Жексенбі, 30 маусым, 19:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№51-2061
29.06.2024
PDF мұрағаты

Өңірлік медианың өрісі кең

29.06.2024

253 0

Бүгінде Сыр өңірінің медиа кеңістігінде барлығы 120 газет, 26 интернет-сайт пен ақпараттық агенттіктер, 2 телеарна бар. Олардың 137-і облыстық, 2-еуі қалалық, 10-ы аудандық деңгейде ақпарат таратады. Бұл туралы 28 маусым – БАҚ өкілдерінің мерекесіне орай өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов айтты.
– Өздеріңіз білетіндей, ақпарат ағымы тоқтаусыз ағып жатқан қазіргі қоғамда ашық әрі шынайы жаңалықтарды дер кезінде халыққа жеткізу аса маңызды. Бұл ретте телеарналар, басылым және интернет сайттардың сапалы жұмыс жасап, әлеуметтік желілерде ерекше контент қалыптастыруы медиа саласының серпінді дамуына ықпал ететіні анық. Бұл өз кезегінде осы салада аянбай еңбек етіп, бар қажыр-қайратын жұмсайтын журналистер қауымының ерекше еңбегі деп білеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстанды құру үшін қоғамда құндылықтар жүйесін жаңғыртып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастырудың мән-мағынасы зор. Бұл бағытта еңбекқорлық пен білімді болу, адал азаматқа тән қасиеттерді дәріптейтін масс-медиа өкілдері айрықша рөл атқарады» деп атап өткен болатын. Жуырда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Масс медиа» туралы заңға қол қойды. «Журналистің ерекше мәртебесі» деген ұғым енгізілді. Ендігі кезекте қалам ұстаған қауымның құқығы заңмен толық қорғалады. Бұл заң – бұқаралық ақпарат құралдарын заман көшіне ілестіруге, саланы дамытуда жасалып жатқан ауқымды жұмыстардың бірі ғана , – деді басқарма басшысы.
Өңірдің медиа саласы ақпарат таратуда заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді игеріп келеді. Оның ішінде заман талабына сай медиа саласына жасанды интеллект тілшілердің келуін ерекше атап өтуге болады. Бұл ретте Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметі, қалалық «Ақмешіт апталығы» газеті, «Qyzylorda» телеарнасы жаңа бағытта ізденіс жасап, жұртшылыққа тың дүниелер ұсынуда.
Еліміздің қоғамдық-саяси, экономикалық ахуалын тұрақты, шынайы ақпараттандыруда «Сыр медиа» ЖШС мекемесінің алар орны ерекше. Қазіргі таңда мұнда 200-ден астам қызметкер журналистика саласының дамуына үлес қосуда. Оның ішінде 1 республикалық, 2 облыстық, 1 қалалық, 7 аудандық басылым мен 13 ақпарат агенттігі жұмыс істейді. Бұдан бөлек, мекемеге қарасты басылымдарға жазылуды қамтамасыз ету, газеттің оқырмандар қолына уақытында жетуі үшін тарату қызметі де бар.
Сонымен қатар тәуелсіздік алған жылы алғашқы эфирін көрерменге ұсынып, бүгінде жағымды жаңалық, қызықты бағдарламаларымен өз аудиториясын қалыптастырған «Qyzylorda» телеарнасы да аймақ журналистикасының дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Аталған телеарна биыл жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Тұмар» телевизиялық байқауына бірнеше номинациялар бойынша қатысуда.
Брифинг барысында басқарма басшысы Алмасбек Есмаханов биыл Сыр журналистикасында айшықты орны бар бірқатар басылымдардың мерейтойы екенінде ерекше атап өтті.
– 1 шілде күні еліміздегі ең байырғы басылымдардың бірі – «Сыр бойы» газетінің жарыққа шыға бастағанына 95 жыл толады. Қазақ журналистикасы мен әдебиетінің алыптары Жиенғали Тілепбергенов, Асқар Тоқмағамбетов, Зейнулла Жарқынбаев, Ұзақ Бағаев, Қалқабай Әбенов сынды ағаларымыздың қолтаңбасы қалған «Сыр бойы» басылымы өткен жылы «Үркер» ұлттық сыйлығын алып, еліміздегі «Ең үздік өңірлік басылым» номинациясын иеленді. Ата басылым Сыр қаламгерлерінің, журналистердің ұстаханасына айналды. Өз оқырманының рухани серігіне айналған газет алдағы ғасырлық белесті де абыройлы бағындырады деп сенеміз. Бұдан бөлек, биыл Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» басылымының 90 жылдығы, Шиелі аудандық «Өскен өңір», Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газеттеріне 85 жыл, Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің жарық көргеніне 30 жыл толуда. Аталған басылымдардың мерейтойы аясында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылатын болады, – деді Алмасбек Әбілқасымұлы.


«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: