Бейсенбі, 25 сәуiр, 18:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Екінші сыныптар ағылшын тілін оқымайды

13.05.2023

957 0

Қоғамда қызу талқыланған бұл мәселенің шешімі де табылды. Енді 3 сыныпқа дейін ағылшын тілі пәні оқытылмайды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың бұйрығы биыл 1 қыркүйектен бастап күшіне енбек.

Иә, 2023-2024 жаңа оқу жылы өзгерістерге толы болмақ. Соның

бірі – ағылшын тілі пәнінің 2 сынып жүктемесінен алынуы. Бұған дейін 1 сынып бағдарламасында орыс тілі мен ағылшын тілі пәні оқытылмайтын. Аталған пәндер 2 сынып бағдарламасына енгізілген еді. Бұл туралы қоғамда жиі талқыланып, ата-аналар тарапынан бастауыш сынып оқушыларына өзге тілді игерудің қиын екендігі айтылды. Біршама уақыттан бері қозғалып келген бұл мәселе осылайша шешім тапты.

Расымен, әріпті енді танып бастаған өрендер үшін орыс тілі мен ағылшын тілі сабағын игеру қиын-ақ. Ана тілін енді үйрене бастаған балаға бұл үлкен күш екені даусыз. Осы мәселені шешуді бұ­рынғы министр Асхат Аймағамбетов қолға алған-тұғын. Ол сөзінде 1-2 сынып оқушылары үшін бірден үш тілді меңгерудің қиын екенін айтқан. Игілікті бастама аяқсыз қалмай жаңа министрдің қайта қолға алғаны көпшілікті қуантты.

Әуелде қоғамдық талқылауға ұсы­нылған бұйрық жобасының мақсаты – білім беру мазмұнын түзету. Қазақстандық білім беруді ағымдағы жаңғыртудың түйінді бағыттары оқушыға түсетін оқу жүктемесін азайту, STEM білім беру тәсілдері, тәрбиелік компонент негізінде жаратылыстану-математикалық пәндерді оқытуды күшейту, білім алушыларды ерте әлеуметтендіру және кәсіптік бағ­дарлау, білім берудің инклюзивтілігін күшейту, тұрғылықты жеріне және оқыту тіліне қарамастан сапалы білім алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету», – деп көрсетілген.

Бұған дейін мектеп бағдарламасында 2 сынып оқушылары «Көркем еңбек» пәнін оқыған еді. Бірнеше пәндер жүйесі біріктірілген бұл сабақ шет тілі пәні алынып тасталған соң, «Еңбекке баулу» және «Бейнелеу өнері» пәні болып қайта енгізілді. Осылайша 1 сынып оқушылары орыс тілі мен ағылшын, 2 сыныптағылар ағылшын тілі пәнін оқымайды. Ал 3 сыныптан бастап шет тілі пәні оқытылады.

Министрліктің ақпаратына сүйенсек, аталған өзгеріс­тер нәтижесінде  11 жылдық оқыту шеңберінде оқу бағдар­ламаларын жетілдіру жөніндегі жүйелі жұмыс еліміздегі білім беру жүйесін білім берудің халықаралық стандарттық деңгейге шығаруға мүмкіндік береді екен. Сондай-ақ мектеп түлектерінің еуропалық біліктілік шеңберінің қажетті деңгейлерін меңгеруіне мүмкіндік болмақ.

Білімнің негізі бастауышта қаланатынын ескерсек, тарыдай болған өрендерді оқудан жирендірмей, құштарлығын арттыруды көздейтін жобалар керек-ақ. Сапалы білім, саналы ұрпақ қағидасын іске асыруда білім беру бағдарламасын бүге-шүгесіне дейін зерделеп, зерттеген жөн.

Енгізілген өзгерістерді ұстаздар қауымы да қолдайды. Себебі мектеп табалдырығын енді аттаған ойын баласын білімге бет бұрғызуда кедергілер болатыны жасырын емес. Бұл туралы мамандардың өзінен сұра­ғанды жөн көрдік.

– Педагогикада білім берудің өзіндік әдіс-тәсілі бар. Десе де бастауыш сынып оқушылары енді қалыптасып келе жатқан оқушы болғандықтан жүк­теменің жеңіл болғаны жақсы. Білім берудің алғашқы сатысынан өтсе де 2 сынып оқушыларына өзге тілді меңгеру ауыр тиетіні рас. Ата-ананың барлығы бірдей баласын қосымша оқу орталығына бере алмайды ғой. Мұндай орталыққа барып білім алған баланың сабақ үлгерімі де жақсы болады. Сондықтан мұндай балалар пәндерді мектеп қабырғасында қайталап оқы­ғандай әсер алады. Алайда барлық оқушы білімді тең игеру керек. Екін­ші сыныптан шет тілі пәнін алып тастағаны дұрыс шешім болды, – дейді бастауыш сынып мұғалімі Бағлан Тілеубергенова.

Кезінде ағылшын тілі бастауыш сыныпқа үштілділік саясатын жүзеге асыру мақсатында енгізілген болатын. Сол тұста мамандар баланың санасы жастайынан зерек, қабілетті болатынын алға тартқан. Дегенмен уақыт өте келе әр баланың қабылдау ерекшелігі ескеріліп, мұның қате шешім екендігі белгілі болды.

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» демекші, бастауыш сынып оқушылары тек ана тілін, әдебиетін ғана меңгерсін, өзге шет тілдерді жоғары сыныпта-ақ игереді деген пікірді халық қалаулылары да жиі айтады. Мұны жас өренді отансүйгіштікке баулудың тиімді жолы деген олар жаңа жобаны бірауыздан қолдағаны анық. Қалай десек те, білімді, саналы ұрпақ тәрбиелеудегі шешімдер жеті рет өлшеніп қабылданғаны абзал.

Сурет: El.kz

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: