Сейсенбі, 21 мамыр, 00:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№39-2049
18.05.2024
PDF мұрағаты

«Оқуға  құштар мектеп» жобасы оқушылардың кітап оқуға құштарлығын арттырады

10.05.2024

156 0

Өскелең ұрпақтың оқу сауаттылығын, оқу белсенділігін арттыру, оқу құдіреттілігін дамыту, отбасылық кітап оқу дәстүрін жаңғырту мақсатында  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында кітап оқу арқылы əлемге деген қызығушылық мектеп қабырғасынан қалыптасуы тиіс екенін тілге тиек еткен болатын. Бұл тапсырманы орындау мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасы енгізілді. Аталмыш жоба оқушылардың,ұстаздардың, кітапханашылардың жəне ата-аналардың, барша оқырман қауымның  оқу сауаттылығын қалыптастыру мен жетілдіруге, сондай-ақ, оқу мəдениетінің деңгейін арттыруға жəне оқуды насихаттауға бағытталған.

«Оқуға құштар мектеп» жобасын іске асыру мақсатында біздің мектебімізде де «Оқуға құштар мектеп-оқуға құштар ұлт!», «Театр», «Мектеп парламенті», «Дебат» жобалары қолға алынып, әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мектеп кітапханашысы Гүлмира Ертасқызының ұйымдастыруымен  С.Торайғыровтың  «Қамар сұлу», Б.Соқпақбаевтың  «Менің атым Қожа», С.Көбеевтің   «Қалың мал», Қ.Қайсеновтың «Жау тылындағы бала» атты шығармаларынан оқырмандар конференциялары,  ақын-жазушылардың мерейтойларына арнап «Өзің оқып, өзгеге ұсын»,  С.Сейфуллин шығармаларынан READx, «Поэзияның асқар шыңы-Мұқағали» тақырыбында поэзия кештері, «Бүгінгі сән –кітап оқу» атты кітап апталығы, бастауыш сынып оқушыларымен ата-аналарының қатысуымен «Ертегімен есейемін» тақырыбында сайыстар өткізілді.

«Оқуға құштар мектеп» жобасы жүзеге асырылғалы бері оқушылардың кітапқа  деген көзқарастары өзгеріп, құштарлықтары артып келеді. Жыл санап көркем әдебиеттер саны артқандықтан, оқырмандар саны көбеюде.  Кітапхананың  кітап қоры  1730 дана көркем әдебиет, балалар әдебиеті, ғылыми –танымдық әдебиеттермен  толықты.

Жоба барысында жүргізілген кез келген шара баланың кітап оқуға қызығушылығын арттырумен қатар, рухани  құндылығымызды, тарихи деректерімізді өскелең ұрпақ бойына дарытып, патриоттық рухын ояту болып табылады. Өткізілген  қандай да  болмасын мәдени көпшілік іс-шарадан  оқырмандарымыз  теңізге тамған тамшыдай  болса да тағылым алса, мақсатымыздың орындалғаны деп білеміз.

Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Кітап аяулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент  бола бастадым  деп  санауға  болады»  деген екен. Ендеше, тұлға болу үшін кітаппен дос болу керек. Кітап оқуға құштар, білімді оқушыларымыз көп болсын!

Г.Нұрмағанбетова

И.В.Панфилов атындағы

 №5 мектеп-лицей мұғалімі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: