Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында еліміздің ақпарат, ғылым және мәдениет салаларында жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар азамат мемлекеттік марапаттарға ие болды.
Солардың қатарында белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Амантай Шәріпке «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Бұл марапат оның ғылым мен білім саласындағы көпжылдық еңбегі мен ел руханиятын дамытуға қосқан үлесінің жоғары бағаланғанын көрсетеді.
Амантай Шәріп қазақ әдебиеті мен журналистикасының өзекті мәселелерін зерттеп, ұлттық құндылықтарды насихаттауға зор еңбек сіңірген ғалым ретінде кеңінен танымал. Ол ғылыми-зерттеу жұмыстарымен қатар, ақпарат саласында да белсенді қызмет атқарып, әр жылдары «Qyzylorda» телеарнасын басқарып, өңірлік журналистиканың дамуына елеулі үлес қосты.
Ғалымның басшылық кезеңінде телеарна мазмұндық тұрғыдан жаңарып, өңірдің қоғамдық-саяси, мәдени және рухани өмірін кеңінен насихаттайтын маңызды ақпараттық алаңға айналды. Сонымен қатар жас журналистердің кәсіби тұрғыда қалыптасуына қолдау көрсетіп, шығармашылық ұжымның дамуына ерекше мән берді.
Құрметті атаққа ие болған Амантай Шәріпті жоғары марапатымен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық, ғылыми және шығармашылық қызметіне толағай табыс тілейміз.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
