Бейсенбі, 25 сәуiр, 17:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

«Отыз жылда қаншама шәкірт тәрбиеледім»

16.12.2021

1308 0

Жас мұғалім Бибіхауа Байманова бүгінде тәжірибелі ұстаз.

Ол Темірбек Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейінің физика пәнінің мұғалімі. Осы отыз жыл ішінде талай шәкірттің томағасын сыпырып, білім көкжиегіне қанат қақтырды. Ұлағат иесі туған өлкенің оқу ағарту ісіне айтарлықтай үлес қосып келеді.

Жоғары санатты педагог-зерттеушінің білім саласындағы жетістігі аз емес. 2015 жылы Қазақстан Рес-публикасы «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін иеленді. Білім саласындағы нәтижелі еңбегі үшін «Қызылорда қаласына – 200 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. Оған қоса облыстық білім басқармасының «Құрмет» грамотасы мен қала әкімінің алғыс хаты да бар.

«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, бағытынан таймасы анық.

Кейіпкеріміз әрбір шәкіртінің жеңісіне балаша қуанып, марқайып отырады. Қаншама шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Олардың қатарында – Колхозбай Абылайхан, Нұрсұлтан Рысқұлов ішкі істер саласында қызмет етсе, Гүлжазира Әлиасқар, Айгерім Қаржаубаева ұстаздық жолын тандады. Әмірхан Мұханбетқали, Жамал Ермекбай медицина саласының білікті мамандары атанды. Былтырғы оку жылында ҰБТ-дан шәкірті Дильназ Алматқызы 137 ұпай жинап үздік атанып, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінде физика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алуда.

Ұстаздың бағындырған биігі аз емес. 2019 жылы физика пәні бойынша халықаралық педагогтар ассоциациясы ұйымдастырған қашықтықтан өткен олимпиадаға қатысып І дәрежелі диплом иегері атанды. Дәл осы жылы «Қазақстан ұстаздары» қоғамы ұйымдастырған республикалық қашықтықтан ұйымдас-тырылған олимпиадада І дәрежелі дипломмен марапатталды.

Пәндік семинарларға арналған авторлық бағдарламасының жөні бір басқа. Атап айтар болсақ, «Қазақстандық білім моделі жаңартылған білім беру мазмұнымен» атты әдістемелік құралы, «Педагог мәртебесін көтеру – ортақ іс» тақырыбындағы республикалық мұғалімдер конференциясына байланысты мақаласы жарияланып, дипломмен марапатталды. «Мәртебелі маман – 2017» республикалық байқау жеңімпазы атану оның білімі мен білігін паш етіп тұрғандай. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ұйымдастырған педагог қызметкерлерінің сараптамалық сайысына «Физика және экология» атты авторлық бағдарламасы ұсынылып жоғары бағаланды. «Дара тұлға», «Қазақ ұстазы» республикалық ғылыми-ақ-параттық танымдық педагогикалық журналдарына танымдық мақалалары жарық көрді.

Осыншама жетістіктің артында білімге деген құштарлық айқын сезіліп тұр. Бұл – тынымсыз еңбектің нәтижесі. Өзінің айтуынша, елдің амандығы, жердің тыныштығы тәуелсіздігіміздің баянды болуы басты бақыт. Бұл бір ұстаздың емес, бүкіл ұлттың тілегі.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: