Сейсенбі, 21 мамыр, 07:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№39-2049
18.05.2024
PDF мұрағаты

Білім саласында жаңалық көп

07.02.2023

618 0

Білім – білікті елдің болашағы. Сондықтан ол әрдайым қырағы қадағалауды, айрықша мән беруді талап етеді. Облыс орталығында осы салаға ерекше назар аударылған. Қазір бұл бағытта жаңа әдістер, тың тәсілдер енуде.

Бұл үдерістен шығу үшін Қызылорда қаласында білім сапасын көтеру бағытындағы қажетті іс-шаралар жалғасын тауып келеді. Соның бір парасы ретінде ұстаздарды қолдау, оқушылар мен түлектерге барынша жағдай жасау – қашанда негізгі міндет.

– Бүгінде білім бөліміне қарасты 55 мектепте 68 268 бала білім алуда. Онда 7 336 мұғалім дәріс береді. 2021-2022 оқу жылында 2480 оқушы бітіріп, оның ішінде 1259 мектеп бітіруші грант иегері атанды. Қазіргі таңда қалалық білім бөліміне қарасты 5 қосымша білім беру ошағында 5 766 бала заманауи техникалық үйірмелермен қамтылып, республикалық және облыстық байқауларда жүлделі орындарға ие болып келеді. Сонымен қатар мектеп жанындағы спорттық секциялар, үйірмелер, аула клубтары жұмысы да жүйелі жолға қойылған. Қазіргі таңда мектептер жанынан 640 спорт секциясы жұмыс жасап, оған барлығы 17 325 бала, ал мектептердегі 521 үйірмеге барлығы 14 372 оқушы қатысады, – деді қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте қалалық білім бөлімінің басшысы Ерлан Боданов. 

Бәсекеге қабілетті ұлт тәрбиелеу жолында білім сапасын арттыру қашаннан маңызды. Ол үшін оқушылардың оқулықпен қамтылуы айтарлықтай рөл атқарады. Жыл сайын жаңа оқу жылы басталар алдында бұл мәселе алғашқы күн тәртібіне қойылады. Соның нәтижесінде мектептер жаңа оқулықтармен қамтылып отыр. Айта кеткен жөн, бүгінде оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендерді сатып алу және жеткізу бағдарламасы бойынша қаладағы барлық мектеп толықтай оқулықтармен қамтамасыз етілген. Демек, өрендердің алаңсыз білім алуына негіз бар. Жас ұрпақ үшін алға қойылған негізгі міндеттің бірі – олардың заманауи ғимаратта білім алуы. Бұл да кезең-кезеңімен орындалуда.

– Биыл Қызылорда қаласында мектеп құрылысы қарқын алмақ. Яғни, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыс орталығынан заманауи үлгідегі 8 мектеп салу жоспарланған. Оның бесеуінің құрылысы биылғы жылы басталады. Атап айтқанда, СПМК-70 мөлтек ауданынан 2000 орындық және Арай-3 аудан бойынша 2000 орындық, Сырдария өзенінің сол жағалауынан 900 орындық мектеп, КБИ мөлтек ауданынан 600 орындық мектеп, Қызылжарма елді мекеннен 900 орындық мектеп құрылысы басталады. Сонымен қатар Қызылорда-Жезқазған трассасы бойын­дағы 600 орындық мектептің құрылысын биыл аяқтап, маусым айында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, – деді бөлім басшысы Ерлан Теңізбайұлы.

Өткен жылы да ауқымды жұмыстар атқарылған. Атап айтсақ,  №10 Ы.Алтынсарин атындағы мек­тепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Айнакөл ауылындағы №175 орта мектеп ішінде орналасқан автономды бу қазандығын сыртқа шығарылған. Сондай-ақ №261 мектеп пен «Күнекей» балабақшасы ғимараты көгілдір отынға қосылған. Бұл жұмыстардың жалғасы ретінде осы жылы 4 мектепке, яғни №15, №212, №211, 222 мектептеріне толық күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Бүгінде облыс орталығындағы мек­тептерде 34457 оқушы ыстық тамақпен қамтылып отыр. Оның ішінде 28363 оқушыға 9 қаңтардан бастап бір реттік ыстық тамақ беріле бастады.

Баланың қауіпсіздігі де басты міндет. Сондықтан да білім бөлімі оқу ошақтарындағы қауіпсіздікке ерекше назар аударады. Мәселен, қалалық білім бөліміне қарасты 55 мектептің, 28 балабақшаның барлы­ғына бейнебақылау камералары орна­тылған. Білім бөліміне қарасты 55 мектепте 2272 камера орнатылса оның 1496-ы ғимарат ішінде, 716-ы ғимараттың сыртқы ауласында ор­наласқан.

– Біліммен  ғылымды   дамытудың        2020-2025 жылдарға арналған   мем­лекеттік бағдарламасына  сәйкес,  инклю­зивті  білім алуға  жағдай  жа­саған мектептердің үлесін арттыру мақсатында 42 мектепте арнайы мамандар жұмыс жасауда. Қала бойынша 39 мектепте инклюзивті білім беруге жағдай жасалған. Бұл барлық мектептердің 71%-ын құрайды, – деді бөлім басшысы брифингте.

Облыс орталығындағы білім сала­сының жан-жақты өркендеуіне жа­салған жағдайлар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: