Сәрсенбі, 24 сәуiр, 02:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Сыңғырла соңғы қоңырау!

25.05.2021

2004 0

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 2020-2021 оқу жылының аяқталу сәтіне арналған салтанатты жиын өтті.

Әр оқу жылының қайталанбас тарихқа толы мерекесіне оқушылар, ата-аналар және ұстаздар қашықтан қосылды. Мектеп директоры Бахыт Жұматай алғашқы құттықтау сөз сөйлеп, оқушылардың білім мен ғылым кеңістігінде жеткен жетістіктерін атап өтті.

– Әлемдік пандемияның тудырған қолайсыздықтары мен шектеулеріне қарамастан, жаңа заманның жаңа талаптарына тез бейімделіп, білім беру үдерісі жалғасын тапты. Оқушыларымыз бен ұстаздарымыз білім, ғылым, өнер және спорт салаларында облыстық, желілік, республикалық және халықаралық деңгейде толағай табыстарға жетті. 12-сынып оқушылары халықаралық IELTS емтиханынан жоғары ұпай жинап, мектептің өткен жылғы көрсеткішінен еселей түсті. Құрметті оқушылар! Мектеп пен ұстаздар сіздердің бойыңызда терең академиялық білімді, 21-ші ғасырда жетістікке жетуге қажетті әртүрлі дағдыларды, бірнеше шет тілін меңгеруге, еліміздің және шетелдің ең үздік жоғары оқу орындарына түсуге қауқарлы, болашақта еліміздің және әлемнің тұрақты дамуына өз үлесін қосатын жауапкершілігі жоғары азаматтарды қалыптастыруға өз септігін тигізуде. Осы мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, болашақтың қозғаушы күші ретінде білімді, жан-жақты дамыған, туған жерінің нағыз патриоты болуға шақырамын, – деді мектеп басшысы.

Мектеп үшін биылғы оқу жылы оң нәтиже мен жетістіктер жылы ретінде есте қалды. Білім мен ғылым шыңында үздік танылған қызылордалық өрендер Назарбаев Зияткерлік мектептері арасында өткізілген желілік ғылыми жобалар сайысында ең үздік команда атанды. Сонымен қатар, оқушылар спорт пен өнерде топ жарып, Италия, Испания, Украина, Польша, АҚШ-тың халықаралық шығармашылық байқауларында жеңіс тұғырынан көрінді. Сондай-ақ, Назарбаев Зияткерлік мектептері арасында өткен тоғызқұмалақтан желілік спартакиада үздік команданың кубогын қанжығалады.

Соңғы қоңырау шарасында ата-аналар университетінің оқушы тәрбиесіндегі атқарған жемісті жұмысы аталып өтілді. Әсіресе бұл жобаға NIS командасында осы оқу жылында қосылған 7-сыныптың оқушылары мен ата-аналары белсенділік танытып, мектеп өмірімен тығыз байланыс орната білді. Сонымен қатар қашықтан оқыту жағдайында оқушылардың мектеп жобаларына қатысу белсенділігі артып, тәрбиелік бағыттағы шараларда үздік танылды.

Дәстүр бойынша мектептің озат оқушылары анықталды. 2020-2021 оқу жылының рейтингісі бойынша «Алаш» – үздік шаңырақ, 9 Е сыныбының оқушысы Жібек Кучербаева – үздік көшбасшы және 11 В сыныбының оқушысы Зарина Айсауытова – үздік оқушы атанды.

Шара соңында оқушылар мектепке деген қимастық сезімдері мен ұстаздарына деген алғыстарын әнмен жеткізіп, келер оқу жылына жаңа күш пен жаңа идеялармен оралуға тілектестіктерін білдірді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: