Жексенбі, 13 қазан, 03:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№81-2091
12.10.2024
PDF мұрағаты

«Шнобель» сыйлығының сыры

22.08.2023

416 0

Талант пен дарынсыздықтың аражігін аңғару, баға беру тым күрделі. Нашар шығармаға төмен пікір білдіру кім-кімге болмасын ыңғайсыз-ақ. Сонда әділдікті қалай орнатпақ керек? Бұның шешімі өткен ғасырдың соңында жүзеге асты. Әлем ғажайып шығарма мен идеяға «Нобель» сыйлығын берсе, сүреңсіз де қажетсіз өнертабысқа «Шнобель» марапатын табыстауға шешім шығарған. Оған қоса мұны зілсіз орындау әрі әзілмен астастыру үшін түрлі номинация да қосылған еді.

Аталған марапаттың не үшін, кімге берілгенін аңғарсақ, еріксіз жымиясыз. Мәселен, жуырда өнертапқыштар жануарларды арнайы дыбыс көмегімен қолға үйрету тех­нологиясын ойлап тапқаны үшін лауреат деп танылған. Ал нидерланды және түрік ғалымдары әлемдегі ең лас ақшаны анықтағаны үшін сыйлық алыпты. Сәбилердің жаялығын ауыстыруға қабілетті машина ойлап тапқан ирандық өнер­тапқыш та байқау марапатын иеленген. Ал италиялық Сильвано Галлус болса, медицина саласы бойынша қара үзіп шыққан. Оның тапқан жаңалығы – пицца жеу адам ағзасындағы біраз аурумен күресуге мүмкіндік береді деген. Қызығы, пицца міндетті түрде Италияда дайындалған болуы керек деген тұжырым шығарыпты.

«Шнобель» сыйлығы жапондардан да артылмады. Жапондық ғалым бес жасар баладан күн сайын орта есеппен жарты литр сілекей бөлінетінін есептеп, химия саласы бойынша үздік деп танылған. Байқау мінберінде Сингапур, Қытай, Австралия, Польша, АҚШ, Болгария елінің ғалымдары үнемі бой көрсетеді.

Қалжыңға құрылған бұл сыйлықты ғылыми-юморлық AIR журналы 1991 жылдан бері табыстап келді. Жарғыда жазылғандай лауреат атанған өнертабыстар адамды алдымен күлдіріп, сосын ойлантуы тиіс. Аталған журналдың редакторы Марк Абрахамстың айтуынша, сыйлық тағайындаудың түпкі мәні – ғылымды тіпті де қылжақтау емес. Әлем үшін, ғылым үшін маңызды, пайдалы жаңалықтар әркез салмақты мазмұнда болуы шарт емес екенін жеткізу болыпты. Әзірге «Шнобель» мен «Нобельді» қатар алған әлемде бір ғана адам бар, ол – Андрей Гейм. Ол 2000 жылы ұшатын бақаларға арналған магниттерді пайдалану жаңалығы бойынша «Шнобель» сыйлығын алса, арада тура 10 жыл өткенде физика саласында «Нобель» сыйлығын иемденді.

Бұл сыйлық жыл сайын 13 қыркүйекте табысталады. Ал лауреаттарды шынайы Нобель сыйлығының иегерлері марапаттайды. Бір қызығы – олар бұл салтанатты кешке әртүрлі күлкілі образда киініп келіп, шағын театрландырылған қойылымға қатысуға міндетті. Шнобель сыйлығының лауреаттары лауреат атанғаны үшін бір тиын сыйақы алмайды. Мәселен, британиялық ғалым Крис Макманус ежелгі ескерткіштерде құлақтың қаншалықты дәлме-дәл симметриялы түрде салынғанын зерттеген. Осыны анықтау үшін ол Ренессанс дәуіріндегі 107 италиялық ескерткішті адақтап шығыпты.

Ғалымдар да мұндай үрдісті жеңіл әзілмен қабылдауға дағдыланған. Әр жылы «Нобель» сыйлығының иегерлері көздеріне құбылмалы көзілдірік, мұрындарына жапсырма, бастарына тақия сияқты елден ерекшелеп тұратын әлдебір белгі жапсырып, «Шнобель» сыйлығын табыстау үшін Гарвард университетіне келеді. Шара өтетін 1166 орны бар Сандерсен театрында қағаздан жасалған ұшақтар ұшып жүреді. Лауреаттар әрқайсысы 60 секундтан сөз сөйлеп, артық сөйлегендерді арнайы тағайындалған қыз бала «ішім пысып кетті, осы жерден тоқтаңызшы!» әзілмен тежейді. Бұл – бұрыннан бар үрдіс, дәстүрлі әдет.

Р.МАҚСҰТ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: