Сенбі, 20 сәуiр, 13:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Электронды кітап: артықшылық неде, кемшілік қайсы?

19.06.2021

3787 0

Әлем дамыған сайын технология өзгеріп жатыр. Қазіргі заманды смартфон, планшет, компьютерсіз елестету мүмкін емес. Цифрлық технологияның дамығаны сондай, том-томдап ұстап, оны парақтап, әр ашылған сайын иісін сезініп оқитын кітаптарды қолымызға алмайтын болдық. Себебі интернетте тегін де, ақылы да электронды кітаптар қаптап кеткен. Қалаған кітабыңды жүктеп алып, смартфон арқылы оқи бересің.

Электронды кітап шыққалы баспа өндірісінің дамуы бәсеңдеп қалды. Жүздеген, мыңдаған таралыммен шы­ғатын кітап саны азайды. Кітап сататын дүкендерге, кітапханаларға баратын адам санына бұрынғыдай көңіл толмайды. Осылайша, қағаз кітаптың орнын сандық кітап басып келеді.

Сандық кітаптың тиімді тұстары да жетерлік. Электронды құрылғылардың басты жетістігі – көптеген құжатты сақтай алуы. Дәл сол секілді электронды кітаптарға да талай том кітаптар сияды. Қағаз бетіндегі кітаптан артықшылығы көлемінің аздығы, толық мәтінді іздес­тіру мүмкіндігі, гарнитура мен қаріп кеглін тез әрі оңай ауыстыра алу мүмкіндігі, кітап мәтінін аудио түрінде тыңдай алу, жарықсыз-ақ кітапты оқи беру, таралымның арзандығы, қағаз бетіндегі кітаппен салыстырғанда шығару уақыты әлдеқайда жылдам болуын­да. Сандық кітапты қалаған жеріңізде, қалаған уақытта оқи беруге де болады.

«Кітапты қолыңа алып парақтаған­ның орны бөлек. Кез келген адамның бойында бұғып жататын шығармашылық қабілетті өрістетіп, өрбітіп, айналаны тануға ұмтылдыратын, шабыт беретін дүние – кітап. Және рухани қазына – ой мен сананың, ақыл мен білімнің алтын діңгегі.

Алайда қазір кітап оқудың заманауи үлгісі қалыптасқан. Электронды кітап­ты бүгінде орта буын өкілдері мен жастар жиі оқиды. Оны өзіңіздің ұялы телефоныңызға немесе күнделікті қол­данатын ноутбугыңыз арқылы оқи беруге болады. Бірақ, электронды кітапты оқу кітапты қолға алып оқығанмен бірдей әсер қалдыра ала ма, жоқ па деген сауал туындайды. Гаджет парақтау алдымен адамның көз жанарын зақымдаса, екіншіден, шимайлы беттерді ұзақ уақыт оқып отыру ыңғайсыздық туғызады. Ерекшелігі ол үнемі қолыңызда жүре­ді, артық орын алмайды, кез келген уақытта, қалаған орында оқи беруге болады. Кітапты қолыңа алып, жата-жастана отырып парақтағанның орны әсте бөлек. Біріншіден, кітаптың маз­мұны мен тақырыбына сай безен­дірілген мұқабасы, көркемделуі, мә­тін­ге сәйкес суреттері оқырманға ерек­­ше әсер қалдырып, толықтай оқып шығуға ынталы етеді. Екіншіден, кітап білім құралының бастапқы эталоны болғандықтан электронды оқулықтан әлдеқайда жоғары орында қала береді.

Зейінімді арттырып, білімімді шың­даймын деген адамға қазір барлық мүмкіндік бар. Әрине, әркім қажетіне қарай таңдау жасауға әбден құқылы», – дейді  «Халық»  газетінің  бас  редакторы Н.Әбжанұлы.

Лондондағы «Silk Road Media» ком­паниясын құрушыларының бірі – белгілі баспагер Марат Ахмеджанов өзінің бір сұқбатында электронды нұсқадағы кітап жайлы: «Электронды кітап тез дайындалады, бағасы да арзан болады. Қазір әлемде кітаптың сандық нұсқасы тиімді болып жатыр. Ондай кітаптарды компьютерлерден ғана емес, телефондар арқылы да оқуға болады. Оны сатып алудың жолы жеңіл. Экологияға пайдасы көп. Қағаз шығындамайсың. Баспагерлер үшін электронды кітаптың табысы қағаз кітап сатқанмен бірдей. Әрине, электронды кітап қағаз кітапқа қарағанда бес есе арзан тұрады. Алайда оған қағаз шығындамайсың, тасымал жасамайсың, сақтандыруға бермейсің. Егер біз сол шығындарды есептейтін болсақ, электронды кітаптың пайдасы қағаз кітаптан түсетін пайдамен бірдей болады. Жалпы, Ұлыбританияда бас­па­гер он пайыздай таза табыс көрсе, табысты бизнес болып есептеледі. Ал электронды нұсқада сенің табысың елу пайызды құрайды. Яғни таза табысы қағаз кітаппен бірдей болады», – дейді.

Еуропада кітап сақтау шығыны шаш-етектен болғандықтан, олар электронды кітаптарды шығарғанды жөн көреді. Ал біздің ел ше? Бізде де ондай кітаптарға жас буынның арасында сұраныс артып келеді. Техника мен ақпараттық кеңістік дамыған кезеңде мұндай сұраныстың болуы қалыпты құбылыс. Тіпті мектеп қабырғасындағы оқушылар үшін өте ыңғайлы құрал болмақ. Олардың ойынша салмағы бес-алты келіден асатын үлкен кітаптарды арқалағанға қарағанда, сыйымдылығы көп кітаптың сандық нұсқасын пайдалану әлдеқайда тиімдірек. Алайда бұл – басты басымдық емес. Олар  барынша көп білім алып, материалдарды бірнеше рет қайталап тыңдауға, сондай-ақ тапсырмалардың дұрыс жауаптарын бірден білуге мүм­кіндік береді.

Электронды кітаптың жалпы сапасы қандай? Сандық форматтағы оқулықтар кітап секілді тұрақты емес. Олардың ішінде мультимедиялық құралдар бол­ғандықтан дамытып, өзгертіп тұруға мүмкіндік бар. Оның кітапқа қарағанда атқаратын қызметі де кең әрі жан-жақты. Оқулықтарды қазақ және орыс тілін  бір сандық баспа шеңберінде қамтамасыз етуге болады.

«Кітап – ол рухани қазына. Қазір заман өзгерді, өмірді смартфонсыз, компьютерсіз елестету мүмкін емес. Сондықтан көбісі электронды кітап­ты оқығанды жөн санайды, оның артық­шылығы  асыққанда уақытын үнемдеу, жол жүрсе кітапты тасып жүрмеу және кез келген жерде кітабын оқи алады. Бірақ екінші жағын да ойлау керек. Смартфонға көп үңілу денсаулыққа зиян. Заман ағымына қарай электронды кітап пен қағаз кітапты да қатар пайдаланған дұрыс шығар, бірақ кітапты қолыңа алып, парақтап   оқығанға не жетсін. Кітап – өмірлік ұстаз. Сондықтан жастар кітап оқуды күнделікті әдет қылуы тиіс», – деп пікір білдірді қалалық кітап­ханалар жүйесіне қарасты №17 кітапхананың кітапханашысы Мира Оразбекова.

Келешекте электронды оқулық­тар оқытудың ажырамас бөлігіне айна­латыны сөзсіз.

Аружан СЕЙДУЛЛА,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің
ІІІ курс студенті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: