Дүйсенбі, 06 мамыр, 13:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Қызылордада білім саласының үздіктері марапатталды

28.12.2022

392 0

Kyzylorda-news.kz. Тарих қойнауына енгелі тұрған барыс жылы білім саласы үшін табысты болды. Ұстаздар түрлі деңгейдегі байқауларда топ жарып, оқушыларымыз үздіктер қатарынан көрінді.

Бүгін облыстық білім басқармасы мен кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен жылдың қорытынды кеші өткізілді. Салтанатты шараға білім саласында жемісті еңбек етіп, саналы ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған білім саласының ардагерлері мен білім жанашырлары, педагогтер қатысты. Мерекелік кеште басқарма басшысы М. Шермағанбет әріптестерді жаңа жылмен құттықтап, жыл бойы атқарылған жұмыстар мен жетістіктерге тоқталды.

«Биыл ұстаздарымыз үлкен белестерді бағындырды. Атап айтқанда, дәстүрлі өтетін «Үздік педагог-2022» республикалық байқауына қатысқан 4 ұстазымыз үздіктер қатарынан көрініп, жеңімпаз атанды. «WorldSkills» ұлттық чемпионатында колледж студенттері 2 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль олжалап, жетістігімізді еселеді. Әрине, мұның барлығы да ұстаздарымыздың маңдай тер еңбегінің, күн-түн демей, уақытпен санаспай жасаған ерен жұмысының арқасы», – деді басқарма басшысы.

Жылжабар тұста ардақты мамандық иелеріне құрмет көрсетілді. Биыл сала ардагерлері Ермағамбетова Күләй Сағындыққызы – 75 жасқа, Оспанова Гүлзия Жұмағалиқызы – 70 жасқа, Жанибеков Назир Мадемханұлы – 70 жасқа толып отыр. Салтанатты шарада басқарма басшысы М. Шермағанбет абыройлы қызмет етіп, салада өзіндік қолтаңбасын қалдырған ұлағатты ұстаздарды мерейлі мерекелерімен құттықтап, ілтипат көрсетті.

Жиында «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісін, ҚР Кәсіподақтар Федерациясының Құрмет грамотасын, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Құрмет грамотасын табыс етті. Мұнан соң жыл бойы зор жетістікке жеткен білім беру ұйымдарына «Үздік әлеуметтік әріптес»,​ «Озық идеялар мен технологиялар ордасы», «Ынтымағы жарасқан ұжым» номинациялары табысталды. Бұдан бөлек, республикалық байқауларда топ жарып, үздік атанған білім ордалары «Үздік білім беру ұйымы -2022» номинациясымен, халықаралық, республикалық кәсіби байқауларды бағындырған және жеңімпаз шәкірт даярлаған ұстаздар «Жыл үздігі»​ номинациясымен марапатталды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: