ілетін орын пластикалық материалмен бөлініп жабдықталды. Сонымен қатар қыстақ тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізу және саламатты өмір салтын ұстану мақсатында мәдениет үйі ішінен ашылған спорт бөлмесі де пластикпен бөлініп, оңтайландырылды.

Қосшыңырау ауылдық округінде орналасқан Абай ауылдық мәдениет үйінің төбесіне жұмсақ жабынмен жабу жұмыстары жүргізіліп, ауыл тұрғындарының игілігі үшін пайдалануға берілді.

– Қазіргі кезде адамдардың барлығы онлайн жүйеге көшкендіктен бәрі әлеуметтік желіні қолданады. Осы орайда әлеуметтік желіде болсын, жастар арасында болсын қазақ тілін дамытудың қандай әдіс-тәсілдерін ұсынар едіңіз?

– Бұл тұрғыда біз жоба дайындап жатырмыз. Көптеген адам өзін сауатты сезінгенімен, көп жағдайда адамның сауаты тек сөйлегеніне ғана емес, жазуына да байланысты. Біздің тіліміздің пунктуациялық, орфографиялық заңдылықтары бар. Қанша жерден асығыс телефонмен жаздым дегенмен, көпшіліктің назарына ұсынылатын болғаннан кейін оның эстетикалық, сауаттылық жағынан таза болуын басты назарға ұстаған жөн. Кейде қарапайым жалғау мен жұрнақты, шылауды айыра алмай жататын кісілер бар. Осы орайда біз қаламыздағы жоғары санатты қазақ тілі пәнінің мұғалімдерімен жалпыға арналған онлайн режимде он сабақ өткізу үшін арнайы жоба дайындап, кішігірім қаржысын да жоспарлап отырмыз. Бұл алдағы уақытта өз нәтижесін беретін болса, сабағымызды әрі қарай жалғастырамыз. Тіліміздің дамуы – еліміздің дамуы. Сондықтан бұл салаға бей-жай қарамаймыз. Сондай-ақ қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесімен бірге жастарды кітап оқуға ынталандыратын бірқатар жобаларды қолға алып жатырмыз.

– Көп жағдайда алдыңғы буынның жастарға көңілі толмайды. Өзіңіз де бір сөзіңізде «майдаланып кеттік» дедіңіз. Бұлай айтуыңызға не себеп? Сіз жастардан қандай үміт күтесіз?

– «Даланың заңында бөрі бөлтірігін тістелеп баулиды» дейді ғой, сол секілді баланың басынан сипай берсең, ол ертең қай жауыңды күйретеді? «Майдаланып кеттік» дегенді қайрау, қамшылау мақсатында айтқаны деп қабылдаған дұрыс сияқты. Жалпы алғанда, баяғы бабалардың, баһадүр даналардың бойындағы іріліктен, сөзге тоқтау, елжандылық секілді қасиеттерінен отарлаудың себебінен бе екен, жаһандану әсерінен бе екен, әйтеуір бұрынғы тарихпен салыстырғанда бірталай майдаланып кеткеніміз рас. Бірақ солай екен деп бойкүйездікке салынуға болмайды. Ғылымда деколонизация деген ұғым бар. Ол дегеніміз – мәңгүрттенген ұрпақтың қайтадан байырғы негізіне оралуы. Бұл мақсатта үлкен рөл атқару керек деген біздің рухани жаңғыру бағдарламамыз бар. Сондықтан жастарға артылар сенім мол. «Мен жастарға сенемін» деп Мағжан Жұмабаев, Алаштың арыстары айтса, біз олардан бөліп-жарып басқаша бағыт ұстанғымыз келмейді. Қашанда жастардан үміттіміз. Жастардың бойындағы үлкен мүмкіндіктер кенін ашып, тиісті жеріне пайдалана алсақ, олар алмайтын асу жоқ. Ал олардың тәрбиесін, идеологиясын қолдан шығарып алсақ, өзімізден басқа ешкімге өкпелей алмаймыз. Сондықтан ел Президентінің, аймақ басшысының, қала әкімінің жастарға жасап жатқан көптеген қолдауын болашағымыз үшін жасап жатқан инвестиция деп ұғынғанымыз жөн.

– Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы да онлайн өтіп жатыр. Бұл әрине дәстүрлі жылдағыдай болмасы анық. Жалпы осы мақсатта жүргізіліп жатқан шаралар сіздің көңіліңізден шыға ма?

– Егер Абай атамыз осы заманда өмір сүрген болса, өзінің тойын осынау індеттің кезінде ұлан-асыр қылып тойлауға қарсы болар еді деп ойлаймын. Адамзаттың ақылмандарының бірі, даланың данышпаны Абай атамыздың өз сөзі де ысырапқа, дарақылыққа, той тойлауға емес, ой ойлауға қарай ыңғайланған. Тіпті әкесі Құнанбайдың асын бергізбей, қазақ балаларының Орынборда, Петерборда оқуына ықпал етіп, қанағат рақымды ойлаған, талап, еңбек, терең оймен тыныстаған, өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақты қаламаған Абай атамыздың тойы да жақсы бір деңгейде аталып өтуде. Абай атамыздың тойын терең сезіндіруге пандемияның да пайдасы болды ғой деп ойлаймын. Әр нәрседе бір қайыр бар деген, себебі, Абай Құнанбайұлы айтқан көптеген қасиеттеріміз ғасырлар бойымыздан сылып алып тастай алмай келе жатқанда осы дерттің келуімен бойымыздан көптеген дарақылығымыз, мал шашуымыз, үнемсіздігіміз азайды. Бұның Абайдың тойымен тұспа-тұс келуі де осыны аңғартады. Сондықтан осы ғибраттардан үлкен сабақ алып, Абайдың жазып кеткенін ғана емес, оның армандаған білім, мәдениет, өркениет жағынан кез келген елмен иық теңестіре алатын санатта тұруымыз үшін хакім сөзін өмірімізге үлгі етіп, алға өрлей берсек, Абайдың арманы орындалған болар еді деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұқбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: