Жексенбі, 08 желтоқсан, 05:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Бюджет артып келеді

18.09.2023

197 0

Осы аптада Қызылорда қалалық мәслихатының кезекті VIII сессиясы өтті. Қызылорда қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев төрағалық еткен жиынға халық қалаулылары, Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменов,  қала әкімінің орынбасарлары  Ғ.Еркебай, Д.Тұрсынбаев,  қала әкімі аппаратының басшысы Ж.Абатов, төтенше жағдай және құқық  қорғау органдары, қалалық дербес бөлімдер мен мекемелердің басшылары, кент және ауылдық округтердің әкімдері, қоғамдық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Сессияда «Қызылорда қаласы әкімінің өзіне жүктелген функ­циялар мен міндеттерді орын­дауы туралы есебі», «Қызыл­орда қалалық төтенше жағ­дайлар басқармасының қала аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында атқарған жұмыс­тары туралы», «Кәмелетке толмаған­дар­дың ісі және олардың құқық­тарын қорғау жөніндегі ко­мис­сиясының құрамын бекіту»  ту­­ралы. «Қызылорда қаласы әкім­ді­гінің дербес құрамын келісу»,  «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жеке­леген санаттарының тізбесін ай­қын­даудың үлгілік қағидаларын бекіту», «Қызылорда қалалық жер комиссиясының құрамын бекіту»,  «Қызылорда қалалық мәслихаты­ның депутаттарын сайлау жөнін­де­гі округтік сайлау комиссиялары­ның мүшелерін сайлау туралы» және    «Аумақтық және учаскелік сай­лау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы»  мәселелер қаралды.

Сессияның күн тәртібіне қойылған бірінші мәселе «Қызыл­орда қаласы әкімінің өзіне жүк­телген функциялар мен міндеттерді орындауы туралы есебі» бойынша Қызылорда қаласы әкімі Асылбек Шәменов 8 айда атқарған жұмысын баян етті.

Қала әкімінің айтуынша, об­лыс орталығына ауқымды инвес­ти­ция тартылып, тіректі салаларда серпінді қадам жасалуда. Жыл басында қала бюджеті 52,3 млрд теңгемен бекітілген. Жүйелі жос­парлардың нәтижесінде қала тай­қазанындағы қаржы 91,4 млрд теңге болып, 175 пайыз­ға арт­қан. Бас шаһардағы тұр­ғын үй құрылысын дамытуға, әлеуметтік және инженерлік инфра­құры­лымды жақсартуға бюджеттің барлық деңгейінен 101 млрд теңге бөлінген.

Қалада тұрғын үй құрылысын дамытуға қаржыландырудың бар­лық көздерінен қаралған 22 млрд 782 млн  теңгеге 2 526 пәтерді құрайтын көпқабатты 42 тұрғын үй бой көтеруде. Облыс орталығында іргелі ғимараттар салынуда. Олар, «Неке сарайы», 1000 орындық «Өнер» орталығы, «Облыстық қан орталығы» және «Оқушылар сарайы».  Бұл жобаларға облыстық бюджеттен 7 млрд 506,5 млн теңге бөлінді. Ғимараттардың алғашқы легі, яғни «Неке сарайы» осы айда ашылады.

Мемлекет басшысының тап­сырмасына сәйкес, қалада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен за­манауи үлгідегі 8 мектеп са­лынады. Оның 5-нің құрылысы биыл басталады. Сол жағалаудан 400 орын­дық физика-математикалық мек­теп-интернатының құрылысы жүргізілуде. Білім ошағы 300 орын­ға лайықталған жатақханамен қам­тылады. «Бәйтерек» мөлтек ау­данындағы 600 орындық мек­теп­тің құрылысы аяқталды. Жоспар бойынша білім ұясы қазан айында оқушыларды қабылдайды. Тасбөгет кентінде 100 орынға лайықталған дене шынықтыру-сауықтыру ке­ше­нінің құрылысы қарқын алды. Әлеуметтік нысан жыл соңына дейін ашылады. Дәл осындай ғи­мараттың құрылысы келер жылы Қызылжарма ауылынан да бас­талады.

Сондай-ақ қала, оған қарасты кент және ауылдық округтердегі, шет аймақтардағы жалпы ұзын­дығы 225,4 шақырым болатын 278 көшеге орташа және күрделі жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Оған қоса, 19 көшеге жаяу жүргіншілер жолдары да салынуда. Айта кету керек, жөнделетін жолдардың 80 пайызы ауылдар мен шет ай­мақтарға тиесілі.

«Бәйтерек» тұрғын ауданына «Қызылжарма» арнасы арқылы өтетін автомобиль көпірінің құрылыс жұмысы аяқталып, алдағы айда пайдалануға беріледі. Ал Ғ.Мұратбаев және А.Яссауи көшелерінің қиылысындағы темір жол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысы бекітілген кестеге сәйкес жүруде.

Тозығы жеткен электр желілерін ауыстыру мақсатында республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, 136,2 шақырымды құрайтын жаңа электр желісі тартылды. Ауа-райының қолайсыз уақытында электр қуаты ажырап қалмас үшін қаладағы және ауылдағы, шет аймақтағы электр желісі мен ескі қосалқы станция жаңартылды, – деді қала әкімі.

Сессия барысында қала әкімінің есебіне байланысты қалалық мәслихаттың   коммуналдық-шаруашылық және қала инфрақұрылымы мәселелері жөніндегі  тұрақты комиссиясының төрағасы Ділмұхамед Абизов қосымша хабарлама жасап, қалада атқарылып жатқан  маңызды жұмыстарды атап өтіп, қаладағы өзекті мәселелер бойынша ұсынысын жеткізді.

Атап айтқанда, Д.Абизов: «Жылдан жылға халықтың саны мен қаламыздың көлемі артып, заман дамыған сайын тұрғындардың талап-тілегі, сұранысы қатар өсуде. Бұл ретте қала бойынша шешімін таппаған  жер және үй кезегі, ауыз су, аяқ су, жарық, жол мәселелеріне қатысты өзекті мәселелер бар.

Өзекті мәселенің бірі – ауыз су сапасы және қаланы аяқ сумен қамтамасыз ету, көгалдандыру саласындағы жұмыстың сын көтермейтіндігі. Сондықтан алдағы уақытта көгалдандыру жұмысын өз дәрежесінде жүргізу мақсатында қалаға қарасты  коммуналдық мекеме құру мүмкіндігін қарастыру керек деген ұсынысын жеткізді.

Мұнан соң Қызылорда қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Жасұлан Түйменов төтенше жағдайдың алдын алу бағытындағы атқарған жұмыстарын баяндады.

Басқарма басшысының айтуынша, 2023 жылдың 8 айында қала аумағында 138 өрт оқиғасы орын алған. Білім беру, денсаулық сақтау және басқа да мемлекеттік меке­мелерде өрт қауіпсіздігінің алдын алу тақырыбында 59 сабақ өткізілген. Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің  «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі қала аумағында орналасқан өртке қарсы су көздерінің техникалық жағдайына маусымдық тексеру барысында 1477 өрт гидрантының 283-інің жарамсыз екендігін анықтаған.

– Қызылорда қаласындағы су айдындарында  жыл басынан 4 адамның суға кету жағдайы тіркеліп, 1 жасөспірім қаза болды. Қайғылы оқиғаның негізгі себебі қауіпсіздік ережесін сақтамаудан болып отыр.

 Сондықтан қандай қауіп-қатерге де сақадай сай болу үшін  ірі көлемді төтенше жағдай орын алған кезде қала тұрғындарына дабыл беретін орталықтандырылған құлақтандыру жүйесін көбейту, коммуналдық меншіктегі қалалық жағажай ашу, өрт гидранттарының қалыпты жұмыс жасауын ұйымдастыру керек. Сонымен қатар мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің, жедел құтқару жасағының материалдық-техникалық базасын нығайту, жеке тұрғын үйлердің жылыту пешін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігін сақтауда автономды көміртегі тотығы датчигі құрылғысын орнатудың тиімділігі туралы халыққа түсіндірме шарасын жүргізу маңызды.

Төтенше жағдайдың алдын алуда ерікті жасақ мүшелерін маусымдық ақылы жұмысқа тарту және оларды арнайы оқу жаттығудан өткізу күн тәртібіне қойылып отыр, – деді ол.

Мұнан соң төтенше жағдайдың алдын-алу мен төтенше жағдай кезінде әрекет ету мәселесіне қатысты қалалық мәслихаттың әлеуметтік сала және қоғамдық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі Раушан Ысқақова қосымша хабарлама жасап, депутаттық корпус тарапынан ұсыныстарды жеткізді.

Атап айтқанда, құзырлы органдар   ірі көлемді төтенше жағдай орын алған кезде қала тұрғындарына дабыл беретін орталықтандырылған құлақтандыру жүйесін көбейту жайы, латын әліпбиінің мемлекеттік дәрежеде қабылданбағандығын және тұрғындардың әлі де болса бұл альфавитті толық меңгермегендігін ескере отырып, «112» шұғыл нөмірінен таратылатын хабарламаны жалпыға бірдей түсінікті альфавитте жазып таратуды ұйымдастыру, төтенше жағдайға қатысты  өзге де өзекті мәселелерді  жеткізді.

Күн тәртібіндегі өзге де мәселелерге байланысты   қала әкімінің орынбасары Д. Тұрсынбаев,   қала  әкімі  аппаратының  басшысы Ж.Абатов,   қалалық жұмыспен қамту және  әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы К.Құрақбаева, қалалық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы   М.Әжібеков хабарлама жасап, депутаттардың сауалдарына жауап берді.

Берілген ұсыныстар қалалық мәслихат шешіміне енгізіліп, тиісті органдар назарына ұсынылатын болады.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

Суреттерді түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: