Сенбі, 18 мамыр, 05:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№38-2048
14.05.2024
PDF мұрағаты

Наурыз кездесулері: қызылордалық зияткерлер екі жүлделі орынға ие болды

20.03.2023

708 0

Астанада өткен «Биомедицина, инженерия және технологиялар» атты XII Наурыз кездесулерінде Қызылорда қаласындағы Зияткерлік мектеп оқушылары Раушан Тұрғанбай 1- орынды және Жұлдызай Мұнайтбасова 3-орынды жеңіп алды.

150-ге жуық NIS оқушысы мен аймақтардағы ауыл мектептерінің дарынды өрендері жинаған шарада жүздеген зерттеу жұмыстары ұсынылды. Биылғы жылғы наурыздағы ғылыми жобалар байқауы денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект, машиналық оқыту мен үлкен деректерді енгізу секілді заманауи медицинаның жаһандық трендтеріне арналды.

Сырбойылық зияткер Жұлдызай Мұңайтбасова әзірлеген тұрмыстық электрокардиограф үй жағдайында жүрек ауруларын анықтауға мүмкіндік береді:

– Әлемде жүрек қан тамырлары ауруына шалдыққан 2 миллион адам тіркелген. Жыл сайын 40 мыңнан астам адам инсульттен зардап шегеді. Arduino платформасында біз адамның жүрек соғысының интервалын және ауытқуларды нақты анықтайтын құрылғыны құрастырдық.

Ал Раушан Тұрғанбай пациенттердің биометриялық параметрлері арқылы сәйкестендіруге арналған құрылғы ойлап тапты. Бұл аппарат адам саусағының ізі бойынша ағзадағы ерекшеліктерді анықтауға мүмкіндік береді:

– Бұл технологияның әлемде теңдесі жоқ. Және оны алғашқы медициналық көмек көрсету саласында қолдана отырып, қызметтің сапасын арттыра аламыз.

Сондай-ақ, қызылордалық зияткерлер омыртқаны түзету құралын, көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған ақылды көзілдірік секілді бірегей жобаларын алып келді. Байқау қорытындысы бойынша Жұлдызай қоладан медаль тақса, Раушан чемпиондар қатарынан көрініп, Қазақ-Британ технологиялық университетінің грантын иеленді.

Үш күнге созылған Наурыз кездесулерінде қатысушылар Назарбаев Университетінің ғалымдарымен, Ұлттық биотехнология орталығының, республика Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының, Ана мен бала Ұлттық ғылыми орталығының мамандарымен кездесіп, жаңа технологияларды тәжірибеде қолдану барысымен таныса алды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: