Сенбі, 07 желтоқсан, 23:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

«Мемлекет халықтың табысын арттыру керек»

09.09.2023

7415 0

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын жолдады. Жолдауда елдің экономикалық бағдары, бюджет, несие, салық, саясаты көбірек айтылды.  Біз өз кезегінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Абай Шайнұровпен сұхбаттасқан едік.

– Абай Серікұлы, сіз үшін әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары қандай? Осы жөнінде айтсаңыз…

– Президент Жолдауында айтқандай, экономиканы дамыту үшін жаңа мүм­кіндіктерді пайдалануымыз керек. Мә­селен, осы күнге дейін ресурс сатып келдік деді  енді соның ішіндегі  мұнай, газ, химия мен металлургия өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу керек. Егер тереңінен өңдейтін болсақ, дайын өнімге  қосылған құн көп болады. Сол кезде халықтың байлығы да табысы да артады.

– Жаңа экономикалық үлгіге өтудің қандай тиімділігі бар?

– Осы күнге дейін жақсы бағдарлама­лар қабылданды. Алайда жауакершіліктің болмауынан болар, олардың тиімділігі көрінбеді. Бірақ осы бағдарламалар­ды  жүзеге асыру үшін жаңа кадр керек. Себебі  экономикалық саясатты жүргізетін кадрлар. Сол үшін Әділетті Қазақстанда білімді, білікті жас мамандар мен ға­лымдарға көп мән берген дұрыс.

– Ел экономикасын дамыту үшін қандай жобаларды жүзеге асыруға болады? Ғалым ретінде алып қо­сарыңыз бар ма?.. 

– Айтылмай қалған деп саяси мәселе­ні айтар едім. Осы күнге дейін саяси реформалар болды. Оның нәтижесін Ел Президенті Жолдауында айтты. Әрине бұл осымен тоқтап қалғандығын білдірмейді. Десе де осы саяси реформаны әлде түйткілдерде жетілдіре түсу керек еді. Одан бөлек жер мәселесі, көліктің тозуы сынды мәселелер айтылмады.

– Мемлкет басшысы жаңа кен орындарын ашу үшін шетел азамат­тарын тартамыз деген ой айтты. Бұған сіздің көзқарасыңыз қалай?..

– Менің ойымша бұл дұрыс. Президентіміз бүгінгі күнге дейін Кеңес үкіметінен келе жатқан кадрлар мен геология меңгерушілерінің жұмыстарын айтып келді. Яғни экономикалық техника негіздемесі сол кезде жасалды, зерттелді, ғылыми негізделді. Сонымен қатар білім бағдарламаларын жетілдіруді айтты. Бұл дегеніміз сол салада кадр жетіспеушілігі бар екенінің айқын көрінісі. Өйткені кезіндегі кадрлар зейнетке шықты. Қазіргі таңда даярланған мамандар жоқ, бар болса да тәжірибе жетіспейді. Одан бөлек Жолдауда ауыл шаруашылығы сөз болды. Бұл салада да кемшін тұстар жетерлік. Сол үшін тау, кен геология зерттеу жұмыстары, агро сала мен агроғылымды дамыту үшін шетелдік ғалымдармен ынтымақтастық орнатуды дұрыс деп ойлаймын.

– Республика Президенті «Жолдау­да айтылған міндеттер үш жылда орындалуы тиіс» деді. Бұл міндеттер үш жылда жүзеге асуы мүмкін бе?..

– Президент тапсырса министрліктер, басқармалар, жауапты басшылар орындауы қажет. Жолдауда түрлі бағдарламалар мен бағыттар  айтылады. Алайда оның орындалуы ақсап тұрады. Жолдауда айтылған мәселелердің орындалуы алдымен тиісті сала басшылары мен мамандарға, одан кейін қаржы саласының  шешілуіне байланысты. Егер қаржы табылса, кез келген жоба орындалады деген сенімдемін.

– Экономикалық жобаларды қаржы­ландырумен бірнеше ірі банк қана айналысады. Сондықтан осы саладағы бәсекені арттыру үшін елімізге шетелден сенімді үш банкті тартқан қаншалықты тиімді?

– Ұлттық банктің кредитті қайта қар­жыландыруы  шамамен 16,5 пайыз. Ал екінші деңгейлі банктер несиесі 18-20 пайыздан жоғары. Сондықтан экономист есебінде рентабельді бизнес жүргізу мумкін емес деп ойлаймын. Мәселен, шетелді алатын болсақ. Батыс елдеріндегі  банктердегі несие 3-4-5 пайыз. Яғни біздегі банктер тұтынушылық несие береді. Ал кәсіпкерлікті несиелеу жағы кемшін. Сондықтан да шетелдік банктерді де таратқан тиімді деп ойлаймын.

– «Жасыл» экономиканы дамытудың маңыздылығы мен тиімділігі қандай?

– Президентіміз айтқандай, эколо­гиялық мәселелер өршіп барады. Мәселен, жердің, ауаның, судың  ластануынан халықтың денсаулығы сыр  беруде. Жалпы осы жасыл экономикаға бізде ғана емес, дамыған елдерде де үлкен мән береді. Себебі ресурстардың тапшылығынан яғни таусылатын су, отын, энергетика ресурстары үшін жасыл эконономикаға өту қажеттілікті керек етеді. Оның бірінші жағы экономия ресурсы болса, екінші қоршаған ортаға әсері.

– Экономиканы қай бағытта дамы­туға болады?

– Біз аграрлық ел болып табыламыз. Бір жақсысы бізде өнеркәсіп, мұнай-газ, металлургия саласы бар. Яғни біз Еуразиялық материгінде сапалы азық-түлік өнімін қамтамасыз ететін үлкен елге айналуымыз керек. Сондықтан Президентіміз айтқандай, егістік жер­лердің көлемін арттыру қажет. Біз секілді бір ғана күріш дақылын емес, бірнеше дақылды егуге көшкен жөн. Сөйтіп сапалы азық-түлік сату ол біздің үлкен резервке айналады. Ал дайын өнім сататын болсақ оған қосылған құн жоғары болады. Одан жақсы пайда болады.

– Атом электр станциясын салғанын қолдайсыз ба?

– Қазіргі жағдайда қолдаймын. Өйт­кені бізде электр энергиясын тұтыну көлемі жылдан-жылға арта береді. Оны қамтамасыз ететін басқа көздерді көріп тұрған жоқпын.

– Су шаруашылығы және ирригация министрлігі ауыл шаруашылығының бағын аша ма?

– Бізде су  тапшылығы екі-үш жыл болды өзекті мәселеге айналды. Тіпті үлкен қалаларда да ауызсу тапшылығы орын алуда. Алдағы уақытта да су тап­шлығы өрши түспек. Сондықтан  тікелей осы мәселенің шешімін табу үшін Су шаруа­шылығы және ирригация министр­лі­гінің құрылғаны өте маңызды.

– Жолдауда айтылған «Қарызсыз қоғам» жобасы нәтижесін бере ме?

– Қазір әртүрлі бағдарламалар бар. Мәселен халықтың несиелерін кешірді. Әртүрлі әдістер мен қаржылық сауаттылық ұсынылып жатыр. Бұл қоғамға үлкен нәтиже бермесе де 5-10 пайыз нәтиже береді деп ойлаймын.

– Халықты қарыздан (несиеден) құтқару үшін мемлекет не істеуі керек деп ойлайсыз?

– Мемлекет халықтың табысын арт­тыру керек. Себебі халықтың көбісі азық-түлікке қаржы таба алмай отыр. Бұл деген табысының аз болғандығын білдіреді. Сол үшін микрокредит, кіші-орта бизнесті, кәсіпкерлікті, жаңа өндіріс орнын дамыту керек. Сондай-ақ жаңа жұмыс өңдеуші кәсіпорындар   ашу керек.  Экономикада мынадай заңдылық бар: кәсіпкерлігі нарығы жақсы дамыған елдердің халқы бай тұрады, ал кәсіпкерлігі нарық экономикасы дұрыс дамымаған елдердің халқы кедей болады.

– Венчурлық қаржыландыру тәсі­ліне көзқарасыңыз қандай?

– Бұл нарық енді даму үстінде. Біз­дің халқымыздың барлығында кредит болғандықтан, венчурлық қаржыландыру дамиды деп айта алмаймын. Сондықтан венчурлық нарықты дамытпай тұрып, алдымен қаржы нарығын дамытуымыз керек.

– Жолдаудың сізге  қай тұсы ұнады?

– Жолдауда айтылған ауыл шаруа­шылығын қолдау бағыты көңілімнен шықты. Яғни ет, сүт, бидайды тереңінен өңдеу бойынша. Біз аграрлық ел бол­ғандықтан ауыл шаруашылығына көп көңіл бөлінуі керек. Менің ойымша биылғы Жолдаудың 90 пайызы еліміздің экономикасына бағытталды. Бұған дейінгі Жолдауда саяси жағы басым болатын. Одан бөлек транспорттық логистиканы дамыту, IT технологияны дамытуды қолға алу тұстары көңілімнен шықты.

– Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Әңгімелескен

Нәзира МҰҚАТАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: