Сәрсенбі, 24 сәуiр, 05:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Көктемгі әлсіздікті жеңе біліңіз…

10.03.2022

927 0

Көпшілік көктемді «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы» дейді. Расында, әрбіріміз осы мезгіл басталысымен әлсіздікті сезінеміз. Адамдар маужырап, жұмысқа деген қабілеті төмендейді. Жиі-жиі басымыз айналып, көзіміз қарауытады. Сондай-ақ салқын тигізіп, тұмауратамыз. Осылайша бұл шақ көбімізді әлекке салады. Дәрігерлер оған ағзадағы дәрумендер қорының азаюы себепші екенін айтады.

– Қыста адамда қозғалыс аз. Ал күн жылып, тірлік көбейгенде жұрт жиі қимылдайды. Сондай-ақ ауа райының да өзгерісі денсаулыққа әсер етпей қоймайды. Адамдар сырттан келген ауруларға бойындағы дәрумендер арқылы төтеп беретіні белгілі. Осыған орай дәрумен қоры аз ағза әлсіздікке ұшырайды. Дәл осы сәт алдамшы. Көбі қалың киімнен құтылғысы келіп, жұқаға көшеді. Соның салдарынан салқын тигізіп, тұмауратады. Әлсіздік – сырқаттың басы. Ол түрлі созылмалы аурулардың өршуіне ықпал етеді. Сондықтан көктемде дәрігер көмегіне жүгініп, тексерілген жөн, – дейді қалалық №3 емхананың терапевт-дәрігері Гүлдана Есалиева.

Оның айтуынша, «А» дәрумені жетіспегендіктен адамның терісі тез қартайып, беті құрғайды. Сондай-ақ көзден жас ағып, жарыққа тура қарай алмайды. Мұндай жағдайдың соңы инфаркт, инсульт, қатерлі ісік ауруларына әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан оның алдын алу үшін сәбіз, қызанақ, жүзім, жұмыртқаның сары уызын көп қолдану керек. Сонымен қатар ағзада В1 дәруменінің аздығынан адамдарда әлсіздік байқалып, болмашыға тез ашуланады. Осыған байланысты ас бұршақты, қара нанды, етті көп пайдаланған жөн. Ал «С» дәрумені ағзаны нығайтады және түрлі жағымсыз әсерлерге қарсыласуын жоғарылатады. Ол үшін ерте пісетін жемістер пайда болғанша, қоректік заттарға бай мұздатылған көкөністерді қолданған жөн. Сонымен қатар тамақтану барысында дәруменге бай өнімдердің ас құрамында мол болуын есте ұстау қажет.

Аталған мезгілде көбісінің қан қысымы көтеріледі. Басы ауырады. Тез шаршап, жүйке жұқарып, ашушаңдық көрініс береді. Әсіресе бұл жағдай орта жастағы кісілерде жиі кездеседі. Сонымен қатар қаны аз және бұрыннан сырқаты бар адамдарда басымырақ сезіледі. Бұл мәселе оларда иммундық жүйенің әлсірегенінен туындайды екен.

Осыған орай дәрігерлер иммунитетті қайта қалпына келтіру үшін құнарлы тағамдарды қолдануға кеңес береді. Атап айтсақ, ет, сүт, сары май, жұмыртқа, балықпен күнделікті тамақтану керек. Ас мәзірінде міндетті түрде көкөністер болғаны дұрыс. Әрбір адам салауатты өмір салтын берік ұстанған жөн. Құнарлы және уақытылы тамақтануды әдетке айналдырсақ әлсіздікті

жеңуге мүмкіндік бар. Оның ішінде адам бойына күш беретін ұлттық тағамдарды, шұбат, қымыз, айран сияқты ағарғанды жиі ішсе иммунитет күшейеді. Жасыратыны жоқ, қазір жастардың басым көпшілігі оның орнына газды сусындар мен тез дайындалатын тағамдарға үйір. Бұл дүниелер адам денсаулығына кері әсерін тигізетіні белгілі. Сондықтан «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген» абзал.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: