Сенбі, 20 сәуiр, 11:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Шығармашыл ұстаз

14.01.2023

1071 0

Мемлекет тарапынан білім беру саласын дамыту бағытында нақты қолдаулар көрсетілуде. Соның негізінде мұғалімдердің кәсіби біліктілігі артып, шығармашыл ұстаздардың саны артуда. Қаламыздағы №2 Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектептің көркем еңбек пәні мұғалімі Айдана Өмірзақова – оқушыларға білім берумен қатар, шығармашылық жұмыстармен де айналысатын жоғары білікті маман.

Ол бала күнінен сурет салуға бейім болып өседі. №235 Қ.Қаракөзов атындағы орта мектебінде білім алып ол болашақта суретші болуды армандайтын. Бала күнгі арманына қол жеткізу үшін 2008 жылы М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық колледжіне құжат тапсырады. Мұнда бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша Ұлжан Қалиева, Кенже Бабасова, Индира Шәмшатова секілді білікті оқытушылардан білім алып, кейін Қорқыт ата атындағы университетте оқуын жалғастырады. Жоғары оқу орнын қызыл дипломға тәмамдаған Айдана Болатқызы еңбек жолын Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектепте бастаған.

–  Мұғалімдік қызметке кіріскен күнім әлі көз алдымда. Жұмысымды ерекше тебіреніспен, жүрексініп бастадым. Уақыт өте келе білікті басшы Жанат Сәдуақасова басқаратын бірлігі бекем педагогикалық ұжымға сіңісіп кеттім. Қазір мектепсіз, оқушыларсыз бір күнімді де елестете алмаймын. «Ұстаз бақыты – шыңға шыққан шәкірті» демекші, халықаралық, республикалық сурет салу, сызу байқауларында топ жарған оқушыларым көп. Олар ата-аналарының ғана емес, мектебіміздің де мақтанышы, – дейді Айдана Өмірзақова бізбен әңгімелесу барысында.

Ізденісті серік еткен білімді ұстаз бейнелеу өнері бойынша тың тәсілдерді меңгеруді жолға қойған. Ол оқушыларға үйрете жүріп өзінің де кәсіби біліктілігін жетілдіріп келеді. Өзі де түрлі шығармашылық байқауларға қатысып, бақ сынап жүр. Сол еңбегі еленіп, 2019 жылы республикалық деңгейдегі жас мамандар байқауында «Үздік жас маман» төсбелгісімен марапатталған. Сонымен қатар облыстық білім басқармасының, қалалық білім бөлімінің бірнеше рет Құрмет Грамотасы мен Алғыс хатын иеленген. Түрлі қоғамдық ұйымдар мен білім беру орталықтарынан алған марапаттары да бір төбе. Бұл марапаттар жас маман үшін жетістіктердің бастауы екені анық.

– Әр жетістікке жеткен сайын маған білім берген ұстаздарымның еңбегін жоғары бағалаймын. Университет қабырғасында өз ісінің шебері атанған Айдана Әләйдарова мен Тұрсынбек Омаровтан білім алдым. Бізге сурет өнерінің қыр-сырын, әр бояудың өзіндік орны, қолданылатын реті бар екенін үйретті. Қазір білімімізді оқушыларға үйретіп, бағыт-бағдар беріп келеміз. Мектебімізде шығармашылыққа бейім, өнерге икемді оқушыларға барлық жағдай жасалған. Басшымыз Жанат Мылтықбайқызы педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыруға ерекше мән береді және оқушыларды ынталандыру шараларын ұйымдастыруға көңіл бөліп, қолдау көрсетіп келеді , – дейді жас маман.

Халық даналығында «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деп бекер айтылмаған. Айдана Өмірзақованың шәкірттері де ұстазы секілді белсенді. Олар әр оқу жылында жақсы жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Облыстық білім басқармасының қолдауымен өткізілген «Суретшілер салтанаты», «Қызықты сызу әлемі», «Менің қалам – Қызылорда», «Рухани жаңғыру – ұлтты ұлықтаудың ұлы жолы», «Түстер әлемі» атты облыстық, қалалық байқауларда топ жарған өнерлі оқушылардың қарасы қалың. Ең маңыздысы, ұстаз әр оқушыға ерекше көңіл бөліп, бос уақытының бәрін шәкірттерінің талабын шыңдауға арнап келеді.

– Ел ертеңі – озат оқушылар. Біз бүгінде жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру арқылы болашақтың негізін мықтап қалап жатырмыз. Сондықтан өз мамандығымды мақтаныш етемін. Мерей Оңдалы, Аминат Жомарт, Мадилана Егенбергенова, Ақбота Сәрсеналиева секілді болашағынан көп үміт күттіретін оқушыларым көп. Өзіндік оқырманы қалыптасқан «Ақмешіт апталығы» газеті арқылы оқушыларымның ата-аналарына алғысымды айтқым келеді. Сіздердің ақпараттық қолдауларыңыз білімнің биік шыңын бағындыруымызға жол ашып, жаңа серпіліс сыйлайды деп сенемін, – дейді Айдана Өмірзақова.

Ұзақ жылдар білім беру саласында жемісті еңбек еткен анасы Ботагөз Дабылованың жолын қуған жетістігі көп шығармашыл ұстаздың ізденісі мен белсенділігін үйінің төрінде, сынып бөлмесінде ілініп тұрған Алғыс хаттар мен сертификаттардан аңғаруға болады. А.Болатқызының «Заманауи білім беру тенденциялары, педагогикалық шеберлік» тақырыбындағы зерттеу жұмысы  мұғалімдерінің тәжірибелік жинақ кітабында енген. Болашақта оқушыларының туындыларынан көрме ұйымдастыруды жоспарлап жүр. Біз шығармашыл ұстазға шын жүректен сәттілік тілейміз!

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: