Сенбі, 04 мамыр, 03:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Ғылымға жол салған өрендер

03.04.2023

776 0

Сырдария ауданы, Аманкелді ауылында орналасқан №42 Қуаныш Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейі ауданға, облысқа белгілі, алдыңғы қатарлы білім ордасы. Соңғы жылдардағы республикалық деңгейдегі жетістіктері мектеп беделін биіктетіп, абройын асқақтатты. Мектепте оқушыларды пәндік олимпиадаларға дайындап, ғылыми жұмыстарға бағыттау жүйелі жолға қойылған. Өткен 2021-2022 оқу жылында «Дарын» ғылыми жоба байқауында 10 сынып оқушысы Жұбатқан Нұржайна аудандық және облыстық кезеңде топ жарып, республикалық кезеңнен 2-орын иеленді.

Биылғы оқу жылында да мұндай жетістіктер жалғасын тапты. Мектеп бойынша 14 ғылыми жоба зерттелу үстінде. Нақты қол жеткізілген жобалар жоғарғы деңгейдегі байқауларға қатысуға жіберіледі. Бір қуантарлығы бүгінгі таңда бастауыш сынып оқушылары мен ұстаздары ғылыми зерттеумен айналысуға ден қойды. Өткен оқу жылында  Республикалық кезеңнен жеңімпаз атанған өрендердің жолы биыл да жалғасын тапты.  «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен 2023 жылдың 15-18 наурыз аралығында «Балдаурен» оқу-сауықтыру орталығы базасында өткен  ХҮІІІ Республикалық «Зерде» конкурсына аудандық және облыстық кезеңінен жеңімпаз атанған екі жобамен үш оқушы қатысты. Нәтижесінде 4-сынып оқушылары Төлеген Асылзат, Жұмабайқызы Гүлсезім (жетекшісі Мұқанова Гүлнар Мұхамедиярқызы) медицина секциясы бойынша «Жиденің емдік қасиеті» тақырыбында жоба қорғап, жүлделі ІІ орынды иеленді. Тағы бір ғылымға жақын өреніміз Қылышбек Сания (жетекшісі Жұмабаева Салтанат Тайранқызы) биология секциясы бойынша қатысып, «Алтын тамырлы мия өсімдігі» тақырыбындағы жобасымен арнайы грамотамен марапатталды.

Ауыл аумағынан шықпаған ауыл баласы үшін талабы биік  додаға қатысу, Қазақстанның маңдай алды курорттық аймағы «Бурабайды» көру ұмытылмас әсер қалдырды. Байқауға қатысумен бірге бүлдіршіндер Көкшетау, Щучье қаласының көрікті жерлерін аралап, демалып қайтты. Жеңісті сапардан оралған балаларды достары мен ұстаздар зор қошеметпен күтіп алды.

Ғылым бәйгесінен қанаттанып қайтқан білімпаздар достарына алған әсерлерін айтып, тауыса алмауда. Олардың әңгімелері балғын достарын ғылым шыңына жетелеп, «Осындай биіктерді біз де бағындырсақ» деген арманға қанат қақтырары анық. Сыр елінің жұлдызын биікте жарқыратар жас дарындарға толағай табыстар тілейміз.  

Құрманғали Шегенұлы Құлымбетов,

№42 Қуаныш Баймағанбетов атындағы мектеп-лицей педагог-ұйымдастырушысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: