Жұма, 03 мамыр, 05:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Халқына қызмет еткен тұлға

25.02.2023

667 0

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргеновтің 125 жылдығына орай Қызылорда қаласындағы Т.Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейінде «Халқына қызмет еткен тұлға» атты облыстық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Ол елдің жарқын болашағы үшін қазақ өнері мен білімін дамытуға үл­кен үлес қосқан жан. Тағылымы мол өне­гелі ғұмырын кейінгі өскелең ұрпақ­қа кеңінен насихаттау – басты міндет. Рухани шараға облыстық ардагер­лер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық білім басқармасының басшысы М.Шермағанбет, «Темірбек Жүргенов атындағы қоғам­дық қор» төрағасы С.Аңсатов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда универ­ситетінің оқытушысы, профессор Айтжан Оразбақов, білім саласының қызметкерлері мен ғалымдар, арда­герлер және Темірбек Қараұлының туыстары қатысты.

Шара барысында арнайы көрме ұйымдастырылып, Алаштың аяулы ұлының өмір тарихынан оқушылар қойылым көрсетті. Т.Жүргеновтің қайраткерлік, қаламгерлік, азаматтық болмысы жайында ардагерлер мен ғалымдар ой-толғамдарын айтты. Сондай-ақ «Темірбек Жүргенов атын­дағы қоғамдық қор» төрағасы С.Аңсатов баяндама жасап, қайрат­кердің ел тарихында алар қоғамдық-саяси орны, қаламгерлік мұрасы, жас ұрпаққа берер өнегесі туралы кең ауқымда әңгімелеп, тың ұсынысын ортаға салды.

Конференцияда облыстық білім басқармасының басшысы М.Шерма­ғанбет ұлы тұлғаның оқу-ағарту сала­сындағы еңбегіне тоқталып, мерейтой аясында аймағымыздағы білім беру ұйымдарында іс-шаралар өтетіндігін жеткізді.

– Темірбек Қараұлы мектеп салу ісіне ерекше мән берді. Сол уақытта мемлекет есебінен 3 мыңдай, колхоздар қаржысымен мыңға жуық мектеп салдырды. Бір Алматының өзінде 18 мектепті іске қосып, күн-түн демей, құрылыстың басы-қасында өзі жүрді. Еліміздегі мектеп жүйесін кеңейтуге де үлкен көңіл бөлгенін атап өтуіміз қажет, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Айта кетейік, №136 мектеп-лицейіне қайраткер тұлғаның есімі 100 жылдық мерейтойы қарсаңында 1998 жылы берілді. Бүгінде білім ордасында 2 мыңға жуық оқушы білім алуда.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: