Сенбі, 04 мамыр, 12:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Еңбек еткенге бақыт басын иеді

18.09.2023

151 0

Отбасы – шағын мемлекет деген жақсы сөз бар. Барлық тәрбиенің бастауы қасиетті қара шаңырақта. Ата-ана ұлағатын көріп өскен пер­зенттер отбасындағы жылылықты, мейірімді, қамқорлықты сезініп өседі.  Мейірімге қанып өскен бала ешқа­шан әулетке сөз келтірмейді.  Еліне елеу­лі қызмет жасайды.  Құтты босағасы­нан береке кетпеген Бектұрғановтар отбасы үлгілі ісімен елге танылған  өнерпаз отбасы. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қалалық кезеңінен «Өнерлі отбасы» аталымын жеңіп алып, құрмет төрінен көрінді.  Шаңырақтың отағасы Келдібай Бектұрғанов таза еңбек, маңдай тер­мен көпке үлгі көрсетуде. Қара сөздің қаймағын шығаратын шешендік сөзге ұста жан. Бау-бақшасын жайқалтқан бағбандық қасиеті де бар. Есігінің алдындағы бақшада жемістің түр-түрі бар. Ерінбеген жанға бақыт та басын иеді дегендей бүгінде Келдібай ақсақал отбасының ақылшысы, шаңы­рақтың қорғаны. Бұл кісі өлең айтып, домбыра шертеді.

Өмір жолына келсек, Келдібай Бектұрғанов 1943 жылы Жалағаш ау­данында дүниеге келген. Еңбек жо­лын №1 автокомбинатта жүргізуші болып бастап, педагогикалық инс­титутта оқу ісінің шебері, Қазақ күріш ғылыми зерттеу институтында шаруашылық жөніндегі орынбасар, «Союзгипрорис» Қызылорда филиа­лында жобалау инженері, «Кызыл­ордаколхозстрой» тресіне қарасты қосалқы шаруашылық директоры және басқа да бірнеше мекемеде абыройлы қызмет атқарып, 2011 жылы зейнетке шыққан. Еңбегі еле­ніп, «Қызылорда қаласына – 200 жыл», «Экология саласының үздігі» төсбелгілерімен, бірнеше құр­мет грамотасы, алғыс хаттармен марапатталған. 

Отанасы Гүлзира Бектұрғанова  1957 жылы дүниеге келген. Ақ жау­лықты ана ұрпақтарының ақыл­шысы, немерелерінің сүйікті әжесі болып, отбасының ынтымағын сақ­тап отыр. Ерлі-зайыптылар 4 бала өсіріп, тәр­биелеп, олардан 17 немере сүйіп отыр­ған бақытты отбасының тіректері.

Үлкен қыздары Ақбаян Бектұр­ғанова  Қызылорда қаласына белгілі асаба, қазақтың халық әндерін, термесін орындап, елдің ақ батасын алып жүр. Өнерімен танылған Ақбаян бұл күнде «Сырғалым» өнер тобының жетекшісі болып, ұлт өнерін ұлықтап жүр. Отбасылы 2 бала тәрбиелеп отыр. 

Үлкен ұлы Күнтолған Бектұрғанов Алматы қаласында тұрады. Құрылыс саласының қызметкері. Отбасылы 4 бала тәрбиелеп отыр. Жұбайы Адина заңгер.  

Кіші қызы Айнұр Бектұрғанова жолдасы Ғабитпен бірге жеке кәсіп­керлікпен айналысады. «Сәлем» дү­кендер желісінің иелері. Көпбалалы отбасы, 6 бала тәрбиелеп отыр.

Кіші ұлы Айтолған Бектұрғанов жұбайы Айнұрмен бірге жеке кәсіп­кер. Қарашаңырақты ұстап отырған көпбалалы отбасы, 5 бала тәрбиелеп отыр.   

Келдібай атаның балалары қан­дай салада жүрсе де өз істерінің мамандары, әке атына дақ түсірмей келе жатқан өнегелі отбасының ұрпақтары. Үлгілі отбасында тәрбие­леніп келе жатқан немерелері де оқу озаттары. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген тәмсіл бар. Ұрпақ­тарына жақсы істі аманаттаған Бектұрғановтар отбасы қоғамда үл­гілі, ағайын-туысқа сыйлы, тілеулес дос-жаранға адалдығымен құрметті. Бұл әулеттің бақыт сыры да осында жатыр.

Г.АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: