Сенбі, 18 мамыр, 17:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№39-2049
18.05.2024
PDF мұрағаты

Алып бәйтеректің саясы

11.09.2023

240 0

Жуырда жыл сайын өткізілетін «Мерейлі отбасы» байқауы өтіп,  өнегелі шараға жүзден жүйрік, мыңнан  тұлпарлар қатысып, бақ сынаған болатын.  Осы байқауда қалалық кезеңнің қорытындысымен «Өнегелі отбасы» аталымын Есжановтар отбасы иеленді. Ұлттық болмысымызды дәріптейтін, өнеге мен өнерге толы дәстүріміздің алтын бастауындай шараның келер ұрпаққа берер өнегесі мен тағылымы мол. Бұл шара отбасылық құндылықтың жандануына, дәстүрдің жаңғыруына, түрлі буын өкілдерінің арасындағы сыйластықтың нығаюына, ұрпақ тәрбиесіне жаңаша дем беріп, өнегелі әулеттердің өрісін кеңейтуге ықпал етуімен құнды.

Өнегелі  болу, атадан балаға мирас болып қалған салт-дәстүрдің алтын тінін үзбей кейінгі ұрпаққа мирас қылып отыру үшін тәлім-тәрбие мен ақыл парасат керек.  Ол ізгілі қасиет ата-анадан дариды.  Отбасы ұлттың ұлықты дүниесін паш етіп дәріптеп отырса, ұрпақтары ұлықты, қыздары қылықты болады. Үлгі мен үрдісті ұрпақтарының бойына сіңірген шаңырақтың отағасы Рысбек  Есжанов  1946 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген. Қызылорда политехникумын механизатор мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1972 жылы Сұлутөбе ауылында алдымен механизатор кейін бас инженер болып бастайды. Жұбайы Ажармен 1972 жылы шаңырақ көтеріп, 6 бала өсіріп, тәрбиелейді. Балаларының барлығы жо­ғарғы білімді.  Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, перзенттері алдындағы әкелік борышын атқарып,  балаларын үлкен азамат етіп тәрбиелейді.  Мәпелеп өсірген перзенттерінің қызығын көрер шақта 2005 жылы өмірден озған.

Өмір жолын қарап отырсаңыз, қара­пайым жұмысшыдан бастап сатылап қызметі өсіп отырған. Бұл атпал азаматтың еңбек пен бейнетті жанына серік қылған үлкен жүректі азамат екенін дәлелдейді. Абзал жан 1986 жылдан бастап Қызылорда қаласындағы №11 автобазада түрлі қызмет атқарған. 1987 жылдың соңына қарай «Құмкөл Оңтүстік мұнай-газ» кен орны­ның құрылуына атсалысып, Құмкөлдегі  технологиялық транспорт басқармасының іргетасын қалайды. 1999 жылы «Оңтүстік мұнай-газ мекемесі канадалық «Хариккейн» мекемесіне ауысқан кезде кәсіподақ комитетінің төрағасы болып сайланады.

2000 жылы өзінің бастамасымен «КТС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін  құ­рып, көптеген жұмыс орнын ашып, елдің құр­метіне бөленеді. 2003 жылы Қызылорда қалалық мәслихатының 1-ші шақырылым депутаты болып сайланды.

Әке аманатын ардақтаған отанасы Ажар Досетова 1953 жылы дүниеге келген. Медициналық училищені бітіріп, еңбек жолын Сұлутөбе ауылында медбике болудан бастаған. Медицина саласындағы еңбек жолын Қызылорда қаласында жалғастырып, елге елеулі қызмет еткен. Жұмыстағы алғырлығы мен белсенділігінің арқасында 1982 жылы аудандық мәслихаттың 2 шақырылым депутаты болып сайланған. 2008 жылы зейнетке шығып, бүгінде 6 бала­дан 26 немере, 2 шөбере сүйіп отырған аяулы ана, бақытты әже.

Үлкен ұлы Бақытжан Есжанов мұнай газ саласында түрлі қызмет атқарып, 2017 жылдан бері Астана қаласында «КазМұнайГаз» компаниясында басшылық қызметте. Отбасылы 5 бала тәрбиелеп отыр. Үлкен қызы Гүлзира Есжанова Шымкент қаласында тұрады. Жолдасымен бірге жеке кәсіпкерлікпен айналысады. 4 бала, 2 немере тәрбиелеп отыр. Екінші ұлы Ғалымжан Есжанов Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінде жедел уәкіл, тергеуші, аға инспектор, талдау және жоспарлау бөлімінің басшысы, құпия жұмыстар бөлімінің аға жедел уәкілі, Шиелі аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары, Тасбөгет кенті полиция бөлімінің бастығы, Байқоңыр қалалық криминалдық полиция бөлімінің бастығы қызметтерін абыроймен атқарып, 2023 жылдың маусым айында отставкаға  шықты. Отбасылы,  6 бала тәрбиелеп отыр. 

Үшінші ұлы Ұлан Есжанов «Петро­Казахстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясын­да білікті маман. Отбасылы, 3 бала тәрбиелеп отыр. Астана қаласында тұрады. Төртінші ұлы Сабыржан Есжанов Астана қалалық сотында бас маман, Батыс Қазақстан облыстық сотында кеңсе басшысы, Бөрлі аудандық сотының судьясы, Жанқала аудандық сотының төрағасы, 2023 жылдың наурыз айынан бастап Орал қалалық сотының судьясы қызметін абыроймен атқарып келеді. Отбасылы, 4 бала тәрбиелеп отыр.

Кіші қыздары Сандуғаш Есжанова жол­дасымен бірге жеке кәсіпкерлікпен айналысады. 4 бала тәрбиелеп отыр.  

Есжановтар отбасынан өрбіген ұрпақ бұл күнде ел мақтайтын азаматтарға ай­налды. Балаларының барлығы өз сала­сына қатысты төсбелгі, медальмен, құрмет грамотасымен, диплом, алғыс хаттармен марапатталған. Мұның барлығы алып бәйтеректің саясынан қуат алған әке берген тәлімнің арқасы дер едік.

Рысбек ағадай алып бәйтеректен тараған ұрпақтары Ажардай анасының мейірімімен сусындап бүгінде ел сыйлаған бір-бір шаңырақ болып, өнегелі отбасына айналып, елдің құрметіне бөленіп отыр.   Ақ жаулықты ана, ақ ниетті әже үшін бұдан асқан бақ бар ма,  сірә?! Бала бағбаны бола білген асыл анаға біз де ұзақ ғұмыр тіледік.

  Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ   

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: