Жұма, 17 мамыр, 15:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№38-2048
14.05.2024
PDF мұрағаты

Ет арзандасын десек…

12.09.2023

179 0

Қазақ тұтынатын тағамның бірі әрі біре­гейі – ет. Соңғы кезде еттің де бағасы өсті. Арзан­дап жатқанын көрмедік. Бәрін де әрине, базар айта­ды. Сол оймен КБИ шағын ауданындағы мал базары­на бас сұқтық. Бағымызға орай, бұрын түн қатып жұмыс істейтін мал базары күндізге ауысыпты. Сауда қызып жатыр. Төрт-түліктің ішінде түйеден басқасының бәрі бар. Бағалары да сан алуан. Байқағанымыз, мұнда сатып алушыдан саудагер көп. Ат терлетіп келгендердің әрісі – Аралдан, берісі – Жаңақорғаннан келген. Қалғаны қалаға жақын жатқан аудандардан жетіпті. Олардан әуелгі сұрағанымыз – мал бағасы.

Базар бағамы қалай?

Кіргеніміз сол екен, саудагерлер алдымыздан көлденеңдей берді. Мұндағы мал сатушылар шаруа қойға 50 мың теңге, қошқарға 120 мың теңге сұрайды. Марқа қозының бағасы 25 мың теңгеге шыққан. Ал союға жарамды деген ешкінің бағасы 35-40 мың теңге аралығында. Көргеніміздің көбі – арық. Оны қадап айтуға тура келіп тұр.

Соған қарамастан ірі қара малдың бағасы да өсе түскен. Санамалап айтсақ, бір жасар тайын­ша – 130 мың теңге,  ірі сиыр – 200-250 мың, сауын сиыр 280-380 мың теңге арасында. Мұндағы­лар тайға 180-200 мың, тайлар құнан мен дөненге – 360-380 мың, құлынды биеге 400-550 мың тең­ге сұрап тұр. Ал «7-8 жасар ірі жылқыға кемі 800 мың теңге сұраймыз» дейді саудагерлер.

Мал бағасының түскенін байқап тұрғанымыз жоқ. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай қымбаттаған.

Былтыр жылқының жабағысынан бастап бестіге шыққаны, сиырдың баспағы мен сауын­дысы, серке мен қошқардың бағасы бүгінгі бағадан арзанырақ болатын.

– Мұнда келгеніме бір сағат болды. Жаңа ғана 325 мың теңгеге сауын сиыр алдым. Қымбат. Жілігіне енді май жүгірген тайыншаның өзі 130 мың теңге, – дейді жасы елуді еңсерген Тасбөгет кентінің тұрғыны Жақсылық ағамыз.

Саудагерлермен тілдестік…

Саудагерлер жаппай мал сатуын қысқа дайындық деп түсіндірді. Иә, әне-міне дегенше, күз де келді. Ар жағында бірнеше айда сақыр­лаған қыста келіп жетеді. «Қыстың қамын жаз ойла» деуші ме еді? Олай етпеске айла қылар амал да жоқ. Өйткені бордақыда ұстау қай шаруаға да тиімсіз болып тұр. Себебі жем бағасы қымбаттаған. Қуаңшылық қос бүйірден қысқанда малын әрең аман алып қалғандар «өткен жылдан ұмытылмастай сабақ алдық» – деп отыр. Олардың айтуынша, нарықтағы жем-шөп бағасы ырыққа көнбей тұр.

Жем дегеннен шығады-ау, базарға кіре берісте жем сатқан саудагерлерді аңғарып, бағасын сұрадық. Мұндағылар күрмек жемнің қабын – 2700 теңгеден, бидайдың кебегіне – 2200 теңгеден, бидайдың қабын – 7000 теңгеден саудалап тұр.

– Көріп тұрғаныңыздай мал сатушылар көп. Өйткені қысқа дайындалу керек. Ал мал қоңдану үшін қолда ұстауға тура келеді. Сондықтан бәрі ертерек жем-шөп алуға әрекеттеніп жатыр. Қазір жем қымбат. Күрмек пен күріш кебегін береміз, онда қандай құнар болсын?! Тартылған бидайдың қабы – 7-8 мың, ең арзан деген кебек жемнің қабы – 2-3 мың теңге. Шөптің бағасы былтырғыдан өсті. Жоңышқа – 1000 теңге, қамыстың пресі – 500 теңгеден. Шөптердің пресі де жыл санап қымбаттауда, – дейді қала тұрғыны Ернар Сейілбек.

Иә, базардағы сатушылардың біразымен тілдестік. Басым бөлігі малын сатып, жем-шөбін алмақшы. Сырдария ауданының Амангелді ауылынан сауын сиырын саудалауға келген Теңізбай Кеңестің айтуынша, жем бағасы былтырғыға қарағанда қымбат.

– Қазір бақпай мал соя алмайсың. Жерде баяғыдай от жоқ. Өрісте жүрсе көтерем болады. Сондықтан биыл қысқа дайындықты ертерек бастадық. Қазір мал басын көбейткен былай тұрсын, сақтап қалудың өзі мұң болып тұр. Өткен жылы тоннасы 75-80 мың теңгеден саудаланған кебек биыл 95 мың теңгеге шықты. Былтыр жемдік бидайдың тоннасы 85-100 мың теңгенің шамасында болса, қазір 120 мың теңгеге жетіп қалды. Баға әр жерде әртүрлі, – дейді шаруа.

Күздегі тіршілік қамы тағы айтайық, белгілі. Қысқы жем-шөбін дайындау, тағысын-тағы тіршілік қамы шаруаларды осында жетелеп келіп тұр. Есесіне, осы айда базардағы малдың құны шамамен 20 пайызға арзандаған. Бірақ күз ортасында баға қайта көтеріледі. Айтпақшы, арзаншылық тек арық малға қатысты. Күйлі түліктің теңгесі де қомақты.

Әрине, мал бағамына ет те байланып тұр. Халық етті көбіне мал бордақылаушылардан алады. Ал соңғы уақытта Қызылорда базарындағы еттің бағасы өскен. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, қазір қой еті – 2300, жылқы еті – 2200 теңге, түйе еті – 1900, ал қара малдың еті қоңына қарай 1650-2000 теңге аралығында.

 Осы тұста тағы бір ой қылаң берді. Бәрімізге белгілі бір жайт, Қызылорданың қысы қатты әрі желді. Мал қорада кемі төрт ай тұрады. Қымбатшылық малдың өзін сақтап қалуы үшін шаруаның қалтасын тағы қағады. Себебі «қазіргі нарық күн ыз еткенде қайта шарықтап шыға келеді» – дейді олар. Алып-сатарлықпен айналысатындар малдың бағасын қалай көтерсе, қысылтаяң уақытта жем-шөптің де бағасын солай көтереді екен. Қазір төрт түлік жайылымда жүр. Дегенмен баяғы майса күйдегі жер жоқ.  Сондықтан қазан мен қарашаға әупірімдеп жеткен мал қолға қарамаса қыстан шыға алмайды. Шаруаларды алаңдататыны – осы.

Басқарма сөзіне сүйенсек…

Алдымен бұл мәселеге жауапты ауыл шаруа­шылығы басқармасына хабарласып, мән-жайды білмекке тырыстық. Шынында, жем-шөп бағасы қымбаттады ма? Қыста мал азығы азайып, алып-сатарлар шаруалардың қалтасын қайта қақпай ма?

«Облыста мал шаруашылығы бойынша жағдай тұрақты. Баға да бақылауда. Мал азығы саналатын жоңышқа нарықта 650-700 теңге, бау пішен – 250-300 теңге, престелген бума 270-350 теңгеден сатылуда. Ал шаруалар көп сұрайтын бидай кебегінің келісі – 100-110 теңге. Биыл мал қыстату үшін қолда бар қорларды ескере отырып, 700 мыңға жуық мал басына 919 мың тонна ірі азық, 190 мың тонна жем, 152 мың тонна сабан және 6 мың тонна сүрлем дайындау қажет деп белгіленді. Бүгінде ірі азықтың 83 проценті, жемнің 32 проценті әзірленді» дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері.

Басқарма ұсынған деректерге сүйенсек, жем-шөп бағасы көтеріледі деп даурығудың қажеті жоқ. Қазірдің өзінде облыс бойынша күтімге алынған 46,1 мың гектар ескі жоңышқаның 3,1 мың гектары тұқымға қалдырылып, орылуға тиісті 43 мың гектардың бірінші орымы аяқтал­ған. Бүгінде екінші орым басталып, жиналуға тиісті көлемнің 42,4 мың гектары орылып, 108,4 мың тонна жоңышқа шөбі жиналған. Сонымен қатар қазіргі таңда 21,2 мың гектар жаңа жоңышқаның 8,4 мың гектары жиналыпты.

Жалпы мал азығына қажетті күздік бидай, арпа өімдері де жиналған. Енді жоспарға сәйкес, жоңышқа мен шабындықтардағы табиғи шөп пен қамыс шөбін ору арқылы қамтамасыз етілмек.

Еске салайық, көктемгі егіс алдында көлдер жүйесін толтыру арқылы облыста мыңдаған гектар шабындық жер суландырылып, (сүрлем жүгері, жаңа жоңышқа, ескі жоңышқа, мал жемдік асқабақ) мал азықтық дақылдары егілген болатын. Бұл да қысқа дайындықты күшейте түспек. Оның үстіне өңірдегі 76 күріш өңдеу кәсіпорындары арқылы 100 мың тоннадан аса күріш қалдығы және күріш жемі өндіріліп жүр. Жетпеген бөлігі республиканың басқа аймақтарынан тасымалданады.

Қалай болғанда да жем-шөптің бағасы мал мен ет нарқына тікелей әсер етеді. Міндет – халықты алаңдатқан бағаға бақылау жасау. Жем-шөптің де мол қорын жасақтау қажет. Әне-міне дегенше күз келді. Мұнан әрі қыс қамы бар.

Әр жылдың мезгіліне сай айналып соғатын әдеттегі тіршілік ең бастысы, қарапайым шаруа­ның өлшеулі күшіне тиіп кетпесе деген ой біз­дікі. Нарықтың мына алмағайып күйін көріп, мал базарының өзінен талайды көкейге түйіп қайттық. Қалай десек те қазақтың малсыз күні жоқ. Ал бұл кәсіптің өткір мәселесі ел ішінде аз емес екенін ұмытпаған жөн.

Көкен АҚТАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: