Жұма, 17 мамыр, 07:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№38-2048
14.05.2024
PDF мұрағаты

Талабын ұштап шәкірттің

01.10.2022

999 0

Ұстаз – деген ұлы есімді естігенде көз алдымызға жарқын мінезді, ақ жүректі, жылы жүзді бейне елестейтіні сөзсіз. Ұстаз бейнесі – шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғарғы үлгісі болып қала беретіні анық. Қасиетті мамандықтың қадірін түсірмей жүрген асыл жанмен жақында жүздесудің жолы түсті. Бала тәрбиелеуде үздіксіз қызмет етіп келе жатқан Роза Күзембаева қаламыздағы №5 мектеп-лицейдің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің педагог-шебер санатты мұғалімі. Өз ісіне берілген, шәкіртінің жанына нұр құя білген Роза апайдың көзқарасынан-ақ баланы оқытуды жек көрмегені байқалып тұр. Мұны өзінің сөздері де дәлелдей түсті.

– Мен мұғалім болуды бала кезден армандадым. Әкем мұғалім болды. Сол кісінің мамандығын және оқушыларға деген құрме­тін, ізгі-ілтипатын байқап қызыға­тынмын. Әкемді құрмет тұтып елік­тедім. Сонымен қатар өзім оқы­ған №3 мектептің ұстаздарының оқушыларға деген қарым-қатынасы, ортаны тануы адам қызығарлық­тай еді. Мектептегі ұстаздарым құрмет тұтар тұлғама айналды. Сол уақыттан мен ұстаздық жолды таңдаймын деген шешімге келдім. Оқушыларды дәл солардай жақсы көретініме сенімді едім. Бала қиял сол мақсатты орындауға жетеледі, – дейді ол.

Роза Асылбекқызы бүгінде ұлағатты ұстаздар қатарында. Талай шәкіртті білім қайнарымен сусындатып, қанатын қатайтып, мектеп қабырғасынан ұшырды. Бойына өмірден біліп-түйген тәжі­ри­бесін сіңірді.

– Әр оқушы – бір әлем. Әр­қайсысының мінезі әр түрлі, қабі­леті сан алуан. Барлығына көңіл бөліп, әрқайсысын тұлға ретінде қалыптастыруға қажыр-қайрат, төзім керек. Сондықтан балалардың болашағы үшін аянбай еңбек етуге тырысамыз. Бірнеше жылдық еңбек жолымда алдымнан неше түрлі оқушылар өтті. Сынып жетекші­сі болудан босаған емеспін. Осы уақытқа дейін 4 сыныпқа жетек­шілік етіп, оқушыларды үлкен өмірге шығарып салдым. Адамның бес саусағы бірдей емес қой. Сол сияқты оқушыларым да бір-біріне ұқсамайды. Бір ерекшелігі байқалып тұрады. Бірақ барлығын да жақсы көріп, білім нәрімен сусындату әрбір ұстаздың міндеті. Менің алдыма келген оқушының  өміріне азық болар білімді ала кетуі еш нәрсемен салыстыруға келмейтін үлкен ұстаздық рахатқа бөлейді, – дейді Роза апай ағынан жарылып.

Ұлағатты ұстаз орыс тілі мен әдебиетіне қызыққан шәкірттеріне сапалы білім беруге көңіл бөліп, талай жас маманға жол көрсетті. Осылай еңбек етіп жүргенде 27 жылдың қалай өтіп кеткені де байқалмады. «Адамның адамшы­лығы – ақыл, ғылым,  жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», – деп  Абай айт­қандай, Роза Күзембаева өрен­дерді нағыз адам болуға лайықтап тәрбиелеуде. Расында, төгілген тер, еткен еңбек міндетті түрде жемісін береді. Оған дәлел, оның шәкірттері бергі жылдардың өзін­де жетістіктерге қол жеткізген. Мәселен орыс тілі мен әдебиеті бойынша көптеген халықаралық, республикалық, облыстық қашық­тықтаң ұйымдастырылған олим­пиа­далардың жеңімпаздары мен жүлде­герлері. Атап айтсақ, Ли Максим – рес­публикалық лин­гвис­тикалық олим­пиаданың жеңім­пазы, Элина Байбатырова – рес­публикалық ғы­лыми жобалар олимпиадасының «Тіл білімі» секциясы бойынша дип­лом иегері,  Мухайо Ашурова – Қорқыт ата атындағы ҚУ 11 сынып оқушылары арасында өткен облыстық орыс тілі мен әде­биеті олимпиадасының диплом иегері және Римма Хисматулина – республикалық ғылыми жобалар олимпиадасының «Тіл білімі» сек­циясы бойынша диплом иегері.

– «Адамның бір қызығы – бала деген, баланы оқытуды жек көрмедім» деп хәкім Абай айтқандай, мұғалімдіктің де өз қызығы бар. Бірақ қиындығы да аз емес, соны жеңе білген жан ғана шәкірт жүрегіне жол табады. Мен үшін оқушының сапалы білім, тәлімді тәрбие алуы маңызды. Шәкірт жетістігі – ұстаздың ерен еңбегінің нәтижесі, мұғалім мерейі. Бастысы – өз пәніңе деген білім шырағын жаға білу керек. Әрбір ұстаздың жетістігі  – шәкірттің та­бысқа жетуі. Егер әрбір мұғалім өз білгенін алдындағы шәкіртіне үйретіп, сол берген білімі оқушының болашақ өміріне ықпалын тигізсе, міне, тәлімгердің жетістігі сол бо­лады. Ұстаз жетістігінің шәкірт табысымен өлшенуі педагогикада қадым заманнан бері қалыптасқан заңдылық, – дейді ол.

Ізденіспен, терең оймен еңбек еткеннің нәтижесінде ұлағатты ұстаз көптеген жетістікке қол жеткізді. 27 жыл ішінде еңбегі елеусіз қалған жоқ.  Оның бәрін тізбектеп шығу мүмкін емес. Мәселен,  2019 жылы  ҚР Білім және ғылым министрінің «Құрмет» грамотасымен марапат­талды.  Сонымен қатар 2020 жылы  ұстаздық қызметтегі ерен еңбегі ҚР Президентінің мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақ­тастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін «Құрмет» грамотасына лайық деп танылды. 

Дегенмен, ол  үшін 2022 жыл жемісті болды. Биыл облыс­тық тамыз кеңесінде Роза Асылбек­қызына «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төс­белгісі тағылды. Сондай-ақ «Өрлеу» біліктілікті арт­тыру ұлт­тық орталығының «Құрмет» грамота­сымен марапатталды.

Үздік еңбегі үшін облыс, қала әкім­дерінің, түрлі қоғамдық және білім беру ұйымдарының «Құрмет» грамоталары мен алғыс хаттары да бар.

– «Ұстаз болу – жүректің ба­тырлығы» деген. Мұғалім болған соң мойныңа шәкірт тәрбиелеу­дің ауыр міндеті артылады. Мұғалім – ол жай ғана мамандық иесі емес. Ол – адал, әділетті, өз бойына бар жақсылықты жиған, өз білгенін басқаға сарқып беретін мейірімді жан. Ұстаз білгенін үйретуші ғана емес,  тұла бойы тұнған  өнеге, ақ тілеулі ана тәрізді барлық адамның бойынан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі, – дейді ол.

Роза Күзембаева ұстаздық қыз­­метпен қатар орыс тілі мен әдебиетінен ҰБТ, КТА, ГАШТ тест тапсырмаларын әзірлеуші және сарапшы, республикалық апел­ля­циялық комиссия мүшесі, об­лыстық, қалалық және ҰБТ апел­ляциялық комиссияларының мүшесі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің фило­логия факультеті студенттерінің дипломдық және ғылыми жұмыс­тарына рецензент қызметін атқара­ды. Сондай-ақ «Мәтінді жан-жақты талдау», «Орыс тілінің грам­матикасы, Теория және практика, «Көңілді лексика» «Тыныс белгі­лерінің қиын сұрақтары» сын­ды  көптеген авторлық құқық бағдар­ламасын шығарған.

Иә, шәкірт жүрегіне жол тауып, ұлағатты ұстаз атанып жүргендер баршылық. Дегенмен еңбегі зор құрметке лайық ұстаздарды наси­хаттағанды жөн көрдік. Себебі қала бойынша еңбегі бағаланып, көп ішінен дара шыққан ұстаз қандай құрметке болса да лайық.

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: