Сенбі, 20 сәуiр, 13:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Жазда қайда демаламыз?

31.05.2022

1152 0

Оқу жылы аяқталып, оқушылар жазғы демалысқа шықты. Енді олар үш ай бойы демалып, уақыттарын қызықты өткізбек. Бү­гінде олардың кейбірі жазды жоспарлап, қайда барып демалатындарын да ойластыруда. Осы орайда оқушылар назарына Қазақстанның көрікті жерлері мен демалыс орындарын таныстыруды жөн көрдік.

Коронавирус алып келген пандемия әлем туризміне едәуір қиындық тудырды. Дегенмен осы кезеңде көптеген қазақстандық ел ішін­дегі демалыс орындарын таңдап, отандық туризмге бет бұрды. Соның ішінде Алакөл, Балқаш, Қапшағай секілді демалыс орындары келушілерге тол­ды. Пандемия сейілген тұста да елдегі демалыс орнын таңдаушылар қатары сейілген жоқ. Отандық ту­ризмнің әлеуеті артып, шетелден келушілер саны да көбейді. Демек Қазақстанда да көңілге қонымды, жанға жайлы демалыс орындары бар.

Мәселен, Алматы мен Шығыс Қазақстанның шекара­сында орналасқан Алакөл соңғы уа­қытта ке­лу­ші­лермен толуда. Мұндағы су­дың ең жылы тем­пе­ратурасы шілде айы­ның соңында болады. Одан бөлек мұнда шілде жаздың ең ыстық кезеңі саналғандықтан, ыстыққа шыдамайтын жан­дар тамыз айының аяғында барған абзал.

Алакөлдің оңтүстік бөлігінің суы тұщы, ал солтүстік бөлігі жерасты минералды су көз­дерімен қоректенетіндіктен, тұзды әрі шипалы болып келеді. Көлдің аралда­рын­да Алакөл мемлекеттік қорығы ұйым­дастырылған. Соны­мен қатар мұнда келу­шілердің демалысын барынша ыңғайлы ету үшін түрлі қонақ үй мен демалыс орталықтары, жайлы жағажай, белсенді демалыс орындары бар.

Алакөлдің Шығыс Қа­зақстан­дағы жағалауында орналас­қан демалыс орындары­ның көбі Қабанбай ауылына жақын шо­ғырланған. Өске­мен мен Семейден рейстік автобустар қаты­найды. 2018 жылдан бастап маусым-қыркүйек айларында Өскемен-Жалаңашкөл поезы темір жол арқылы жо­лаушылар тасы­малын іске асырып келеді. Алайда темір жол бекеті Алакөлдің оңтүстігіндегі алматылық бөлігінде орналас­қан. ШҚО-дағы демалыс орындарына жаңадан салынған жайлы тас ­жолмен, такси жалдап жетуге болады.

Қарағанды, Жамбыл мен Алматы облыс­тарының шекарасында орналасқан Балқаш көлі де соңғы уақытта көптеген қазақстандықтың сүйікті демалыс орнына айналды. Мұнда шөл далаға тән климат болғандықтан жаз кезінде ауа-райы едәуір жоғары температураны құрайды. Балқаш – Қазақстандағы ең ірі көл­дердің бірі. Батыс бөлігі тұщы, ал шығыс бөлігі тұзды болғандықтан, Балқаш жартылай тұщы көлдер санатына кіреді.

600 шақырымға созылған көлдің жағасы Бетпақдала шөлі, Шу-Іле тау сілемдері, Тауқұм құмдарымен шектеседі. Көл маңында ауа райы құрғақ. Сондықтан мұнда жаз қашанда ыстық, жауын-шашын аз болады. Демалысын жылы суға шомылып, шуақты күнге қыздырынып өткіземін дегендер үшін Балқаш − таптырмас орын.

Мұнда желкенді спорт, байдаркалық есу, балық аулау сияқты белсенділікке жаны жақын демалушыларға барлық жағдай жасалған. Жүзуден әуесқой жарыстар өткізілетін кезде шағын аралдар ақтық мәре ретінде таңдалып жатады. Алматы облысы Сарқанд ауданында 25-ке жуық демалыс орны бар. Балқаш қаласына негізделген қарағандылық жағалауда олардың саны көбірек. Олардың көбі Шашубай және Тораңғылық елді мекендері мен Приозерск қаласында орналасқан.

Бурабай – демалысты, отандық туризмді жаны сүйетін қазақстандықтар үшін әр­дайым ерекше. «Табиғат мұра­жайы» аталып кеткен Бурабай тіршілік дүниесі туралы сыр шертетіндей кейіпте. Мұражай экспозициясына қорғауға алынған аңдар мен жабайы құстардың тұлыптары, сирек кездесетін өсімдіктердің үлгілері қойылған. Оған қоса, туристер назарына табиғи минералдар ұсынылған.

Нұр-Сұлтан қаласынан Бурабай курортына дейінгі арақашықтық 255 шақырымды құ­райды. Астананың төрінен Бурабайға пойыз­бен, автобус, такси немесе жеке көлікпен жетуге болады. Одан бөлек Бурабайға қыста да, жазда да баруға болады. Мамырдың ортасынан қазанның аяғына дейінгі ара­лықта жол-жөнекей кездесер кафелер мен мейрамханалардың барлығы ашық болса, қыс пен күз айларында олардың саны азаймайды. Одан бөлек, тамақтану мен ор­наласу жағы да еш қиындық тудырмайды.

Сонымен қатар достарымен, сыныптас­тарымен демалғысы келетін балалар үшін Қазақстанда бірқатар балалар лагері жұмыс істейді. Лагерьде олар жазғы демалысын қызықты, пайдалы және естен кетпестей өткізе алады. Сондай демалыс орындарының бірі – «Тау самалы» лагері.

Алматыдан 40 минуттық жердегі «Тау самалы» лагері теңіз деңгейінен 1600 метр қашықтықта орналасқан. Лагерьдің аумағында бассейн, теннис алаңдары бар. Сондай-ақ қысқы мезгілде шаңғы, шанамен сырғанауға жағдай жасалған. Жазғы мезгілде бұл орында балалар тынығу лагері ұйымдастырылып, демалыс уақытын әсерлі өткізуге бар мүмкіндік жасалады.

Іле-Алатауының баурайында орналасқан тағы бір демалыс орны – «Марал-Сай» лагері. Мұнда арнайы дайындықтан өткен жетекшілер қызмет етіп, балалардың қауіпсіздігі үшін барлық шаралар ұйымдастырылған.

Ал балаларға естен кетпес естеліктер сыйлау үшін әр күні арнайы танымдық-тәрбиелік және жарқын көңіл-күйге бөлейтін бағдарлама дайындалады. Соның нәтижесінде балалар шығармашылықта, өнерде және спортта өзін көрсетеді.Лагерьде бассейн, футбол, баскетбол, үлкен теннис, ат спортына жағдай жасалған. Одан бөлек арнайы акт зал, кинотеатр, диско клуб пен шығармашылық бөлмесі де орналасқан. Ал кішкентай балалар үшін ертегі қаласы мен кішкентай бассейн бар. Одан бөлек, Қазақстанда кішкентай саяхатшыларға арналған «КазГео», «Ұлытау», «Балдәурен» мен «Жас құтқарушы» секілді жазғы тынығу лагерьлері бар.

А.ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: