Жұма, 26 сәуiр, 15:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Озат оқушы – мектеп мерейі

18.05.2021

3903 0

Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін білім. Елімізді өркениетке апаратын жолдың бастауында мектеп тұрады. Мектептегі білім барлық әлемнің тыныс-тіршілігінің алғашқы іргетасы. Әрбір жеке тұлғаның болашағы өмір мектебінде шыңдалады. Егемен еліміздің ертеңгі нұрлы болашағы бүгінгі мектеп оқушылары. Сондықтан оларға берілген білім мен тәрбиенің маңызы зор. Тәуелсіз еліміздің алдында тұрған мәселенің бірі – білімді де заман талабына сай тұлға қалыптастыру.

Осындай ел болашағы жолында ізгілікті мақсат тұтқан №257 орта мектебі – білімнің қасиетті қарашаңырағы. Білім беру нысаны алғаш рет 2005 жылы пайдалануға беріліп, 624 оқушыға есігін айқара ашқан еді. Содан бері білім беру жолында қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Бүгінде аталмыш білім ордасы ақпараттық ресурстармен жоғары деңгейде қамтылған. 4 мультимедиа кабинеті жұмыс жасайды. Интерактивті кабинет, лабораториялық және информатика кабинеттері, жас өскіндерге арналған спорт залы бар.

Егемен еліміздің өскелең ұрпағын оқытып, тәрбиелеуде білім ұясы биік белестерді бағындырып келеді. Атап айтар болсақ, оқушылар мен ұстаздар облыстық және қалалық байқаулар мен олимпиадалардың жүлдегерлері атанып жүр. Мектеп ұжымының барлық жетістігі оқушылардың білім сапасын жоғары деңгейде көрсетумен сипатталады. Ол үшін білікті маман болу маңызды.  Білім мен өнерді қатар ұштастырған білім ордасы алдағы күннің талабына сай зор міндеттер орындауды мақсат етеді. Еліміздің ертеңгі болашағы бүгінгі жас ұрпақтың қолында десек, жас ұрпақтың тағдыры бүгінгі ұстаз қауымының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі.   

Бүгінде бұл білім ұясында 1342 оқушыға 142 мұғалім дәріс беріп келеді. Биылғы мектеп бітіретін 61 түлектің 7-і «Алтын белгіге» үміткер. «Үздік аттестатқа» 1 үміткер бар.

Талаптың мініп тұлпарын…

№257 орта мектебінің бастауыш әдістемелік бірлестігінде 40 мұғалім қызмет атқарып келеді. Барлығы жоғары білімді, өз ісінің мамандары. Онда білімнің әдіс-тәсілдері мен оқушылардың өз бетімен ойлану қабілетін жетілдіруге, шығар­машылықпен айналысуға мән береді. Ұжым  тұрмыс-жағдайы төмен отбасыларға және үйден оқитын оқушыларға үнемі қолдау көрсетіп келеді. 

Білім ордасы ашылғалы қаншама шәкірттер мектеп абыройын арттырып, грант иегері атанып жүр. Мектеп түлегі Арайлым Мұқашева мен Аружан Айтимова «Алтын белгі» иегері атанып, жетекшісі Ажар Оспановаға Нұр-Сұлтан қаласына саяхатқа жолдама берілді. Сонымен қатар шәкірттері биік белестерді бағындырып, «Алтын белгі» иегері танған Жанар Мняжова мен Дина Жүнісова демалыс санаториясына жодама берілді. Шәкірттері биік шыңнан көрініп, мектеп абыройын арттырса, бұл кез келген ұстаз үшін зор мәртебе саналмақ.  

Жыл басында «Сапалы білім – жетістікке жетудің дамытушы құралы» атты оффлайн форматта семинар өтті. Семинарда бастауыш сынып мұғалімдері Шынар Нағметова, Жанар Шөменова, Гүлбану Алтынбекова, Айнаш Көшербаева, мектепалды даярлық топ жетекшісі Кенже Тышқанбаева үлгілі ашық сабақтар өткізсе, Эльмира Арызмағанбетова, Айгерім  Қалыбаева, Шолпан Бекентаева сыныптан тыс  жұмыстар көрсетті. Семинар өз деңгейінде өткізіліп, қаты­сушы мұғалімдер мектеп директорының алғыс хатымен марапатталды.

Шығармашылық шыңға шығарады

Өткен жылы тілдер мерекесі күні қарсаңында «Мәңгілік ел – Мәңгілік тіл» атты апталық  өтті. Онда қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімдері  оқушылар арасында мәнерлеп оқу сайысын, сурет көрмесін, конференциялар өткізген. Оқушылар бейнежазбалар арқылы өз өлеңдерін жіберіп, ана  тілі туралы шұрайлы жырларды нақышына келтіріп орындады. Барлық белсенді оқушыларға алғыс хат табысталды. Сондай-ақ Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерей­тойына орай «Абай қарасөздеріндегі тағылымдық ойлар» тақырыбында онлайн эссе байқауы өткізілген. Сайыс қорытындысы бойынша 9 «А» сынып оқушысы Зейнеп Амангелді І орын, 9 «Ә» сынып оқушысы Жанерке Зейнулла ІІ орын, 9 «Б» сынып оқу­шысы Ғали Гүлден ІІІ орын иеленді.

 Бердібек Соқпақбаевтың 95 жылдығына орай «Халқы сүйген қаламгер» тақырыбында онлайн кітап оқу конференциясын ұйымдастырды. Оқушылар жазушының балаларға арнап жаз­ған туындыларын оқыды. Өздерінің оқыған шығармалары туралы ой-пікірлерін білдіріп, ұнаған тұстарынан үзінділер оқыды. Мұның барлығы бала бойындағы шығармашылық қабі­летін арттыра түсері хақ.

Қала мектептерінің арасында өткізілген «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» тақырыбындағы жас ақындар мүшәйрасында 8 «Ә» сынып оқушысы Ерболат Аружан ІІ орын иеленді. Сондай-ақ «Мен оқыған әдеби шығарма» тақырыбындағы эссе жазу байқауына да қатысып, алғыс хат иеленді. Уәли Төреалиевтің 100 жылдығына орай өткізілген қалалық «Дара тұлғаның дара жолы» тақырыбында 8 «А» сынып оқушысы Аманжол Нұрару ІІ орын иеленді. Қалалық «Елін сүйген Елбасы» тақырыбындағы жас ақындар мүшәйрасында 9 «Б» сынып оқушысы Көшербай Сая ІІІ орын иеленді. «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған «Ақбота» интеллектуалдық марафонында 8 «В» сынып оқушысы Асқарқызы Ұлдана І орын иеленді. «Ұстаз тілегі» республикалық «Абай оқулары» блиц-турнирінде 8-сынып оқу­шысы Ғали Гүлден І орын иеленді. «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған «Ақбота» интеллектуалдық ма­рафонында 9 «Ә» сынып оқушысы Руслан Ақерке ІІ орын, 5 «А» сынып оқушысы Маратова Тоғжан ІІІ орын иеленді. Қалалық «Елбасы жолы» тақырыбындағы эссе жазу байқауынан 9 «А» сынып оқушысы Аманкелді Зейнеп ІІ орын иеленді.

«Дарында» дараланған

«Дарын» республикалық ғылыми-практи­калық орталығы ұйымдастырылған «Ақбота» интеллектуалдық марафонында 5 «Д» сынып оқушысы Нағмет Гүлсая І орын, Жұмахан Назым ІІ орын,  Рашидов Руслан 6 «Б» сынып сертификат алды. Республикалық «Бірлігі жарасқан Қазақстан» байқауында Аяжан Боранбаева, Айназ Қосқанова дип­ломмен марапатталды. М.Мақатаевтың 90 жылдығына орай өткізілген «М.Мақатаев шығармаларындағы ұлттық құндылықтар» атты мұғалім-оқушы-ата-ана үштігі буктрейлер сайысында пән мұғалімі Анель Есқалиева, 5-сынып оқушысы Айбар Тоқшылықов және ата-ана Абзал Молдашев І орын иеленді. 5-7 сыныптар арасында өткен Республикалық пәндік олимпиаданың ІІ ке­зеңінде 5-сынып оқушысы Дильназ Шыңғыс ІІІ орын иеленді. 8-11 сыныптар арасындағы республикалық пәндік олимпиаданың ІІ ке­зеңінде 9-сынып оқушысы Ғали Гүлден ІІІ орын, 10-сынып оқушысы Салтанат Нұртілеуова ІІ орын иеленді. Республикалық www.sabaq.kz сайты ұйымдастырған қазақ тілі пәнінен қа­шықтық олимпиадасында 5-сынып оқушысы  Жаннұр Оңғар І орын иеленді. «Ұлы даланың ұлағатты ұрпақтары» атты республикалық ғылыми жобалар байқауында да «Эссе» сек­циясы бойынша Жаннұр Оңғар І орын, Гүлназ Серікбаева І орын иеленді. «Дара тұлға» ғылыми, ақпараттық-танымдық жур­налы ұйымдастырған «Поэзия, менімен егіз бе едің?» онлайн мәнерлеп оқу байқауында 5-сынып оқушысы  Жаннұр Оңғар І орын, 10-сынып оқушысы Гүлназ Серікбаева І орын иеленді. «Өмірін өлеңмен сөйлеткен» атты Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай ақын дастандарынан үзінді жатқа айту сайысы ұйымдастырылды. Сайысқа 8 сынып оқушылары қатыстырылды. Оқушылар Ж.Жабаевтың «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» дастандарынан үзінділер оқыды. Сайыс қорытындысы бойынша 1-орын, Аида Айтмұханқызы, 2-орын Құлпынай Таубаева мен Нұрару Аманжол, 3-орын Ұлдана Мырзағұл, Динара Бақытоваға табысталды. 

ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай «30 ел – 30 кітап» акциясы бойынша  «Коворкинг – оқы, үйрен, тыңда»  тақырыбындағы буктрейлер сайысында  Төлеген Әбдірайымовтың  «Ала­бұға аулаған күн» буктрейлері үшін Роза Әлшоразова мен Әсемгүл Сарина алғыс хатпен марапатталды. Майра Омарованың  «Көмбе нанның дәмі» буктрейлері үшін Ғалия Асанбаева мен Перизат Мылтықбаева алғыс хатпен марапатталды. Мектепішілік «Жыл мұғалімі-2021»  сайысында Перизат Мылтықбаева  ІІ орынға ие болды. Қалалық «Үздік қазақ тілі мен әдебиеті – 2021»  сайысында Анель Есқалиева «Шығармашыл ұстаз» номинациясы бойынша марапатталды. 

Ұлттық спорт ұлт болашағы

Спорт бағыты бойынша дзюдо, самбо, қазақша күрестен Айдана Әбілда халықаралық, республикалық турнирлердің жеңімпазы.  Нұрай Бақыт халықаралық, турнирлердің  жеңімпазы, Қазақстан Республикасының құрама командасының мүшесі. Назерке Шахиева, Алтынай Өтепбергенова республикалық тур­нирлердің қола жүлдегері. Өмірзақ Сабыр самбо, дзюдо күрестерінің жеңімпазы.  Байдарка каное (ескек есу) сайысынан Гүлжайна Тыныбекова жасөспірімдер арасында бірнеше мәрте әлем чемпионы. Арман Әбдіғалім дзюдо мен қазақша күрестен Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы. Мұрат Тілекжан қазақша күрестен Қазақстан Республикасының күміс жүлдегері.

Міне, мұның барлығы білімі мен тәжірибесі толысқан ұстазлардың мәртебесі екені айқын. 

Мектеп пен отбасы бала болашағына жауапты

– Біздің мектеп жақында ашылғанымен көптеген жетістіктерді бағындырып отыр. Оның барлығы ұстаздарымыздың еңбегі екенін айта кету керек. Қазіргідей технология дамыған дәуірде балаларды соған сай бейімдеп келеміз. Алдағы уақытта барлық кабинеттерді заманауи құрал-жабдықтармен толыққанды қамтамасыз ету жоспарда бар. Республикалық, облыстық және қалалық сайыстардың барлығына белсенді қатысып келеміз. Әрбір оқушының бойында қабілеті болады. Тек талантын тани тусу керек. Бала бұлақ секілді, көзін тауып ашсаң болғаны. Егемен еліміздің ертеңі – білімді жастар. Сондықтан шәкірт шырағын жағуда әрбір ұстазға тәжірибемен қатар парасаттылық қажет. Биылғы оқу жылын карантин талабына сай аяқтап отырмыз. Дегенмен жыл бойы онлайн режимде сабақтар үзіліссіз оқытылды. Жаңа оқу жылын бұрынғыша мектепте қарсы аламыз деп сенемін. Ол үшін әлі де сақтық шараларын бекем ұстану қажет. Балаға мектепте берілген білімнің маңызы жоғары. Ата-ана мен ұстаз бала болашағына ортақ жауапты. Сондықтан менің ұдайы айтатыным, толыққанды бала тәрбиелеу отбасы мен мектепке тығыз байланысты, – дейді мектеп директоры Гүлмира Сүлейменова бізбен әңгімесінде.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ 

Суретті түсірген Аслан Нұразғали

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: