Сенбі, 04 мамыр, 21:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Ұлттық қордан балаларға қанша қаржы бөлінеді?

12.09.2023

489 0

Келешек ұрпақ қамы үшін жасалған игі істің бірі – балалар жылындағы «Ұлттық қор –балаларға» бағдарламасы. Бұл өскелең ұрпақтың болашағы жарқын болып, білім алып, бас­паналы болуы үшін жасалуда. Мемлекет басшысы бұрынғы Жолдауында «Ұлттық қор – бала­ларға» атты бағдарламасының қалай жүзеге асатынын  баяндаған.

– Біз Ата заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы. Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлт­тық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлт­тық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайы­зын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жас­қа толғанға дейін аударылып тұра­ды, оны мерзімінен бұрын есеп­шоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырамын, – деді Президент.

Мемлекет басшысының бұл сөзі халықтың көңілінен шықты. Бүгінгі күні «бұл бағдарлама қалай іске қосылады? Әр балаға қанша қаражат түседі?» деген сұрақтар көпшілікті толғандыруда. Бұл жөнінде Президенттің бұ­рын­ғы баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Facebook-тегі парақ­шасына шамамен қанша қара­жаттың жиналатыны жөнінде жазба қалдырған.

– Президенттің бастамасымен Балаларға арналған «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама іске қосылады. Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді. Әр бала 18 жасқа толғанша олардың есепшотында кемі 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналады – деді Руслан Желдібай.

Есепшотқа аударылатын қаржы ұлттық  қордың кірісіне байланысты өзгеруі мүмкін екенін жеткізді.

Егер  бағдарламаға 17 жастан бастап қосылған болса, онда бала­ның есеп шотына бір жыл ішінде шамамен 100-150 доллар түседі.

Айта кетейік есепшотқа ауда­рылатын қаржы доллармен есеп­теледі және 18 жасқа толғанда да бұл қаражат доллармен беріледі. Сондай-ақ Ұлттық қордың қара­жатына салық салынбайды.

Аталған қор бойынша Ұлт­тық экономика министрі Әлібек Қуантыров Tengrinews.kz-ке  сұх­бат берген. Онда  2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан­ның Ұлттық қоры теріс табыс көрсеткенін айтып, балаларға берілетін соманың негізгі пара­метрі үшін бірнеше жылдағы инвес­тициялық табыс алынатынын айтқан.

Яғни әлемдік қор және Қазақстанның Ұлттық қоры  үшін 2022 жыл табысты жыл болмағанын жеткізді. Осыған сәйкес сарап­шылармен Ұлттық банк пікірталас кезінде бірнеше жылдағы орташа инвестициялық табысты алу бойынша қорытындыға келген. Сондықтан бірқалыпта және өсім тұрақты болу үшін ұлттық балалар қорын 18 жыл деп  қорытынды жасаған.

– Егер орташа жылдық кірісті алсақ, ол әрқашан оң болады. Жыл бойынша бір жерде 7 пайызға, бір жерде одан да жоғары, бір жерде теріс болады. Бірақ көбінесе – оң нәтиже. Сондықтан, лайықты және тұрақты табыс болады деп күтеміз. Жыл сайын балалардың шотына есептелген 50 пайыз оң кірістілік қамтамасыз етіледі, – деді Ұлттық экономика министрі            

Сонымен қатар ұлттық қорға арнайы есепшотты ата-ана өздігі­нен ашпайды. Ол еліміздегі  база­да тіркелген әр балаға шот автоматты түрде ашылып, кәмелет жасына толғанға дейін қаржы түсіп отырады. Егер қорға түскен қаражатты 18 жасқа толғаннан кейін де алмаса, онда ол қорда 10 жыл сақталады. Сол он жылдың ішінде де қаражатқа  сұраныс болмаса, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару қарастырылған. Ал бала қайтыс болған жағдайда есепшоттағы қаражат туған бауыр­ларына үлестіріледі немесе ата-анасына беріледі.

Одан бөлек қордағы есепшот­ты қадағалау үшін арнайы  веб-сайт немесе құрылғылар арқылы көру қарастырылуда. Ол жерде бала қанша қаражаттың түскенін көре алады. Алайда оны пайдалана алмайды. Бұл қаражатты тек кә­мелеттік жасқа толған соң бала оқуға немесе жылжымайтын мүлік сатып алуға пайдалана алады. Осы тұста бір ескеретін жайт, жылжымайтын мүлікті Қазақстан  аумағынан ғана ала алады. Ал университетті шетелде оқитын болса, онда қаражаттағы сомманы игілігіне қолдана алады. Заң бойынша емге жұмсау мүкіндігі де қарастырылған.

Айта кетейік, ұлттық қор бала­ларға жобасы 2024 жылдың 1 қаң­тарынан бастап іске қосылады.

Нәзира МҰҚАТАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: