Бейсенбі, 28 наурыз, 17:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Бағдары айқын білім ордасы

22.05.2021

4160 0

Талантты оқушыларды топтастырып, халықаралық талапқа сай білім беру мақсатында 2009 жылдан бастап Назарбаев зияткерлік мектептері ашыла бастады. Елбасы бұл білім ордаларының қызметіне ерекше мән беріп келеді. Елбасы жоғары бағалаған білім ордаларының бүгінгі тыныс-тіршілігін білу мақсатында Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне арнайы ат басын бұрған едік.

Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2013 жылдың 30 тамызында ашылған НЗМ желісіндегі 15-ші білім ордасы. Ашылған күннен бастап 2016 жылға дейін Гүлмира  Мүнкеева мектеп директоры қызметін атқарды. 2016 жылдың тамызынан бастап Бақыт Жұматай басшылық жасап келеді.

МЕКТЕПТІҢ МАТЕРИАЛДЫҚ БАЗАСЫ

Білім ордасы 720 оқушыға есептелген. Оқушылардың заман талабына сай білім алуы үшін 132 орындық жатақхана, 360 орындық асхана, 360 адамға лайықталған мәжіліс залы, медициналық кабинет, 63 оқу сыныптары мен 3 спорттық зал қарастырылған. Мектеп биология, химия, нанотехнология және биотехнология ғы­лымдары бойынша теория мен тәжірибе ұш­тастыратын заманауи ка­бинеттермен жаб­дықталған.

Қазақ, орыс жазушыларының, шетел әдебиеті классик­терінің көркем шығармалары мен оқыр­мандардың жеке тұлғалық дамуына ықпал ететін сұранысқа ие әйгілі бестселлер және пән бойынша қосымша оқу ресурстары жинақталған 27 мыңнан астам кітап қоры бар кітапхана оқушылар мен мұғалімдер игілігі үшін қызмет етуде.

КӘСІБИ БІЛІМ ОРДАСЫ

Зияткерлік мектеп қазақстандық және шетелдік үздік тәжірибемен ұштастырылған академиялық терең білімді қалыптастыруға, пәндердің кіріктірілуіне және кең ауқымды дағдыларды дамытуға бағытталған NIS-Program  бағдарламасы  негізінде білім береді.  Екінші шетел тілі ретінде корей, француз, неміс, кәріс, қытай тілдерінен арнайы қосымша сабақтар жүргізіледі. Оқушылардың жеке қызығушылықтарына сәйкес барлығы 45 қосымша білім беру үйірмесі бар. Онда телестудия, фотостудия, спорттық секциялар, киіз басу, киім дизайны, сублимация, топиарий, ағаш ою, вокал, халық аспаптар оркестрі жұмыс жасайды. Жекелеген пәндерді тереңдетіп оқыту, оқушыларды жан-жақты дамытуға бағытталған 28 пәндік элективті курстар ұйымдастырылған.

ҰСТАЗЫ МЫҚТЫНЫҢ…

«Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» демекші, зияткерлік мектептегі білім берудің жаңашыл үлгісін көрсетіп жүрген мұғалімдер бар. Білім мен тәрбие – егіз ұғым. Білімді шәкірт тәрбиелейтін ұстаз біліктілігі – мектептің басты критерийі. Олардың қатарында білім беру бағдарламалары мен оқулықтарын құ­рас­тырушылар да бар. Халықаралық және республикалық деңгейдегі курстардан тәлім алу арқылы олар педагогикалық шеберліктерін шыңдап отырады. Үш мұғалім «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлектері болса, екі мұғалім осы бағдарлама бойынша оқуын жалғастыруда.

Қазіргі таңда мектепте 131 пән мұғалімі, шетелдік 3 педагог, 53 педагогикалық қыз­меткерге теңестірілген мамандар еңбек етуде. Педагог қызметкерлердің 8-і Назарбаев Университетінің магистрі, 3 қызметкер «Ы.Алтынсарин» және 1 мұғалім  «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған. Ал 10 педагог ҚР БҒМ-ның «Құрмет грамотасы» және «Алғыс хаттармен» марапатталды. 2018 жылы мектеп кураторы Г.Шынтасова «Bilim Media Group» компаниясы ұйымдастырған республикалық «Жаңашыл мұғалім – 2018» байқауында тәрбие саласындағы озық тәжірибесімен  бас жүлдені иеленген. 2016-2018 жылдары «Үздік педагог» республикалық конкурсында білім саласындағы үздік еңбектері үшін мектеп мұғалімдері Ж.Әжібаева мен Д.Мұнарбаева жеңімпаз атанып, 2,5 миллион теңге сыйақыға ие болған.

2019 жылы Германияның Гамбург қаласында өткен білім беру саласындағы зерттеушілердің халықаралық конференциясында 4 мұғалім өз жұмысын қорғаған.

ОҚУШЫЛАРЫ СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ

Назарбаев зияткерлік мектебіне оқушылар конкурстық негізде, қатаң талаптармен қабылданады. Бұл мектеп басқа мектептерден ерекше. Ерекше деуіміздің бірнеше себебі бар. Алдымен айтарымыз, мұнда мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік дегендей, ең та­лантты шәкірттер оқиды. Алайда өңірдің әр мектебінде, әр ұстаздан дәріс алған оқушылар Назарбаев зияткерлік мектебіне бірден қабылдана қойған жоқ. Озық білім жүйесімен сусындап, тәлім мен тәрбиені қатар ұштастыруға, жаңаша даму жүйесіне бейімделуге түрткі болатын мектепте оқу әр баланың арманына айналды. Көп тіл білу арқылы зияткерлік мектеп оқушысының ойлау кеңістігі, танымдық көкжиегі мен қарым-қатынас жасау дағдысы айтарлықтай жоғары болатыны анық. Сондықтан қазақстандық жастар кәріс, неміс, француз, қытай және испан тілдерін жетік меңгеріп келеді. Тіл үйренуді Назарбаев мектебі жүйелі жолға қойған.

Биылғы оқу жылында 95 түлек мектепті бітіреді. 2013-2020 жылдар аралығында мек­тепті барлығы 641 оқушы бітірді. Бі­тірушілерден 11 түлек «Алтын белгі» иегері болса, 47 түлек «Үздік аттестат» алған. 102 түлек Назарбаев Университетінде, 42 түлек Италия, Чехия, Германия, Түркия, Гонконг, Оңтүстік Корея, Қытай, Венгрия, Рессей мем­лекеттерінің жоғары оқу орындарында, 497 бі­тіруші еліміздің беделді университеттерінде грант негізінде білім алуда.

2014 жылы мектеп оқушылары А.Абдраман, А.Шәкірбай академик А.Жұмаділдаев атын­дағы сыйлыққа арналған байқаудың жеңім­паздары атанды. 2014 жылы А.Сыздық, А.Алайдар, Д.Бағдат, С.Өмірбайдың кәсіби бағдар беру сайт жобасы «Атамекен-стартап» республикалық бизнес идеялары байқауында үздік деп танылды. 2017 жылы Қ.Мақсат химия пәні бойынша «Қызылорда облысының Үздік жас зерттеуші» номинациясын иемденді. 2019 жылы А.Әбдіжәміл «Жас ерікті», А.Әбутәліпова «Жас ақын», Д.Райымбек «Жас эколог» номинацияларына ие болды. 2019 жылы 11-сынып оқушысы Д.Денеев Теміртау қаласында өткен XII Президенттік олимпиадада қола медальмен марапатталды. 2020 жылы 11-сынып оқушысы Ә.Алтынбасов «IESO 2020» олимпиадасының республикалық кезеңінде жеңімпаз атанып, Ресей Федерациясының Тюмень қаласында өтетін халықаралық байқауға жолдама алды. Биылғы оқу жылы 9-сынып оқушысы Жанар Сабихан қазақ тілі білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлы атындағы төртінші республикалық қазақ тілі мен әдебиеті одимпиадасында ІІ дәрежелі димпломмен марапатталды. Биыл «Сахнада неміс тілі» атты VI жастар театры фестивалінде қызылордалық оқушылар «Ең үздік бейнеконцепция» но­минациясында үздік деп танылса, Гете-институтының бастамасымен өткізілген неміс тілінен республикалық олимпиадада 11-сынып оқушысы Толғанай Жағыпар 2-ші орынды иеленген.

– Мектеп жанындағы «Самға» би тобы Лондонда өткен халықаралық шығармашылық фестивалінде 1-орын иеленді. Ал 11-сынып оқушысы Баян Сарибаева Польшаның «DIGI-TALENTY. JESIEN-2020» халықаралық фес­тивалінде жеке орындауда ерекшеленіп, бірінші дәрежелі диплом иегері атанды. Қызылорда қаласындағы NIS-тің 7 шәкірті «Елбасы медалі» жобасының қола медаліне қол жеткізді. Мұнымен қоса мектепте еңбек ететін ұстаздар қауымы да биік белестерден көрініп жүр. Олар шетел мамандарымен тәжірибе алмасып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда, – дейді білім ордасының директоры Жұматай Бақыт.

2013 жылы Нұрсұлтан Назарбаев ұжыммен кездесіп, озық технологиялармен жабдықталған мектепте оқытудың ұлттық және халықаралық үздік тәжірибелерін қолдану арқылы оқушы­лардың жан-жақты, интеллектуалды дамуына ықпал ететін сапалы білім» беру міндетін жүктеді.

«Ел мен елді, халық пен халықты ұлт пен ұлтты теңестіретін – білім» деген еді Мұхтар Әуезов. Иә, білім бәсекесі басты орынға шыққан XXI ғасырда әркім өз әлінше білім теңізіне бойлап, тұнығына шөл қандырғысы келетіні хақ.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: