Сенбі, 04 мамыр, 22:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Сыр мерейін асырған Смағұловтар әулеті

12.09.2023

189 0

Биыл оныншы мәрте өткізілген «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы мәресіне жетті. Елімізде қыркүйектің екіншісі жексенбісі – «Отбасы күні» мерекесі. Мереке қарсаңында елордада байқау жеңімпаздарын марапаттау шарасы өтті.

Мемлекет тірегі отбасы десек, әрбір отбасының бақытты, бақуатты өмір сүруі еліміздің әлеуетін арттырып, мықтылығын көрсетеді. «Мерейлі отбасы» байқауы еліміздегі отбасы құндылығын насихаттауға бағытталған. Ата-анасын ардақтап, қариясын құрметтей білетін, Отанның отбасынан басталатынын ұғына білген жұртымыз үшін байқаудың орны ерекше. Жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысушы отбасылардың саны артып келеді. Өңірде «Мерейлі отбасы – 2023» ұлттық байқауына қатысуға 304 отбасы өтінім берген. Аудан, қала бойынша өткізілетін іріктеу кезеңінен 16 отбасы облыстық кезеңге жолдама алды. Осы отбасылардың арасынан байқау талабына сай келетін, қазылар алқасы үздік деп таныған әулетке ғана республикалық кезеңге жолдама беріледі. 

Жалпы он жыл көлемінде ұйым­дастырылған байқауға осы аралықта 20 мыңнан астам отбасы қатысқан екен. Оның 63 процентін ауыл тұрғындары құрайды. Ал биылғы байқауда еліміз бойынша 3 мыңнан астам отбасы бақ сынаған. Нәтижесінде әр өңірден үздік шыққан 20 отбасы республикалық кезеңге өткен.

Астана төрінде өткен «Мерейлі отбасы – 2023» ұлттық байқауына Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысып, байқау қатысушыларына Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құт­тықтауын жеткізді.

«Мерейлі отбасы – 2023» ұлттық байқауында Сыр елінің атынан қазалылық Смағұловтар отбасы қа­тысып, аймақ намысын қорғады. Ғасыр жасаған Қабақ қария 10 бала тәр­биелеп, одан 22 немере, 32 шөбере, 2 шөпшек сүйген. Ұлы Отан соғысы ардагерінің өнегелі өмірі көпке үлгі боларлықтай. Өзінен тараған балалары қоғамның әр саласында абыройлы еңбек етіп келеді. Отбасы берекесін бірінші орынға қоятын Смағұловтар әулеті республикалық кезеңде үздік танылып, «Мерейлі отбасы – 2023» ұлттық байқауының лауреаты атанды.

– Адам баласы отбасы арқылы өседі, өнеді. Отбасының өсіп-өнуі үшін ата-ананың балаға қамқорлығы, берген тәрбиесі маңызды. Отбасы – үлкен құндылық. Мұны балалар­ға кіш­­кентай кезінен ұғындыру ке­рек, – дейді байқау жеңімпазы атан­ған әу­леттің бәйтерегі Қабақ Смағұлов.

Сұрапыл соғыста от пен оқтың арасында Отанын қорғаған майдангер әке балаларын еңбекке баулып, төзімділікке шыңдап, отбасы ұғы­мының құндылығын ұқтыра білді. Балалары ата-ана үмітін ақтап, өз­дері де өнегелі отбасыға айналған. Қазалы ауданының құрметті аза­маты, майдангер Қабақ Смағұлов балаларының білімді болғанын, ғылым жолын қуғанын қалаған. Бүгінде әке арманы орындалып, ғылым жолында еңбек етіп жүрген балалары бар. Ал немересі мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан чемпионы болса, өзге ба­лалары «Смағұл» шаруа қожалығын ашып, ауыл шаруашылығын өркен­детуге үлес қосуда.

– Әкеміз балаларының ғалым бол­ғанын қалады. Себебі біздің білімді болғанымызға, тәрбиелі болғанымыз­ға көп көңіл бөлетін. Жұмыстан тыс уақытта ылғи бірге сабақ оқып, есеп шығаратынбыз, – дейді ұлы Кемал Смағұлов.

Балаларын адамгершілікке бау­лып, оларға отбасы құндылығын жастайынан сіңіріп, ұрпақ тәр­бие­сінде ұлағатты ұлықтап, мейірім мен махаббатты, парасатталықты сезіндіре білген әулет осылайша тамырын тереңге жайып, бедел биігінен көрініп жүр.

А.ӘЛІМ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: